-5.1 C
Алматы
Бейсенбі, 9 Желтоқсан 2021
  • Қазақ тілі
  • Русский
  • English
  • Жаңалықтар

    Павлодар облысында мемлекеттің қыруар ақшасына жөнделген мектеп ашылмай жатып қайта жабылды

    Павлодар облысында бюджеттің 90 млн теңгесіне жаңартылған мектеп ашылмай жатып, жөндеу жұмыстарына қайта жабылды. Ал күзден бері ауылдағы ескі ғимаратта оқыған оқушыларды аудандық мәдениет бөлімінің басшысы қуып шыққан, деп хабарлайды Qazweek.kz ақпарат агенттігі Azattyq Ruhy порталына сілтеме жасап.

    Тереңкөл ауданының Березовка ауылының мектебі тозып кеткендіктен қыркүйекте күрделі жөндеу жұмыстарына жабылған еді. Пандемия кезіндегі бір жылдық үзілістен кейін мектепке келген оқушылар мәдениет бөліміне қарайтын ескі ғимаратқа көшірілген. Көмір жағып, қол пешімен әрең жылитын ғимараттың да тозығы жеткендіктен, ол да жөндеу жұмыстарына жабылды. Оқушылар амалсыз онлайн форматқа көшуге мәжбүр.

    53 жыл қолданыста болған мектеп 1,5 жыл қаңырап бос тұрып, биыл сабақ басталғанда күрделі жөндеу жұмыстарына жабылып қалған. Қабырғасы қақырап кеткен мектепті жауаптылар екінші тоқсанға дейін аяқтап, оқушылар офлайн режимге көшеді деп сендірген. Бірақ облыстық бюджеттен 90 млн теңгеге жуық қаржы алған «SCS Инжиниринг» мердігер мекемесі жұмысты жүргізгенімен, ақша жетпей қалған көрінеді. Тапсырыс берушілер болса шағын ғана бір мектепті жаңарту үшін бес рет тендер өткізген.

    «Исмаил» ЖШС атты компаниясы бар шымкенттік жігіттер 16 және 6 млн теңгенің соңғы екі тендерін ұтып алды. Күрделі жөндеу жұмыстары аяқталып, ағымдағы жөндеу жұмыстары басталды. Сылау, сырлау, едендерді ауыстыру жұмыстарын жүргізеді. Жылы дәретханалар үшін кәріз құбырларын жаңалайды, кафельдерді жапсырады. Есіктердің жақтауларын сылайды. Әу баста 30 млн теңгенің тендері ойнатылғанымен, кәсіпкер жігіттер бағаны төмендету арқылы оны ұтып алды. Бұған дейін балаларды 11 кабинеті бар әкімдіктің ескі ғимаратына көшірген едік, мәдениет бөлімінің басшысы босатуды сұрады. Бір апта уақыт сұрап едік, болмады. Оған да жөндеу жұмыстары жүргізілмек», – деді Павлодар облысы Тереңкөл аудандық білім бөлімінің басшысы Жайнат Біләлова.

    Облыстық бюджет арқылы қаржы бөлген басшылар парта, орындық сынды мектептің жиһаздарын жаңалауға тағы 40 млн теңге жұмсаған. Ақшаны тендермен қайта-қайта таратса да, жөндеу жұмыстары уақытылы аяқталар емес. 

    «Оқушылар екінші тоқсанда офлайнға көшеді, мектепке барады деп жоспарланған еді. Енді 1-желтоқсанға дейін созылатын болды. Физика кабинеті түгел жаңарды, жиһаздары дайын тұр, алынған. Мектептің қосымша ғимараты апатты деп танылған соң бұзып, түгел құлатып тастады. Қабырғасы, төбесі ғана емес, іргетасы да жарылып, үлкейіп кеткен. Ата-аналармен түсіндіру жұмыстарын жүргіздік. Мектептің жаңаруы 30 жылдыққа тарту болады, оңтүстік жақтан солтүстікке көшіп келген отбасылар арқылы оқушылар саны көбейіп жатыр», – деді білім бөлімінің басшысы.

    86 млн теңгеден басталып, ақыры 151 млн теңгеге жеткен жөндеу жұмыстары аяқталғанның өзінде оқушылар дене шынықтыру сабағымен айналыса алмайды. Балалар бұл пәнде акт залында гимнастика жасаумен ғана шектелмек. Өйткені, спорт зал қауіпті деп танылғандықтан түгел бұзылған.

    Облыстық білім басқармасының ақпаратынша, тек осы Березовка ауылындағы оқушылар ғана емес, өңірдегі 50 мектеп онлайн форматқа көшкен. Өйткені тұмау жұқтырған оқушылар күрт көбейіпті. Мұғалімдер жұмысын онлайн режімде жалғастырады. Білім басқармасының мәліметінше, облыста 359 мектеп бар.

    «Облыстағы мектептердің төртеуі жекеменшік, қалғаны мемлекеттік. Успен ауданыда тұмау жұқтырған оқушылар санының көбеюіне байланысты Ольгино және Ковалевка ауылдарындағы мектептер жабық. Бірінде оқушылардың 56%, екіншісінде балалардың 62% тұмау жұқтырған. Екі мектеп аптаның соңына дейін онлайнға көшті. Сонымен қатар, ауа райының қолайсыздығына байланысты Баянауыл ауданында 1-11 сыныптағы 20 мектеп, Павлодар ауданында 1-4 сыныптағы 26 мектеп онлайнға көшті. Тереңкөл ауданында тағы бір мектептің жылу жүйесінен ақау шыққандықтан балалар мектепке бармайды. Қазандықты сенімді басқару компаниясы келіп жасауы керек. Қазіргі таңда “Білім-Инновация” лицейінде (ұлдар) жөндеу жұмыстарының өтуіне байланысты оқу онлайн форматта жүріп жатыр», – деді облыстық Білім басқармасының бас маманы Жібек Аймұхамбетова.

    Похожие записи

    Сырдария ауданы: Сейфуллин ауылында 6 көше жөнделеді

    Фариза

    Қызылорда облысында құрылыс жұмыстары қарқынды жүргізілуде

    Фариза

    Қызылордада провизорлық орталық жабылды

    Фариза

    Пікір қалдыру

    five × 4 =

    * Используя эту форму, вы соглашаетесь с хранением и обработкой ваших данных на этом веб-сайте.