-1.1 C
Алматы
Пятница, 22 ноября 2024
  • Қазақ тілі
  • Русский
  • English
  • Билік және саясат Саясат

    Еуразиялық Одақ шарттарын орындамаған Ресейге Қазақстан жауап берді

    Ресей Еуразиялық одақтың ортақ шарттарын белден басып, одақтастар экономикасына өз тауарын тықпалаумен айналысып отыр. Одаққа қосылған Орта Азия елдерінің өнімдерін орта жолдан тоқтатып, өз нарығына өткізбеудің қамын жеуде. 

    “Осы күнге дейін Ресейдің қабағына қарап келген Қазақстан одақ аясындағы Кремльдің көзге ұрып тұрған әділетсіз саясатына қарсы жауап қатпақ” деп хабарлайды Dalanews.kz inozpress.kg сайтына сілтеме жасап.

    Қазақстанның сауда және интеграция министрлігі өткенде ғана елдің 2025 жылға дейінгі сауда саясатын айқындайтын мем.бағдарлама әзірледі.

    Ресми билік ашып айтпаса да, бұл құжат Қазақстанның тарапынан Ресейдің астамшыл сауда-экономикалық саясатына жауап ретінде қабылданып отыр.

    “Еуразиялық одақ кеңістігінде қазақстандық тауарлар мен қызметтердің еркін айналымына кедергі келтіретін шектеулер мен тыйымдарды анықтау әрі оларды жою жұмыстарын жеделдету қажет” – делінген бұл құжаттың негізгі түйінінде.

    Нұр-Сұлтанда әзірленген жаңа сауда концепциясы “ішкі нарықты қорғауда сауатты саясат жүргізген мемлекеттердің тәжірибесі жүгініп” әзірленген. Соған сай бұдан былай мемлекет қазақстандық компанияларға дипломатиялық қолдау көрсететін болады.

    Мемлекеттің бағдарламада одақтас болса да Ресейдің өз өндірушілерін қолдап, өзгелерді кеудеден итеріп отырғаны астарлап айтылған.

    “Кедергілер мен тыйымдарды шектен тыс қолданатын кейбір шет мемлекеттердің протекционистік саясаты салдарынан Қазақстанда жасалған тауарлар мен қызмет түрлері осы шектеудің тұзағына түсуі мүмкін” – делінген Қазақстанның 2025 жылға дейінгі сауда саясаты жөніндегі мем.бағдарламада.

    Бағдарлама талабына сай тауарын одақтастар нарығына тасымалдағысы бар кәсіпкерлер мен мем.органдар жаңа сауда саясатын жүзеге асыруға бірлесіп атсалысуы керек, былайша айтқанда “ішкі нарықты қорғайтын ұсыныстарды әрі оларды жүзеге асыру жолдарын бірлесіп ойласуы” тиіс.

    Осы мақсатта Қазақстанның сауда және интеграция министрлігі сауда-саттық мәселесіне қатысты шұғыл штаб құруда. Оның құрамына барлық мем.органдар, экономикалық мәселемен айналысатын институттар кіреді. Штабта қабылданған шешімдер мемлекеттің сауда саясатындағы ұстанымын айшықтады.

    “Қабылданған іс-шаралар халықаралық құқық пен Қазақстанның халықаралық келісімшарттары шеңберінде елдің экономикалық мүддесін ескере отырып, әрі оны тиімді қорғау мақсатында енгізіледі”, – делінген осы құжатта.

    Қазақстан сонымен бірге сыртқа саудадағы қауіп-қатерге дер кезінде жауап қату үшін қолданыстағы заңнамаға өзгеріс енгізеді.

    Сарапшылар пікірінше Ресейдің одақ қағидасына қайшы келетін іс-әрекеттері Қазақстанды осындай қадамға баруға мәжбүрледі.

    Ресей нарығына кірерде түрлі кедергіге тап болған, жасанды шектеулердің тұзағына түсіп шекарада тұрып қалған, тіпті ресейлік құзырлы органдар тарапынан қудалауға ұшыраған қазақстандық кәсіпкерлердің талабы ақыры Үкіметке жетті.

    Қазақстан билігі өз кәсіпкерлерінің сойылын соғатын кез келгенін енді түсінгендей.  Бұған дейін бұл елдің Ресей нарығында қысымға ұшыраған қазақстандық кәсіпкерлерге қатысты арыз-шағымы ескерілмей келген еді.

    Саясаттанушы Расұл Жұмалының пікірінше Еуразиялық одақтың шарттары ресейлік кәсіпкерлер үшін қолайлы. Ал олардың одақ аясындағы әріптестері осы күнге дейін теңсіздік пен заңсыздыққа көніп келді.

    “Ресей өзін ғана ойлайды. Нарықтық қағидаларға мүлде қатысы жоқ өз ережесімен өмір сүреді. Одақтастар мемлекеттердің кәсіпкерлерін басып-жаншып, ортақ нарықтан ығыстырғысы келетіні соның дәлелі” – дейді ол.

    “Біз осы күнге дейін көніп келдік. Төзім келдік. Ресейдің өзін ғана ойлайтын сауда-экономикалық саясатына бұдан былай тоқтау салуымыз керек”, – дейді өз кезегінде экономист Денис Кривошей.

    Қырғызстанның көңілі толмайды, Өзбекстан қосылмайды

    Еуразиялық одаққа Қырғызстанның көңілі толмайды. Одақ құрамына осыдан 5 жыл бұрын қосылған бұл елде осы бір ұйымды қолдамайтын ауқымды аудитория бар.

    “Одақтың ел экономикасына кері әсері көп деп есептейтіндердің қатары өткен жылмен салыстырғанда 10 пайызға өскен”, – дейді мың жарымға тарта қырғыз азаматымен сауалдасқан Халықаралық республикалық институт мамандары.

    Өзбекстан да Еуразиялық одаққа қосылуға құлшынып тұрған жоқ.

    Өткен айда өзбек басшысы Шавкат Мирзияев Ресей билеп-төстеп отырған одаққа Өзбекстанның қосылмайтынын айтқан.

    – Біздің көптеген азаматтарымыз Қазақстан мен Ресейге барып жұмыс істейді. Әрине, бұған бей-жай қарай алмайтынымыз анық. Бірақ мен бір жайтты ашып айтайын, халықтың көкейінде күмән-күдік болмасын. Бізді ешқандай ел ешқашан тәуелсіздікті айыра алмайды. Тәуелсіздік халық сенім артқан президенттің қолында. Біз Еуразиялық экономикалық одаққа мүше болмаймыз,  – деген еді Шавкат Мирзияев.

    Сонымен қатар Өзбекстан президенті Еуразиялық экономикалық одаққа бақылаушы болу, мүше болу емес екенін де халықтың есіне салды және аталмаш одақпен қарым-қатынас кезінде Өзбекстанның ұлттық мүддесі бірінші орында тұратынын алға тартты.

    Өзбек саясаттанушысы Фархад Төліптің пікірінше Өзбекстан үшін егемендігін сақтау ең басты ұстаным.

    “Осы одақты құрған Ресей бір кездері  Қызыл империя құрамында болған елдерді қайта қайтаруды көздейді, баяғыдай жеке дара билік құрғанды мақсат тұтады. Бұл Орта Азиядағы елдердің тәуелсіздігіне төнген тікелей қауіп” дейді ол.

    Оның айтуынша бұл одақ Өзбекстанға экономикалық тұрғыдан бүгін де, ертең де ешбір пайда әкелмейді.

    Бұдан бұрын Еуразия экономикалық комиссия Алқасының төрағасы Михаил Мясниковичпен ҚР Парламенті Сенатының төрағасы Дариға Назарбаева Ресеймен  сауда барысында қазақстандық бизнес тап болатын кедергілерге тоқталған.

    “Атқарылған жұмыстарға қарамастан, кедергілер мен тосқауылдар азайған жоқ, қайта көбейе түсуде.

    Бүгінде келісілген кедергілер тізілімі 66 тармақтан тұрады. Кезінде бұл тізілім 60-тан басталатын. Бұл көрсеткішті азайтудың орнына, біз жыл санап жаңа кедергілер жасап немесе бұрынғыларды жоя алмай, санын көбейтіп отырмыз”, – деді Назарбаева.

    Экс-президент Назарбаев Еуразия экономикалық кеңесінің отырысына кедергілер жойылмай одақтың толыққанды жұмыс істемейтінін тілге тиек еткен.

    “Бізге 2025 жылға қарай өзара саудадағы барлық кедергіні жою қажет. Бұл – бірлестігіміздің толыққанды қызмет етуінің маңызды талабы”, – деген Назарбаев.

    Дереккөзі

    қатысты посттар

    Түркістан облысында корпоративтен «қашқан» шенеуніктер видеоға түсіп қалды

    Фариза

    Аятолла Хаманеи: АҚШ-пен соғыспаймыз…

    «Әкемнің қасына отыруға таласамыз: Жәкішевтың баласы оның қазіргі бостандықтағы өмірі жайлы айтып берді

    Фариза

    Пікір қалдыру

    four + 6 =

    * Используя эту форму, вы соглашаетесь с хранением и обработкой ваших данных на этом веб-сайте.