7 C
Алматы
Жұма, 26 Сәуір 2024
  • Қазақ тілі
  • Русский
  • English
  • Жаңалықтар

    ҰСТАЗДАР НЕГЕ ҰСТАМСЫЗ?

    Жақында «YouTube» әлеуметтік желісінде жарияланған видео қоғамды дүр сілкіндірді. Бейнедемұғалімнің төрт оқушыны сыныптастарының алдына қатар тізіп қойып, шапалақтың астына алып жатқаны түсірілген. Тіпті, бір оқушыны шашынан ұстап тұрып, басын тақтаға әлденеше рет ұрады. Бұл оқиғаны оқушылардың бірі ұялы телефонға түсіріп алыпты. Ғаламтор пайдаланушыларыныңнаразылығын тудырған келеңсіз жағдай Алматы облысы, Түрксіб ауданындағы №198 мектепте орын алған екен. Көп ұзамай Қылмыстық кодекстің 2-бөлімі 140-бабымен (педагогтың немесе басқа қызметкердің кәмелетке толмағанға қаталдықпен қарауға ұласқан кәмелетке толмағандарды тәрбиелеу жөніндегі міндетін тиісінше атқармауы) жазаға тартылған мұғалима 22 жастағы жас маман болып шықты.

    Біз бұл мақаламызға бұлайша «айқайлатып» тақырып қойып, қоғамның жағасын ұстатқан аталмыш оқиға туралы жазбас та едік. Егер де аталмыш жағдай елімізде орын алып отырған алғашқы және соңғы оқиға болса…

    Жоқ. Әзірге олай болмай тұр. Мұндай оқиғалар түсірілген бейнежазбалардың қатары жаңбырдан соңғы саңырауқұлақтардай қаптап күн сайын әлеуметтік желілерде, көбейіп келеді. Оның үстіне, мектеп оқушысы мұғаліммен «соттасып» жатыр дегенді естісек, қазір селт етпейтін болып алдық. Керісінше, ұстазы оқушысын сотқа берсе де таңғалмаймыз. Жиі қайталанатындықтан етіміз үйреніп те кеткен секілді, қалыпты нәрсе ретінде қарайтын болғанбыз. Әйтеуір, не керек, бүгінде ұстаздық қызметтің қадірі қашып бара жатқандығы ащы да болса шындық.

    Данышпан Абай атамыз жырлаған «Ұстаздық етуден жалықпайтын» ұстаздар қауымы бүгінгі таңда «ұстамсыз» күйге еніп барады. Мұғалімнің жұмысының көптігінен бе, отбасылық жағдайларының ауырлығынан ба, әлде білім саласындағы реформалардан қажығандықтан ба, әйтеуір, «мектептің жүрегі» саналған ұстаздарымыз сәл нәрсеге бола «ашу шақырғыш» болып алған. Кейде «аюға намаз үйреткен таяққа» басып, шәкірттерін тоқпақтап та алады. Мәселен, былтырғы оқу жылында Солтүстік Қазақстан облысы Жамбыл ауданы Бауман орта мектебінің математика пәні мұғалімі Қымбат Әсімжанова 7-сынып оқушысы Олжас Тілегеннің кекілін қиып, «2» деген бағаны маңдайына жазып, оқушыны күлкіге айналдырған. Бұл аздай, оны өшірсең, тағы «2» қоямын деп қорқытады. Оқушы сол күні сабақтан кейін орманға қашқан. Кеш батқанға дейін сонда отырыпты. Осы оқиғадан кейін, жәбірленуші Олжас мектепке бармай қойған соң, оның ата-анасы арызданып, баласын сыныптастарының алдында масқара әрекетпен жазалаған мұғалімге шара қолдануды сотта талап еткен. Бүгінде сот істі аяқтап, педагогикалық этиканы бұзған ұстазды 1,5 жылға бостандығын шектеп, педагогикалық қызметпен айналысу құқығынан екі жылға айыру жазасынтағайындады. Бір қызығы, «кекіл кескіш» Әсімжанова мектеп директорының келіні болып шыққан. Осы оқиғадан кейін мектеп директоры Назгүл Қарабаева да жұмысынан қуылғанымен, көп ұзамай тура сол оқу орнына психолог маман ретінде қайта жұмысқа алыныпты.

    Бұл аз болса, Алматы облысы Панфилов ауданы Үлкен Шыған ауылы мектебінің математика пәні мұғалімі Талапқан Шапағатовтың 9-сынып оқушысы Ернұр Әбдіхалықты ұрып-соққаны да қоғамда біраз дау тудырды. Сотқа жеткен істе мұғалім мырза «ұрмадым» деп жалтарғанымен, шәкірті болса ұстазының ұрмақ түгілі, «тепкілегінін» айтып әділдік сұраған. Естеріңізде болса, елді шулатқан бұл оқиға туралы еліміздің сол кездегі «бас ұстазы», яғни, Білім және ғылым министрі Аслан Сәрінжіповтің өзі: «Негізі, осы орайда оқытушылардың біліктілігін арттыру мәселесі туындайды. Бұл жерде олардың тек пәндік дайындығын ғана емес, тәрбие беруші педагог ретіндегі шеберлігін де шыңдау қажет. Сондықтан педагогтар сол талаптарға сай болуы тиіс», – деген болатын.

    Ұстаздарымыздың «ұстамсыздығынан» туындаған мұндай келеңсіз оқиғалар мұнымен тоқтамайды. Ақтөбе қаласындағы №13 мектептің дене шынықтыру пәнінің мұғалімі, 22 жастағы жас маман А.Мұтаев сабақ үстінде 6-сынып оқушысын ұрып, соққы салдарынан баланың миы шайқалып, бас жарақатын алған. Дәл осы Ақтөбедегі №51 мектеп-гимназиясының география пәнінің мұғалімі Гүлдәурен Нағымет парта үшін 12 жасар оқушысына қол көтерген. Салдарынан Темірлан Ізбасаровтың миы шайқалып, ауруханадан бір-ақ шыққан. Бар болғаны, сыныптағы партаны әкетпек болған ұстазына оның өздеріне жетпейтінін, бір партада үш оқушыдан отырғанын айтқан Темірланға жұдырық ала жүгірген мұғалиманың бұл қылығы еш ақылға сыймайтындығын айтқан құқық қорғау қызметкерлері ұстаздың үстінен ҚР Қылмыстық Кодексінің 293-бабы бойынша іс қозғаған. Ал, 32 жылдық еңбек өтілі бар, 55 жастағы шымкенттік ұстаздың ерсі қылығы «ұстаз» деген «ұлы ұғымның» қаншалықты қадірі қашып тұрғанын тағы бір дәлелдеп берді. Ұялы телефонға түсірілген жазбаларда Шымкент қаласындағы №24 мектептің математика пәнінің мұғалімі оқушысының жер-жебіріне жетіп айғайлап, сыныптастарының көзінше сабап жатқаны бейнеленген. Сөйтсе, педагог оқушының есеп шығара алмағаны үшін ашуланыпты. Бейнекадрдан ұстаздың: – «Сонда көбейтуді білмесең не бар 11-класта, ҰБТ-да нең бар, ей! Айтсайшы! Көбейтуді білмесең не бар ҰБТ-да!», деп айқайлап, оқушыға қолындағы бор мен кітапты лақтырып, одан қалды, қуып жүріп шапалақпен ұрып жатқанын анық көруге болады. Бұл іске де полиция араласып, тағы бір ұстаздың үстінен қылмыстық іс қаралған. Осы шаһардың №13 мектебінің дене шынықтыру пәнінің мұғалімі оқушыны соққыға жығып, оны жұдырықпен он шақты рет ұрып, ақыр аяғында құлағының жарғағын жарып жіберген. Қызығы сол, оқушы Бейбарыс Жақаев «құлағынан айрылса да» педагогтың іс әрекетінен қылмыс элементі жоқ деп танылған.

    Осы Оңтүстік Қазақстан облысында орын алған мына оқиғаға тіпті не деріңізді білмейсіз. №27 Мәртөбе мектебінің Дәулет Құлтай есімді бітіруші түлегі алғашқы әскери дайындық пәні мұғалімінен тақырыпты қайталауын өтінгені үшін таяқ жеп, сыныптастары алдында ары аяққа тапталады. Ол аз дегендей оқытушы баланы сыныптан сыртқа шығарып, соққыға қайта жыққан. Бір таңқаларлығы, ол мұғалімнің сорақы әрекетін ұстаздар қауымының бәрі біледі екен. Алғашқы әскери дайындық пәні мұғалімінің оқушыларға қол көтеру әрекеті бұған дейін де орын алғанкөрінеді. Сол әрекеті үшін аға лейтенант шенді ұстаз жиналысқа да салыныпты. Бұдан да қызығы, оқушыны соққыға жыққан ұстаз мектеп директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары екен. Мектеп ұстаздары ол аз дегендей, аға лейтенант Мұхтар Имашевтің әпкесі әрі математика пәнінің оқытушысы былтыр оқушыға қол көтергенін айтады. Ұстаздың ол әрекетін бейнетаспаға түсіріп, білім бөліміне жеткізгенімен, ешқандай шара қолданылмапты.

    Шымкент қаласының Сайрам ауданы, Көлкент ауылында 9-сыныпта оқитын Барчинай Махмудханова ұстазын кінәләп тілімдей хат қалдырып, артынан өз ауласында асылып қалған. Себебі, он күн бұрын ұстаз бен оқушының арасында жанжал болып, бастауыш сыныбының мұғалімі оны тепкінің астына алған. Тіпті, араша түскен анасына да қол жұмсаған көрінеді. «Бұл қорлыққа төзе алмадым» деген марқұм оқушы хатында өз өліміне ауылдасы, әрі ұстазы Гүлнар Османалиеваны жазғыруын өтініпті. Сөйтсек, көлкенттік мұғалима оқушылары түгіл, өз көршілерімен сыйыспайтын жан көрінеді. Сондай-ақ, сыныптағы бір оқушыға екінші оқушыны ұруға «тапсырыс» беріп, оқушыдан «киллер» жасамақ болған оралдық Гүлнар Қыдырғалиқызын «ұстаз» деп айтуға аузың бармайды екен.

    Бүгінгі таңда баланың «екінші анасына» теңелген ұстаздық мамандық қадірі қашып тұрғанын жоғарыда атап өттік. «Алты алаштың басы қосылғанда, төрдегі орын мұғалімдікі» деп бағаланған ұстаздық қызметтің қадірінің қашуына мұғалімдеріміздің өздерінің кінәсі де жоқ емес. Мәселен, ғаламтордағы бейнежазбада жүрген Оңтүстік Қазақстан облысы, Төлеби ауданында оқушы қызға қол көтеріп, балағаттап, оны сабақ үстінде, сыныптастарының көзінше сүймек болған ұстаздың бұл қылығынан кейін мұғалімнің «қадірі» туралы сөз қозғау қиын. Әрине, көпке топырақ шашудан аулақпыз. Жақсы ұстаздарымыздың бар екені де талассыз ақиқат. Бірақ, оқушысын зорламақ болған, оған «Өшір үніңді!» деп әкіреңдеп, шапалақпен ұрып, өксігі басылғанша сыныпқа қамап қойған әлгі мұғалімнің қылығынан кейін кінәні олардың өздерінен іздеуімізге негіз де жоқ емес сияқты. Бір қызығы, мұғалімнің жат әрекеті бұған дейін де бір рет әшкере болыпты. Бірақ, прокуратура дәлел таппағандықтан, ұстаздар жиналысында талқылаумен ғана шектелген. Сонымен қатар, Ақтөбе облысы, Қарғалы ауданының Сазды орта мектебінде еңбек ететін мұғаліммектепке удай мас болып, пышақпен қаруланып келіп, ойран салған. Оқушылар мен мұғалімдеріне оңды-солды қару кезенген «ұстазсымақтың» «ерлік ісі» әлі күнге дейін елдің есінде. Ал, Шымкентте 22 жастағы келіншек алғашқы айлығын жуамын деп ұстаздардың атына кір келтірген болатын. Қызылорда қаласындағы №43 мектепте ұстаздық қызмет атқаратын «оқушыларға қырындағыш» мұғалім осы уақытқа дейін жазадан құтылып келгенін білеміз. Кейіннен ол дерек үстінде ұсталып, «Жасөспірімдерді азғындады»деп айыпталған мұғалім 5 жылға бас бостандығынан айырылып, 12 жылға педагогтық қызметінен шеттетілді.Мұндай масқаралықтарды жіпке тізе берсең бүгін бітпейді.

    Міне, осындай адам шошырлық жағдайлардан кейін онсызда сын көп айтылатын ұстаз бейнесі – қазіргі таңда білім беру саласындағы ең жағымсыз кейіпкерге айналып бара жатқандай. Алайда, тәртіпке мүлдем бағынбайтын оқушылардың бар екенін де жасыра алмаймыз. Мұғалімін мазақ етіп, тіпті, ата-анасымен қосылып соққыға жыққан оқушылар көптеп саналады. Десек те, мұнымен шәкіртін ұрып тәртіпке салатын ұстазды қорғаудан аулақпыз. Себебі, ұстаз – білім беруші ғана емес, ол тәрбиеші де. Ал, «Тәрбиесіз берілген білімнің адамзат баласына апат әкелетінін» қайталап жатудың өзі артық. Тәртіп болмаған жерде білім қайдан болсын?

    Сонымен, «Оқушымен тіл табыса алмауы – мұғалімнің тәжірибесіздігі» деп бір сөзбен кесім айтып, ұстаздар қауымын кінәлай салғымыз жоқ. «Бүгінгі балалар арызқой» деуден де аулақпыз. Себебі, ескертпені елемейтін оқушылармен бірге өз кәсібінің тереңіне бойламайтын, жауапкершілігін сезінуді білмейтін ұстаздар қатары да жоқ емес. Балаларды білімге емес, бай-қуаттылығына қарап бағалайтын, таныс-тамырды жағалайтын да мұғалімдер бар. 

    Бүгінгі қоғамымызда «қадірі» қашып тұрған мамандықтың «қадірін» арттыру үшін Астана қаласының тұрғыны, бұрынғы педагог Жасын Ермеков оқушылардың сабақ үлгерімі мен тәртібін түзеу үшін мұғалімдер тарапынан оларды жазалап отыруды заңдастыру қажеттігін айтады. «Экспресс К» газетіне берген сұхбатында идея авторы баланы оқыту мен оны тәрбиелеудің мұндай әдісін АҚШ-тың Техас штатындағы мектебінен көргенін айтады. Онда оқығысы келмейтін немесе бұзақылық жасаған оқушының құйрығына таяқпен ұрып жазалау әдісі бар екен. Бұған баланың әке-шешесі «қыңқ» дей алмайды – заң сондай. Жасын Ермеков оқушыларды ұрып-соғып жазалаудың елімізде жоқтығы – Қазақстанның білім беру жүйесінің кеміс тұсы деп есептейді. Оның айтуынша, бұл оқушыны жазалау емес, бұлайша жасау арқылы баланың тентек мінезі тыйылмайды, қайта ондай жаза оқушының есерлігін үдетіп жібереді. Ал, бұзақы баланы сыныптастарының алдында құйрығынан «шықпыртып»ұрса, бұл барлық оқушыға сабақ болады. Қылтың-сылтыңды қойып, бәрі сабақ оқуға зейін бұрады. Сонда ғана тәрбие мен білім сапасы жақсарады. Мектеп жақсы адамдарды жасап шығарады.

    Біздіңше, Ж.Ермековтің идеясы қабыл алынып, мектептерде «дүре соғу» заңдастырылса, онсызда «ұр тоқпақ» атанып отырған ұстаздарымыз әлі талай баланың басын «жаратын» секілді.

    Психолог Анна Мергенбайқызы болса, «оқушылардың ұстазының үстінен арыз түсіргеніне қуану керек шығар»дегенді айтады. «Себебі, өздерінің жеке тұлға екенін сезініп, өздеріне деген ізетті талап етуде. Оқушыға айғайлағанын естісең, төбе шашың тік тұратын мұғалімдер әлі де бар. Мұғалім өз шәкіртінің жеке тұлға екенін, оның да өзіндік құқықтары бар екенін білмей жатса, неге мәселені заңмен шешпеске?! Бұрын оқушылар өздерінің құқықтарын талап етуді аса құнттамайтын. Мұғалімдер бұрын да дауыс көтеретін, қол жұмсайтын. Тіпті, оқушының жеке тұлға екенін ұмытып кететін. Қазір де сол. Мұғалімдер өзгерген жоқ. Ал, шәкірттер құзырлы орындарға жүгініп, өзінің психологиялық тұрғыда өскенін байқатуда. Шәкіртіне қол көтеруге оқытушыға кім рұқсат берді? Неге жеке тұлғаны екінші бір тұлға қорлауы керек? Ар-намысына тиіп, психологиялық соққы жасауы керек?! Сондықтан арыздануға психолог ретінде дұрыс қараймын. Әсіресе, өтпелі кезеңдегі 6-8 сынып оқушылары өкпешіл. Өтпелі кезеңде олардың көңіл-күйі құбылмалы келеді. Тез бұзылады. Сондай кезде мұғалім жөнсіз ұрысса, қол көтерсе не болады? Оқушы ең алдымен – бала ғой. Бұзақылық жасаса да, оқыс мінездер көрсетсе де, оған әуелі бала деп қарау керек. Жоғары білімді, қолында дипломы бар саналы маман неге баланың деңгейіне түсіп, онымен сөз таластырып, ұрыс-керіске баруы керек?! Ұрыспай-ақ, оқушыны өзінің үлгілі істерімен тәрбиелесін», – дейді Анна ханым.

    «Қарнының ашқанына емес, қадірінің қашқанына» налитын осындай ұстаздарды көрген бүгінгі оқушы, ертеңгітүлек, болашақ маман «мұғалім болуды» армандаудан қалды. Қазір оқу бітіруші түлектер түгілі бесіктен белі шықпаған баладан «Кім болғың келеді?» деп сұрап көріңізші. Барлығы кәсіпкер, депутат, министр болғысы келеді. Өйткені, жоғарыда айтқанымыздай, қазіргі жағдайда мұғалімнің қадір-қасиеті төмендеп барады. «Комиссия келеді» десе болды, бума-бума қағаздарын беліне буып алып бастары қатып жүретін ұстаздарын көріп өскен оқушыға осыдан кейін «Мұғалім болғың келе ме?» деп сұраудың өзі қисынсыз.

    Мұғалім болғысы келетіндерге қойылатын талаптың жеңілдігі де – мәртебелі мамандықтың қадірін төмендетіп тұрғаны жасырын емес. Баласына: «Тым құрығанда сабақ берерсің» дейтін талай ата-ананы көріп жүрміз. Мәселен, Финляндияда, Оңтүстік Корея мен Сингапурде мұғалім мамандығын мектеп пен университетті өте жақсы бағамен оқығандар мен әбден ысылып, тәжірибеден өткен университет түлектері ғана алуға мүмкіндігі бар. Бұл мемлекеттердің тек білімді азаматтарды ғана жұмысқа алуының тағы бір себебі – жоғары төленетін жалақы. Арнайы мамандардың зерттеуіне сүйенсек, осы елдердегі білім сапасы бүкіл әлем бойынша көш бастап тұр.

    Филология ғылымдарының докторы, профессор Кәкен Қамзиннің айтуынша, кінәні білім жүйесінен, ата-анадан немесе оқушыдан емес, ұстаздың өзінен іздеу керек. «Ең алдымен мұғалім білімді, мәдениетті, қай жағынан алсаң да таза болуы керек. Сонан соң кез келген оқытушы мықты психолог болса деймін. Құр айғай-ұйғаймен ұстаз «рөлін» ойнап жүрген адамды шәкірт көш жерден таниды», – дейді ұлағатты ұстаз.

    Иә, ұстаздарымыз «ұр тоқпақ» атанып, кейбір мамандықтарға қарағанда, дәрежесі төмен болып тұрса да, Ұстаздықтан ұлы, Ұстаздықтан қадірлі мамандықтың жоқ екені тағы да рас…

    Нұрсұлтан МЫҚТЫБАЙ,

    журналист.

    қатысты посттар

    Kaspi.kz өкілдері мобильді төлемдерге қатысты сұрақтарға жауап берді

    Фариза

    Электр энергиясын пайдалану қағидалары бойынша «электр энергиясын беруді тоқтату (шектеу) шарттары»

    Фариза

    ІІМ өзін өртеп жіберген әйелдің ісіне қатысты түсінік берді

    Фариза

    Пікір қалдыру

    three × 1 =

    * Используя эту форму, вы соглашаетесь с хранением и обработкой ваших данных на этом веб-сайте.