Шу ауданында жабайы құстар мен үй құстары да ветеринар мамандарының бақылауында. Жоспарға сәйкес мамандар құстардан да арнайы сынамалар алып, зерттеу жұмыстарын жүргізеді. Бұл тұрғындар тұтынатын азық-түлік қауіпсіздігі үшін маңызды. Бұдан өзге биыл ауданда төрт-түлікке де профилактикалық шаралар жүргізілген .
Шу ауданы бойынша соңғы екі жылда шеттен әкелінген мал басы тіркелмеген.
Аудан бойынша шаруашылықтарда асыл тұқымды малдардың мемлекеттік кітабын жүргізу және шығару мал иелерінің қолында болғандықтан ветеринар мамандар тек емдеу жұмыстарын ғана жүргізеді. Аудан бойынша барлық мал дәрігерлері жұмыла отырып, халықпен, жеке кәсіпкерлермен, шаруа қожалықтарымен түсіндірме жұмыстарын жүргізе отырып, жұмыс жасауда.
Шу ауданының ветеринариялық станциясында 140 қызметкерлер еңбек етеді . Үкімет қаулысымен бекітілген мөлшермен жалақы төленеді. Арнайы киіммен қамтамасыз етілген. Эпизотиялық жағдай тұрақты. Осы мерзімге дейін 95 мың бас мүйізді ірі қараға аусылға қарсы вакцина салдық. Сібір жарасы, туберкулез, қарасан, құс тұмауына қарсы да екпе ектік. Күрделі мәселелердің бірі қаңғыбас иттер мен мысықтарға арналған арнайы питомниктің жоқтығы. Қаражат қарастырылса бұл мәселе де өз шешімін табады деп ойлаймын дейді, — ветеринариялық станцияның басшысы.
Жыл басынан 60701 бас мүйізді ірі қара малынан, 494407 бас мүйізді ұсақ малынан қан сынамалары алынып, аудандық ветеринариялық зертханаға жеткізіліп зерттелген. Нәтижесінде 9 бастан сарып ауруы анықталып, сойылып, қайта өңдеуге жолданды.
Сондай-ақ, мал базарына келген жануарлардың ілеспе құжаттамаларын, құлақ жапсырмаларының бары жоғын байқау, тіркеу журналының толтыруын, клиникалық тексеруден өткізу, мал базарының ветеринариялық-санитариялық талаптарының сақталуы туралы жұмыстар атқарылуда.
Мал базарына келіп түскен ауыл шаруашылығы малдары толық клиникалық тексеруден өткізілуде. Арнайы келісіммен мал базарына кезекшілік ұйымдастырылып, кестесі бекітілген.
Биыл басқарма тарапынан ұйымдастырылған «Жаңа қадам – Жаңа бағыт» іс-шараларына сәйкес оқыту-семинарлар өткізіліп, аудандағы 13 ветеринар маманына сертификат тапсырылған. Бұл бағытта «Асылдандыру-Тараз» ЖШС мен аудандық ветеринариялық станциялар қолдан ұрықтандыру бойынша қызметтер көрсету жөнінде келісім-шарт жасалып, берілген өтініші бойынша асыл тұқымды жануарлардың 200 ұрықтары ауданға жеткізіліп, 18 бас мүйізді ірі қара ұрықтандырылған.