Өскемендегі қоғамдық көліктерде электронды билеттендіру жүйесі биылдан бастап енгізілетін болды. Бүгінгі күні екінші мәрте конкурс жарияланып, жобаны жүзеге асыруға ниетті компаниялар анықталуда.
Естеріңізге сала кетейік, алғашқы конкурс былтырғы желтоқсан айына белгіленген, алайда өтінімдердің жоқтығынан ол өтпеген. Екіншісі биыл мамырдың соңында жарияланды. ШҚО бойынша мемлекеттік-жекеменшік әріптестік аймақтық орталығының басқарма төрағасы Шәкәрім Бұқтұғұтовтың айтуынша, конкурсқа отандық кәсіпорындардан бөлек Ресей мен Беларусьтің компаниялары да қызығушылық танытқан. Мемлекеттік-жекеменшік серіктестік аясында іске асырылатын жобаның жалпы құны 1 млрд. теңгенің үстінде. Бұл шығынның 70 пайызы инвесторлардың қаржысы есебінен, қалғаны облыс бюджетінен өтеледі.
– Электронды билеттендіру жүйесін енгізу – табыстың көзі. Айталық, Алматыда осы жүйенің көмегімен тасымалдаушылардың кірісі төрт есеге өскен. Бізде де солай болуы тиіс. Нәтижесінде қызмет сапасы арта түседі, ‒ деп түсіндірді Шығыс Қазақстан облысының әкімі Даниал Ахметов.
Мамандардың айтуынша, бұл жүйе алдымен облыс орталығындағы 28 трамвайға орнатылмақ, содан кейін қала ішінде жолаушылар тасымалдайтын 558 автобуста іске қосылады. Жолаушылар жол ақысын төлем картасы арқылы төлейді. Өскемен қаласы үшін 100 мыңнан астам төлем картасын шығару көзделіп отыр.
Айта кетейік, жаңа жүйенің енгізілуімен билет бағасы қымбаттамайды және кондукторлар жұмыссыз қалмайды.
Қуан Сейіт