Шымкентте қылмыс азайған. Бұл туралы Шымкент қаласы Полиция Департаментінің бастығы, полиция полковнигі Ералы Жұмаханбетов мәлімдеді. Департамент басшысының дерегінше, қазіргі таңда карантинге байланысты қалада 2000-нан астам адам тәулік бойы 3 ауысымда қызмет етуде. Оған 1206 полиция қызметкері, №35748 Әскери бөлімінің 196 сарбазы, 559 Ұлттық Ұлан сарбазы және 216 медицина мамандары жұмылдырылған. Айта кетерлігі, жыл басынан қала аумағында жалпы қылмыстың саны 17%-ға, төтенше жағдай кезінде 39%-ға төмендеп отыр. «Коронавирус індетінің алдын алу бағытында полицейлер тарапынан үгіт-насихат және түсіндіру жұмыстары күшейтілді. Қалада қауіпті індетке орай 60 ошақ пен 6 провизорлық орталық бар. Көшелер мен қиылыстарда 20 бұғаттау бекеті қойылып, оған 300-дей полиция қызметкері жұмылдырылды. Көліктер мен азаматтардың қозғалысы қызметтік планшеттердің көмегімен қатаң тексеріліп жатыр. Рұқсаты жоқ автокөліктердің қозғалысына жол берілмеуде», — дейді Полиция департаментінің басшысы. Ералы Жұмаханбетов атап өткендей, Шымкенттің кіреберістеріндегі 18 блок-бекетте бүгінде 195 полиция қызметкері жұмылдырылған. Осы күнге дейін блок-бекеттерден жалпы 67367 автокөлік (47836 азамат) тексерілген. Оның ішінде қаладан шыққан 12130 автокөлік (16289 азамат); қалаға кірген 20803 (26962 азамат); транзит 2790 (4585 азамат) тексеріліп өткізілген; рұқсаты жоқ 31653 автокөлік өткізілмей, қайтарылған. Төтенше жағдай кезеңінде, қойылған шектеулер мен санитарлық талаптарды сақтамағаны үшін 869 тұлғаға ӘҚБтК-нің 476-бабымен әкімшілік хаттама толтырылған. Оның 354-і бойынша Мамандандырылған әкімшілік сотымен шешім қабылданып, 76 жайт бойынша тұлғалар әкімшілік қамауға алынған, 127 тұлғаға айыппұл салынған, 151 тұлғаға ескерту берілген. Сондай-ақ төтенше жағдай кезеңінде 6 қылмыстық іс тіркелген.
Мониторинг жүргізу барысында көшеде бейберекет жүргендер, көпқабатты үйлердің ауласында балалары бетпердесіз және ата-ана қарауынсыз жүргендері анықталуда. Қабылданып жатқан шаралар ең алдымен індеттің таралуына жол бермеуге және азаматтардың өмірі мен денсаулығына қауіп төндірмеуге бағытталған. Азаматтардың тарапынан құқықбұзушылықтар орын алған жағдайда ҚР ӘҚБтК-нің 476-бабы бойынша әкімшілік шара қолданылады. Сын сағатта бірлесе отырып, күш-жігерімізді жұмылдырсақ, бұл індетті жеңіп шығамыз, — деді Е. Жұмаханбетов.
Дайындаған: Г. Қапал