-0.1 C
Алматы
Пятница, 22 ноября 2024
  • Қазақ тілі
  • Русский
  • English
  • Билік және саясат

    Тәуелсіздік күні белсенділерді ұстау жалғасты (видео)

    Желтоқсанның 16-ы күні Қазақстанның бірнеше қаласында полиция белсенділерді ұстап жатқаны жайлы хабар тарады. Билік бұған дейін осы күні рұқсат етілмеген шеруге шықпау жайлы ескерткен. Мейрам қарсаңында елде оннан астам белсенді әкімшілік қамауға алынған, деп хабарлайды Qazweek.kz ақпарат агенттігі Азаттық радиосына сілтеме жасап.

    МЕРЕКЕ КҮНГІ ҰСТАУЛАР

    Желтоқсанның 16-ы, Тәуелсіздік күні таңертең Алматы мен Нұр-Сұлтанда белсенділер тобы 1986 жылғы Алматыдағы Желтоқсан оқиғасында және 2011 жылы Жаңаөзен қаласында полицияның халыққа оқ атуынан құрбан болғандарды еске алуға жиналды.

    Азаттық Алматы мен Нұр-Сұлтандағы акциялардан тікелей эфирде хабар таратты:

    Алматыдағы Сәтпаев пен Желтоқсан көшелерінің қиылысындағы «Тәуелсіздік таңы» ескерткішінің алдына жиналғандар арасында «30 жыл бос сөзді тыңдап шаршадық, өмірді жақсартуды талап етеміз!», «Саяси тұтқындар босатылсын!» деп талап айтушылар болды. Олармен сөз таластырған енді бір топ қазір шетелде қуғында жүрген Мұхтар Әблязовты айыптап айғайлай бастады.

    Тәуелсіздік ескерткіші алдында құран бағыштап отырған адамдар. Алматы, 16 желтоқсан 2019 жыл.
    Тәуелсіздік ескерткіші алдында құран бағыштап отырған адамдар. Алматы, 16 желтоқсан 2019 жыл.

    Мейрам күні таңертең Шымкент қаласында 1986 жылғы Алматыдағы Желтоқсан оқиғасында және 2011 жылы Жаңаөзен қаласында полицияның халыққа оқ атуынан құрбан болғандарды еске алып, Желтоқсан қаһарманы Қайрат Рысқұлбековтің құрметіне ілінген тақтайшаның алдына гүл қоюға бара жатқан жергілікті белсенді Дәулет Насырұлын полиция аялдамада тұрған жерінен ұстаған. Бұл туралы таңертеңгі сағат 10.30 шамасында Азаттық тілшісіне белсендінің өзі хабарлап, Шымкенттегі Абай ауданы ішкі істер бөлімінде отырғанын айтты.

    Шымкент тұрғыны Жақсылық Қайыровты да Қайрат Рысқұлбековке орнатылған ескерткіш тақтайшаның алдына барған кезде ұстап, полициға әкеткен.

    "Шеру болады " деп көрсетілген жерді бақылап тұрған полиция қызметкерлері. Шымкент, 16 желтоқсан 2019 жыл.
    «Шеру болады » деп көрсетілген жерді бақылап тұрған полиция қызметкерлері. Шымкент, 16 желтоқсан 2019 жыл.

    Шымкенттік белсенді Өмір Шыныбекұлы жексенбінің кешінен бастап үйінің сыртында полиция тұрғанын айтады. Ақтау қаласында да белсенділерді полиция бақылауға алғаны туралы әлеуметтік желіде тікелей трансляция жасаған азаматтық белсенді Айгүл Ақберді хабарлады.

    Қарағанды қаласында учаскелік инспектор полиция бөліміне «әңгімелесуге» шақырып жатқанын айтып, жергілікті белсенді Мұрат Жиымбаевқа шақыру қағазын тапсырған. «Шақыру қағазына мөр соғылмаған» дейді белсенді.

    Батыс Қазақстан облысы орталығы Орал қаласында дүйсенбі күні таңертең жергілікті «Уральская неделя» газетінің редакторы Лұқпан Ахмедьяровты полиция бөлімшесіне әкеткен. Бұл туралы журналист Азаттық тілшісіне телефонмен хабарлады.

    — Қазір ғана үйімнің алдынан ұстады. Мені полицияға апара жатыр. Полицияның айтуынша, тергеуші «бір қылмыстық іс бойынша мені бөлімшеге жеткізуге тапсырған-мыс». Қандай іс екенін нақты білмейді, — деді ол.

    Алматыда Айнұр Искакова есімді қолданушы Facebook әлеуметтік желісінде тікелей эфирге шығып, өзін полицияның «шақырусыз» бөлімшеге алып кетпек болғанын хабарлады.

    Алматылық белсенді Құрал Сейітханұлы дүйсенбі күні таңертеңгі сағат 10.30 шамасында Facebook-тағы парақшасына «Мен ұсталып қалдым. Екі күн бұрын басқа пәтерге көшіп едім. Осы жаңа ғана үйге үш полиция келді. Бүгін кешке дейін не үйіңде отырасың немесе РОВД-да отырасың деді» деп жазды. Белсенді Мұрат Шормановты үйінің алдынан ұстап, Алатау ауданы полиция басқармасына жеткізген.

    Шымкентте белгісіз біреулер интернеттегі арнайы сайтқа Азаттықтың жергілікті тілшісінің телефон нөмерін көрсетіп, «арзан көлік сатамын» деген хабарландыру іліп қойған. Мейрам күні таңертең үйінен шыққан тілшіміз белгісіз екі-үш адам қыр соңынан қалмай, ілесіп жүргенін айтады.

    Азаматтық белсенді Сақып Жаңабаеваның хабарлауынша, Алматыда полиция Бағила Нұрғалиева, Мәдина Хабибулла мен Рашид Хабибулланың (2006 жылы шілденің 14-і күні Алматыдағы Шаңырақ ықшамауданында тұрғын үйлерді сүру туралы сот шешімін орындауға барған полиция мен жергілікті тұрғындар арасында болған қақтығыстан кейін «Шаңырақ ісі» бойынша 18 жылға сотталып, қазір түрмеде жазасын өтеп жатқан диссидент ақын Арон Атабектің бауыры) ұсталғаны туралы хабарлады.

    Полиция бұл оқиғаларға байланысты әзірге түсініктеме берген жоқ.

    Таңертеңнен бері бірнеше аймақтағы белсенділер полицияның бақылау орнатып, кейбіреуді бөлімшеге әкетіп жатқаны туралы хабарлады. Мереке қарсаңында Ақтөбе қаласында полиция бірнеше жергілікті белсендінің үйін аралап, дүйсенбіде полиция бөлімшесіне келуді талап еткен шақыру қағазын тапсырды.

    Бұған дейін Алматы мен Нұр-Сұлтанда «бейбіт жиын өткізу тәртібін бұзды» деген айыппен белсенділер әкімшілік қамауға алынған болатын. Жергілікті құқық қорғаушылардың дерегінше, жиырмадан астам белсенді қамауда отыр. Кейбір құқық қорғаушылар мен белсенділер мұны Тәуелсіздік күні өтуі мүмкін шеруді «болдырмаудың амалы» деп есептейді.

    «ЗАҢСЫЗ ШЕРУ» ТУРАЛЫ ПРОКУРАТУРА ЕСКЕРТУІ

    Желтоқсанның 15-і күні бас прокуратура Тәуелсіздік күні рұқсат етілмеген митингіге шыққандар «заңға сәйкес жауапқа тартылатыны» туралы ескерту таратқан. Қазақстанда бейбіт шеру, митингіге шығу үшін азаматтар жергілікті әкімдіктен алдын ала рұқсат алуы тиіс. Билік рұқсат берілмеген митингінің бәрін «заңсыз» деп тауып, қатысушыларын ұстап, жауапқа тартады. Құқық қорғаушылар бұл заңды сынап келеді.

    Бұған дейін «Қазақстанның демократиялық таңдауы» (ҚДТ) қозғалысы жұртты Тәуелсіздік күні наразылық шеруіне шақырған болатын.

    2018 жылы наурызда Қазақстан соты елдің бас прокуратурасының сұрауымен ҚДТ қозғалысын «экстремистік» деп танып, ел аумағында қызметіне тыйым салған. 2009 жылдан бері шетелде тұрып жатқан экс-банкир, Қазақстан билігін сынаушы әрі осы қозғалыстың жетекшісі Мұхтар Әблязов ҚДТ қозғалысын «экстремистік» деп таныған Қазақстан сотының шешімімен келіспейді. 2019 жылы наурызда Еуропарламент Қазақстандағы адам құқығының жағдайына қатысты қабылдаған резолюциясында ҚДТ-ны «бейбіт оппозициялық қозғалыс» деп атаған.

    Алматыда желтоқсанның 16-ы күні шеру өткізу туралы бастама көтерген «Oyan, Qazaqstan» азаматтық қозғалысының белсенділері де мереке қарсаңында қысымға тап болғаны туралы хабарлаған. Мереке күні қозғалыс белсенділері Республика алаңындағы Тәуелсіздік ескерткіші алдына жиналып, «Оян, Қазақстан!» деп айғайлады, оларға қосылған адамдар «Назарбаев кетсін!» деп ұрандады.

    Желтоқсанның 16-сы – Қазақстан Тәуелсіздік тәуелсіздігі күні. 1991 жылы дәл осы күні Қазақстан тәуелсіздік туралы декларация қабылдаған. Арада тура 20 жыл өткенде, 2011 жылы желтоқсанның 16-сы күні Маңғыстау облысындағы Жаңаөзен қаласында еңбек жағдайын жақсартуды талап еткен жергілікті мұнай компаниясы жұмысшыларының бірнеше айға созылған бейбіт наразылық акциясын полиция оқ атып таратқан. Ресми мәлімет бойынша, бұл оқиға салдарынан 17 адам (біреуі – Шетпе станциясында) мерт болған.

    1986 жылы желтоқсанның 16-сы күні Мәскеудегі билік Қазақ ССР-інің басшысы Дінмұхамед Қонаевты қызметтен алып, орнына республикаға бейтаныс Геннадий Колбинді тағайындаған. Бұл шешімге наразылық білдіріп Алматыдағы орталық алаңға бейбіт шеруге шыққан студент және жұмысшы қазақ жастарын билік қатыгездікпен басып-жаншыған.

    қатысты посттар

    Дезинфекция жасаушылар есепке арналған «әдемі» суретке әлек болып жүргенде, Қазақстанды коронавирустың ошағына айналдырып жібермек

    Фариза

    Тұңғыш президент кеңсесіне бюджеттен 7 миллиард теңге бөлінбек

    Фариза

    «Шетелдік инвестицияларсыз өмір сүре алмаймыз…» — Тоқаев

    Пікір қалдыру

    3 + seventeen =

    * Используя эту форму, вы соглашаетесь с хранением и обработкой ваших данных на этом веб-сайте.