Семейде ҚР мемлекеттік рәміздер күніне орай «Менің Қазақстаным» патриоттар форумы өтті . Форум аясында ұйымдастырылған вело-мото-авто шеруге қатысқан 50-ден астам жас, мемлекеттік туды қолға алып қаланың басты көшелерімен жүріп өтті. Авто шеру орталық алаңда мәресіне жетіп, жылдамдықты сүйетін жастар патриоттар форумына қатысты. Әскери оркестрдің дыбысымен орталық алаңға ҚР Мемлекеттік Туы қойылып, қатысушылар ел әнұранын шырқады.
— Бұл мереке, еліміздің Туын, Елтаңбасын және Әнұранын құрметтеу күні, — деді қала әкімінің орынбасары Айдар Садырбаев. — Сіздерді осы күнмен құттықтаймын. Баршаңызға бейбітшілік пен амандық тілеймін, біздің көпұлтты еліміздің аспаны туымыздың түсіндей ашық болсын!
Форум делегаттары қатарында ҚР Президентінің сайлауына алғаш рет қатысатын жастар мен даңқты спортшылар да болды. Олардың арасында «Әлем Барысы» турнирінің екі дүркін жеңімпазы Айбек Нұғымаров бар. Форум қатысушылары жақында «Қазақстан барысы» республикалық турниріне аттанатын жерлесімізге қолдау көрсетіп, алдағы жарыста жеңіс тіледі. «Менің Қазақстаным» патриоттар форумы үлкен мерекелік концертпен аяқталды.