Тау тұлғалы телегей талант, қазақ әдебиетінің аса көрнекті өкілі, Қазақстан Республикасы Мемлекеттік сыйлығының иегері, Қазақстанның халық жазушысы, ақын, халқының ардақты ұлы Қадыр Мырза Әлидің еліміз егемендік алған тұста мемлекеттігімізді қалыптастыру жолындағы ерен еңбегін көпшілік қауым біле бермейді. «Қандай бақыт қыранша өмір сүріп, Қандай бақыт қыранша өле білген…» деп жырлаған қыран тағдырлы таланттың, әсіресе, ана тіліміз – қазақ тілін мемелкеттік тіл етіп сақтап қалуда қайраткерлік танытқаны соңғы кездері ұмытылып барады…
Ана тіліміздің тағдыры шешілген шешуші жиынның бірінде Қадыр ақынның тапқырлығы туралы бала кезден естіп өскенмін. Кейіннен осы оқиғаның анық-қанығын жазушының өз аузынан естуге мүмкіндік туды. Бұл туралы сәл кейінірек.
Алдымен халқының бағына біткен қабырғалы ақынмен қалай, қайда танысып едім? Әуелі осыдан бастасақ.
Осыдан тура 13 жыл бұрын Қадыр аға Сыр еліне, оның ішінде, топырағына өлең мен өнер қатар түнеген өнер ордасы – қасиетті Қармақшы ауданына сапарлап келгенде ол кісімен кездесудің, ақын ағаның батасын алудың сәті түскен еді.
Әлі есімде, 2008 жылдың 25-ші шілдесі болатын. «Белгілі ақын, драматург, жазушы, сыншы, ең бастысы халқы ерекше қастерлеп, қадір тұтқан ел ағасы Қадыр Мырза Әли келе жатыр. Жас та болсаң болашағынан көп үміт күттіретін бала деп, сені алдыңғы буын азулы ақындардың қатарына қосып, ағаңмен жақынырақ әңгіме-дүкен құратын адамдардың тізіміне жаздық. Ағаңа арнап өлең жазып, халықпен кездесуде оқып берсең қайтеді?! Әрі жас буын ақындардан жалғыз өзің ғана болып отырсың», – деп ақын аға ауданға ат басын бұрардан бір күн бұрын сол кездегі аудан әкімінің идеология жөніндегі орынбасары Ерлан Қалиев хабарласып, қолқа салған еді. Заманының заңғар тұлғасы Қадыр ағамен кездесу, оның алдында ақынға арнап жыр оқу екінің біріне бұйыра бермейтін бақыт екені ақиқат. Мұндай мүмкіндік 9-сыныптың оқушысына күнде кездесе бермейтіні де шындық. Бірден келісімімді беріп, Қадыр ағаны асыға күттім.
Осылайша Қадыр ақын біздің ауданға қадам басты. Бәрі әлі күнге дейін көз алдымда. Күннің ми қайнатқан аптап ыстығына қарамастан аудандық Мәдениет үйіне халық көп жиналды. Зал лық толы. Басым көпшілігі – «Қадыр ақынды көріп, батасын алайық, жырын естиік» деген тілекпен ауданға ауыл-ауылдардан ағылған тұрғындар болды.
Қармақшы халқымен жылы амандық-саулық сұрасып, төрден орын алған Қадыр аға халықтың ыстық қошеметіне бөленді. Кездесуді белгілі ақын-журналист, аудандық «Қармақшы таңы» газетінің бас редакторы Алтай Үсенұлы жүргізіп отырды. Кешті салтанатты түрде ашқан сол кездегі аудан әкімі Биғали Қаюпов Қадыр ағаны сонау тәуелсіздік алған жылдардан бері танитындығын, бірге қызмет еткендігін айтып, ақынның өмірі және шығармашылығымен жиналған жырсүйер қауымды кеңінен таныстырып өтті. Туған ел мен жер үшін жасаған қажырлы еңбектері үшін халықтың алғысын жеткізді.
Осыдан кейін сөз алған қадірменді қонағымыз, жүздесу иесі Қадыр Мырза Әли қиын кездерге толы балалық шағы, күрес пен ауыртпашылықтан өрілген өмірі туралы әңгіме қозғап, өз өлеңдерін оқып, шығармашылық жолы туралы айтып берді.
Ақын ағадан кейінгі кезек құрметті қонаққа жүрекжарды лебіздерін білдіру үшін алдыңғы буын ақындарына тиді. Бірнеше жыр кітаптардың авторы, облысқа танымал ақын Нағима Торманова, Қармақшы ауылдық округінің сол кездегі әкімі Ордабек Өткелбай, еңбек ардагері Тельман Дямуршаевтар арнау өлеңдерін оқыды.
Тельман ағадан кейін сахна төріне мені шақырды. Сахна артында тұрған менің бойымды үрей мен қорқыныш жаулап алған. Қатты қобалжыдым. Жүз жылда дүниеге бір-ақ келетін мұндай ардақты тұлғаның, жырларын бүкіл ел жатқа оқитын ақынның алдында арнау жыр оқу кім-кімге де оңай соқпасы анық. Жүрегім ытқақтаған күйі сахнаға көтерілдім. Аты-жөнімді естіген Қадыр аға: «Аты да, тегі де мықты екен. Мұндай есім мен тегі бар жігіттің өлеңін орнымнан тік тұрып тыңдамасам, ұят болар» деп отырған орнынан көтерілді. Бұл жағдай мені онан сайын қобалжытып, тығырыққа тіреді. Мен Қадыр ағаға деген ықылас-ниетімді жеткізіп:
– Қазақ атын
Күллi әлемге таныттың,
Бiр өзiңiз – алыбысыз алыптың.
Ұлтын сүйген, бiртуар төл перзентi,
Қадыр аға –
Дарабозы халықтың! – деп басталатын «Қазағымның ақиық Наркескені» аты өлеңімдіоқып бердім. Қадыр аға тұрған қалпы мені алдымнан қарсы алып, құшақтап, бетімнен сүйіп, ризашылығын білдірді. Ел алдында: «Аты-жөні ғана емес, өлеңі де мықты екен» деп, өзінің ақ батасын беріп, сахна төріндегі өзінің жанына отырғызды. Шынын айту керек, қазір ақын аға арнаған сол өлеңімді оқысам, ұяттан өртеніп кете жаздаймын. Өлең деуге келмейтін, не ұйқасы, не айтар ойы жоқ, шылдыр-шатпақ бірдеңе. Бірақ, тау тұлғалы Қадыр ақын даналық танытып, маған қолдау білдіргені оның даналығымен бірге ұлылығын да көрсетсе керек.
Бұдан бөлек, Тұрмағамбет ауылының тұрғыны Жаманбай Сәтов сол күні дүниеге келген немересінің есімін ақын аға атымен қойғанын жеткізіп, батасын сұрағанда Қадыр ағаның ерекше тебіренгені әлі есімде.
Кездесу біткеннен кейін Қадыр ағамен кеңінен әңгімелестік. Ақын аға өз өмірінен біраз сыр шертті. Кетерінде: «Ағаңның қал-жағдайын біліп, хабарласып тұр» деп өзінің үй телефонын берді. Сонда ақынның қалта телефонын ұстамайтынын естіп, қатты таңғалғаным бар. Қойын дәптеріме ақ тілегін жазып, қолтаңбасын қалдырды.
Осы жылы жүздесуден кейін Қадыр ағамен ұзақ уақыт бойы хабарласып тұрдық. Әр хабарласқан сайын ақын аға жаңа бір қырынан танылып, ерекше әңгіме айтатын еді. Басынан қандай қиындықтар өткенін, ұлттық құндылықтарымызды шетелдіктерге таныту мақсатында жазған «Қазақ осы» өлеңі «ұлтшылдық» деп бағаланып, Қазақстанда тәуелсіздік алғанға дейін бастыра алмай жүргенін, қазақ тілін мемлекеттік тіл қылу жолындағы дау туралы, Мәскеудің сол кездердегі күн сайынғы қыспағы мен Ата заңымыздың негізін қалауға атсалысқанын, Конституцияны құру кезінде ең қиналған жеріміз мемлекеттік тіл болғаны туралы айтқан естеліктері әлі күнге дейін жадымда жаңғырып тұр.
Мемлекеттік тіл демекші, бірде:
– Мектеп оқушылары ана тілімізге арналған жиын бола қалса, алдымен сіздің «Ана тілің арың бұл» деп басталатын өлеңіңізді жатқа оқиды. Мемлекеттік тіл үшін күрестің де алдыңғы шебінде келесіз. Кезінде Жоғарғы Кеңестегі тілдің қамы талқыға түскен дау-дамай, талас-тартыстағы шешендігіңіз бен білімділігіңізді көзі көргендер аңыз қылып айтады. Ал былайғы жұрт сол кездегі сіздің сол ерлігіңізді біле де бермейді екен, аға, – дедім ақынға.
Қадыр аға болса:
– Ана тілің арың бұл,
Ұятың боп тұр бетте.
Өзге тілдің бәрін біл,
Өз тіліңді құрметте, – деген өлең 1964 жылы жарық көрген кітабымда шыққан. Байқағаным – осы өлең елге қажет болып тұр екен. Бірден іліп әкетті. Алпысыншы жылдардағыдай әлі күнге мектептер қабырғаларына әсемдеп жазып қояды, – деп бір тоқтады да, үнсіз қалды.
Бірер минут үнсіздіктен кейін:
– Барсың ба? – деді телефонның арғы жағынан.
– Иә, бармын, аға!
Тағы да үнсіздік орнады. Сосын:
– Күрес деп жатырсың ғой, балам. Осы күрес дегеніңнен шығады, тәуелсіз ел ретінде тұңғыш Конституция қабылданар тұста мен Жоғарғы Кеңестің депутаты болатынмын. Қазақ тілі мемлекеттік тіл бола ма, жоқ па, тағдыры қыл үстінде тұрған шақ. Төралқа (Президум) мүшелерінің жиылысына да әдейі бармай жүрдім. Себебі, өзгелер не айтатынымды білмесін дедім. Сөйлеуге ұзақ дайындалдым. Тағы бір мәселенің басы ашық – депутаттардың көбі орыстілділер. Демек, орыс тілінің мұрты да қисая қоймасы анық. Менің алдымда академиктер Салық Зиманов пен Әбдуәли Қайдаров сөйлеп, мемлекеттік тіл мәртебесі бір-ақ тілге берілуі керек деп кесіп айтты. Оларға қатты риза болдым. Біздің алдымызда сол ағалардың болғаны қандай жақсы! Біз онсыз да тіл үшін сөйлеп келе жатқанымызды ел біледі. Содан не керек, маған сөз берілгенде үш түрлі мәселеге тоқталдым.
Ресейден өзге 14 республика түгел тәуелсіздік алған соң, тіл мәселесі осы елдердің барлығында дерлік күн тәртібінде тұрған. «Украина комсомолы» газетінде бір орыс әйел: «Менің балам мектепте оқиды. Украин тілінен басқа пәндердің бәрінен бес. Енді мектепті тәмамдағанда да осы украин тілінің кесірінен алтын медаль ала алмайтын болды» деп жазыпты. Мақаласының бір жерінде: «Кому нужен этот никому не нужный украинский язык?» деген сөзі бар. Осыны айта келе, екінші бір деректі алға тарттым. Тағы да Украинаға келген бір шетелдікәскери атташе украин тілін екі жылда үйреніп алыпты. Халықаралық заң бойынша атташе қызметке жіберілген мемлекетте үш жылдан артық тұрмайды. Оның алдында бір ғана жылы қалды. Әңгіме оның тілді үйреніп алғанында, әрине. Сосын «Оказывается кому-то нужен этот никому не нужный украинский язык» деп бір түйдім. Депутаттар болса үнсіз, демдерін ішіне тартып отыр. Әрі қарай канадалық Томсен деген жазушының әңгімесін мысалға келтірдім. Бір аңшы кілең жүйрік иттерімен бұғыларды аулауға шығады. Сөйткенде алғыр иттердің тегеурінінен құтыла алмайтынын білген бір елік аңшының аяғының астына келіп тығылады. Аңшы елікке тиіспейді. «Құрметті орыстар! – дедім, – Сол аңшы құрлы сіздерде гуманизм жоқ па? Қазақ тілінің жағдайын қазақтың өзі шеше алмайтын халде тұрмыз».
Осындай дәлел-дәйектер келтірген соң, небәрі 8 адам қарсы дауыс берді. Әлгі сөзден кейін арамыздағы украиндар, белорустар, поляктар, тағы басқалар пенде емес пе, бірден біздің жағымызға шығып кетті. Аты-жөні есімде жоқ, Семейдің сол кездегі облыстық атқару комитетінің төрағасы украин ұлтының азаматы еді. Менің олар туралы айтқан жаңағы сөзім көңілінен шықты білем, ашықтан-ашық қолымды алуға қорқып, арт жағымнан жанасалап келіп, білегімді қысып-қысып кетті. Мінеки, ұлт, тіл мәселесінің өте күрделілігі, өте нәзіктігі. Сол кезде Украинаны мысалға келтірген себебім – одақтастарда ол Ресейден кейінгі ең үлкен республика. Украина осындай болғанда, Қазақстанда жағдай тіпті ауыр деген тұспалым еді. Ана тіліміздің тағдыры шешілген осы оқиғаны айтсам кейбіреулер: «Қадыр өзін көрсетіп, мақтану үшін айтады» деп жақтырмайды. Бірақ, дәл сол жерде менің осы сөзім тоқсан пайыз шешуші рөл атқарды. Оны қалай айтпассың? Менің «басқа қамың түк емес, тілдің қамы тұрғанда» дейтінім сондықтан, – деді ақын.
Қадыр ағаның осы «Басқа қамың түк емес» деген өлеңін жатқа білетін едім. Талай кештерде, байқауларда жатқа айтқанмын. Ақынның екі қатарын айтуы мұң екен, бірден ойыма сарт ете қалды. Үнсіздікті пайдаланып, «Тілсіз келген білімнің, Түбі нағыз қиғылық. Көсегесін тілімнің, Көтеремін ту қылып» деп басталатын аталған жыр жолдарын жатқа оқи жөнелдім:
– Дәулет деген ұғым бар,
Кеше болса, бүгін жоқ.
Тілің болса күнің бар,
Тіл болмаса түгің жоқ.
Тілің шипаң, дәрің де,
Мәңгүрт болып күн көрмен.
Абыройдың бәрін де
Маған осы тіл берген.
Тілсіз ақын жеңді ме,
Айтысқанда мықтымен.
Отанды да, елді де,
Тіл арқылы ұқтым мен.
Жырға қосып алауын,
Жалындаған от қыздың.
Жүректің де қалауын,
Тіл арқылы жеткіздім.
Келер пәле басыңа,
Кемел сөзге мін тақсаң.
Қастың да өзі досыңа,
Айналады тіл тапсаң.
Жарлымын деп қаймықпа,
Намыс болса қаныңда.
Байлық деген байлық па,
Тіл байлығы жанында.
Өз өмірің – өзге өмір,
Сияқты екен, қарағым.
Айналмаса сөзге бір,
Ішіңдегі қара мұң.
Неше түрлі гүліңмен
Әдемі ғой төңірек.
Айырылсаң тіліңнен,
Кетер едің мөңіреп.
Дихан жаңбыр тілемес,
Жатқанда астық қырманда.
Басқа қамың түк емес,
Тілдің қамы тұрғанда.
Ақын көзі жұмылмас,
Жырдың көзі жұмылмай.
Елдің туы жығылмас,
Тілдің туы жығылмай!
– Бәрекелді! – деді Қадыр аға мен өлеңін оқып болған соң. Ақынның дауысы қарлығыңқы шықты. Көңіл-күйінің бұзылып кеткенін дауыс ырғағынан бірден аңғардым.
– Аға, сізде бәрі дұрыс па?
– Дұрыс, қарағым, дұрыс. Сен өлең оқығанда толқып кеттім. Біздің ең нәзік жеріміз – осы ана тіліміз. Кейде болашақ тағдырына алаңдап, бойымды үрей билейді. Қаншама қиындықпен қорғап қалған қазақ тілінің тәуелсіз ел атанған осынау жылдары шетке ысырылып қалғанына налимын, балам, – деді ақын аға ұзақ күрсініп…
Міне, халқы қадір тұтқан Қадыр ақын ана тіліміз үшін күресте алдыңғы қатардан көрініп, сөзімен емес, ісімен осылайша қайраткерлік танытқан.
Бастысы, жырсүйер елі, қазақ атты қара орман ұлты барда Қадыр Мырза Әлидің есімі ешқашан өшпейді. Ол қазақ барда мәңгі жасай береді.Себебі, ақын ағаның туған елі мен жері, халқы үшін атқарған еңбегі ерен, ана тіліміз үшін жасаған қызметі өлшеусіз.
Нұрсұлтан МЫҚТЫБАЙ