“Кепілдендірілген әлеуметтік топтама” аясында азық-түлік және тұрмыстық химия өнімдері жиынтығын жергілікті әкімдіктер алдағы ақпан айынан бере бастайды.
Үкімет басшысының орынбасары Бердібек Сапарбаев тұрмысы төмен отбасыларға берілетін әлеуметтік ID картасын енгізуге қатысты пилоттық жоба дайындалып жатқанын айтты, деп хабарлайды Qazweek.kz ақпарат агенттігі Nege.kz порталына сілтеме жасап.
“Жоба былтыр қолға алынды. Жуырда АӘК арнайы ID карта арқылы ғана беріледі. Бүгінде бұл карта жобасы Ақтөбе, Атырау, Павлодар облыстарында және Алматыда іске қосылды. Енді оны Қостанай мен Маңғыстау қалаларында жүзеге асырамыз.
Барлығы әлеуметтік карта арқылы жүргізіледі. Магнум супермаркетіне арнайы соқтым, онда барлық әлеуметтік жиынтық арнайы карта арқылы берілетін болады.
Балаларға берілетін ол тауарларды жергілікті атқарушы билік сатып алады. Үкімет қаулысына сәйкес, өнімдер бір көзден алынады. Тауарды сақтаумен тендерде жеңген сауда ұйымы айналысады. Ал жеткізу жергілікті органдарға жүктелген”, – деді Б.Сапарбаев.
Ол аз қамтылған отбасыларға көмекті не себепті азық-түлік және басқа да тауармен, жөргек секілді гигиена заттарымен беру туралы шешім қабылданғанын түсіндірді.
“Біз осының алдында көптеген елдің тәжірибесін зерделедік. Мұндай көмек түрі Еуропа мен Азияның ірі елдерінде бар. Содан ақшалай емес, өніммен беруді ұйғардық.
Себебі бұдан бұрын ақшалай төленген АӘК ақшасын бөтен мақсаттарға пайдаланғандар бар: кредитін өтеген, қымбат ұялы телефон сатып алған.
Ал біздің мақсатымыз – мемлекет ақшасы балалардың мұқтажына ғана жұмсалуы қажет”, – деді ол.
Премьер-Министрдің орынбасары “кепілдендірілген әлеуметтік топтама” аясында азық-түлік және тұрмыстық химия өнімдері жиынтығын жергілікті әкімдіктер алдағы ақпан айынан беріле бастайтынын хабарлады.