АҚШ-тың Массачусетс штатында 17 жастағы Дэвин Айсулу Такэбери қайтыс болды. Некрологтар жас жігіттің Қазақстанда өмірге келгенін жеткізді. Жеткіншектің қазасы туралы бірнеше шетелдік БАҚ жарыса жазды. Алайда, оның қазасының себебі айтылмай отыр. Астана телеарнасы Дэвин Айсулу Такэбери туралы тың деректермен бөлісті деп хабарлайдЫ Qazweek.kz ақпарат агенттігі.
Телеарна мәліметінше, Дэвин 2001 жылы 16 қазанда Қостанайда өмірге келген.
Марқұмның шын есімі — Айсұлу.
Оны 1 жас 2 айлық шағында америкалық отбасы бауырына басыпты.
Зерек бала кішкентайынан гимнастика, би және сурет салумен айналысқан.
Фото саласында ұлттық марапаттарға ие болған.
Қысқа ғана ғұмырында үлкен жетістікке жеткен жігіт жайында шетелдік басылымдар бірнеше рет жазды.
АҚШ-қа Диана деген жаңа есімді алып кеткен өрімдей қыздың, кейіннен қалайша Дэвинге айналып кеткені белгісіз.
Қаза тапқан жеткіншек туралы «Дельфин» сәбилер үйінің бас дәрігері Өмірбек Байкенов пікір білдірді.
«Ол баланың бізден кеткеніне ұзақ уақыт өтті. Архивты ақтарып отырып, оның бізге 1 айлық кезінде түскенін анықтап отырмыз. Оны 2002 жылдың 10 желтоқсанында оны асырап алып кетті. Денсаулығында еш ауытқу болмаған. Біздің балалардың барлығының да дені сау», — деді ол.
Еске сала кетсек, осыған дейін Қазақстанда өмірге келіп, шетелдіктер асырап алған жеткіншек АҚШ-та көз жұмғанын жазған болатынбыз.