-0.1 C
Алматы
Пятница, 22 ноября 2024
  • Қазақ тілі
  • Русский
  • English
  • Қоғам

    Шымкентте зертхана қызметкерлері ереуілге шықты

    Шымкентте зертхана қызметкерлері ереуілге шықты. Себебі жұмыс істеп жүрген №1 қалалық клиникалық аурухана жақында жекеменшік қолға өтіп кеткен. Соның кесірінен жұмыс көбейіп, жалақымыз үш есеге азайып кетті, дейді жиналғандар. Ал осыны айтып арыз жазғандарды басшылық қудалай бастаған, деп хабарлады Qazweek.kz ақпарат агенттігі КТК телеарнасына сілтеме жасап.

    Шымкент қалалық клиникалық ауруханасының зертханашылары аурухананың сырттай сатылып кеткеніне ашулы. Себебі, өмір бойы аурухана қабырғасында жұмыс істеп жүрген оларды мамырда аурухана басшылығының өзі жекеменшікке өткізіп жіберген. «Қарсылық танытатын болсаңдар, мүлде жұмыссыз қаласыңдар деп қорқытты», дейді жиналғандар.

    «Бізді «Егер қол қоймасаңдар, мінездемелеріңізді теріс қып беремін, жұмысқа алғызбай қоямын» деп қорқытып, заң бабымен жұмыстан шығарамын деді. Бұл жерде бірінші кезекте сырқаттарға нұқсан келіп жатыр және жұмыс істеп жатқан бөлімде өзіміз сияқты кезекші дәрігерлер, кезекші медбикелер барлығының жұмыс сапасына нұқсан кеп жатыр», — дейді зертханашы Лескүл Ағыбаева.

    «Жұмысқа нұқсан келді» дегені 40 қызметкердің қазір 29-ы ғана қалған. Зертхананы қызметкерлерімен қоса сатып алған «Сұңқар Атырау» деп аталатын жекеменшік клиника басшысы кейбірін жұмыстан қуса, кейбіреуі еңбек шартына шыдамай өздері кеткен. Өйткені жұмыс көбейіп, айлығымыз үш есеге дейін қысқарып қалды дейді. «Қосымша ақша тапқыларың келсе, көшеде парақша таратып, клиент іздеңдер» депті басшылық.

    «Мамыр айының айлығы 10-маусым күні түсті, істеген сағатымызға байланысты 66 мыңмен 90 мың аралығында. Неге бұлай болды деген едік, сағаттарың 800 теңгеден есептеледі деді. Сонда біздің еңбек өтіліміз, санат, түнгі уақытта істеген қосымша қайда? «Осы бергенім берген, істесеңдер істеңдер, ұнатпасаңдар, шыға беріңдер» деді» — деп ашынды фельдшер-зертханашы Жанат Қуандықова.

    Ашуға булыққан әйелдер жекеменшікке өткізілген аурухананың бас дәрігеріне барған. Бірақ күзетшілер жолатпады. Біреуі ол «жиналысқа кетті» десе, біреуі «ота жасауға кіріп кетті» деп шатасты. Ал «Сұңқар Атырау» мекемесінің басшылары тіпті телефонын көтермеді.

    Осыған дейін әкім мен басқарма басшысына арыз жазған наразы топ прокуратура мен министрлікке шағым түсіреміз деп кеткен еді. Арада бірер сағат өткенде аурухана әкімдігі зертханашыларды қайта шақырды. Кенеттен пікірі өзгерген басшылар аурухана зертханасы жекеменшікке өткелі былыққа баттық деп мойындады.

     «Медициналық жағынан анализдердің бәрі бізге ол кісілерден келу керек қой. Оның бәрі орынды болмай жатыр. Біраз анализдер орнына келмей жатыр. Содан кейін науқастарға қиын. Қабылдау бөлімінде үш-төрт сағатқа дейін анализ күтеді. Иә, сол «Сұңқар Атырауға» өткелі бері. Бұған дейін мұндай нәрселер бір сағатта шешілетін», — дейді Шымкент қаласы №1 клиникалық ауруханасы бас дәрігерінің орынбасары Қаныбек Кешубаев.

    «Жұмыс сапасы нашарлады» дегендер енді жекеменшік зертханамен келісімшартты бұзып, жалға берген ғимаратты жекеге өтіп кеткен зертханашы мамандармен бірге қайтарып алмақ. Бірақ осыған дейін тәуір істеп тұрған зертхананы неліктен жекеге өткізгенін ешкім сол күйі түсіндіре алмады.

    қатысты посттар

    Артымнан мені бір жыл тексерді. Арыстанбек Мұхамедиұлы сұқбат берді

    Фариза

    Таразда қаңғыбас ер адам көпқабатты үйдің ауласында жатқан итті бірнеше күн бойы зорлаған

    Фариза

    Шымкенттік құтқарушылар мақтаарал ауданының су басқан елдімекендерінде көмек көрсетуде

    Фариза

    Пікір қалдыру

    four × 4 =

    * Используя эту форму, вы соглашаетесь с хранением и обработкой ваших данных на этом веб-сайте.