Биыл Қызылорда облысында «Жұмыспен қамтудың жол картасы» бағдарламасы шеңберінде 9463 адам жұмыспен қамтылды. Оның ішінде халықты жұмыспен қамту орталықтары арқылы 5513 адам жұмысқа орналастырылып, жоспар 90,7 пайызға орындалды. Бұл туралы облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Гаухар Қалмақова мәлімдеді.
«2021 жылы Жұмыспен қамту Жол картасы бағдарламасы өз жалғасын табатын болады. Қаржыландыру лимиті 14,6 миллиард теңге көлемінде. Оның 25 пайызы шағын несиелендіруге бағытталмақ. Келесі жылы тұрақты жұмыс орындарын құрумен қатар шағын және орта бизнесті қолдауға басымдық беріледі. Биыл 17602 жаңа жұмыс орынын ашу көзделсе, жоспар артығымен орындалып, 19805 тұрғын еңбекпен қамтылды. Оның 14761 тұрақты», – дейді Гаухар Амангелдіқызы.
Айта кетсек, облыс бойынша 2020 жылдың 3 тоқсанында жұмыспен қамтылған халық саны – 329700 адам. Ал жұмыссыздық деңгейі 4,9 пайызды, жастар арасындағы жұмыссыздық 4,2 пайызды құрайды.