Жұма, 19 Сәуір 2024
  • Қазақ тілі
  • Русский
  • English
  • Жаңалықтар

    Аңшылық туризмі Қазақстан табиғатын қорғай алады ма?

    Аңшылық – қазақтың ерте заманнан келе жатқан дәстүрлі саятшылық кәсіптерінің бірі екендігі барлығымызға белгілі.  Дегенмен, қазіргі таңда аңшының атын жамылып, ісі кәсіпке қарағанда қанішерлікке көбірек ұқсайтын әуесқойлардың көбейіп кеткені, өкінішті. Жыл сайын елімізде браконьерлердің кесірінен қаншама қызыл кітапқа енген жануарлар мен құстар өліп, жойылып кетудің аз-ақ алдында тұр. Тіпті, ақбөкенді қорғау жолында қаза тапқан инспектордың да өлімі әлі күнге ұмытыла қойған жоқ. Табиғаттың жауларына тоқтау салатын кез, әрине, жетті.  Осы мақсатты алдына қойған елімізде арнайы ұйымдар да жоқ емес. Соның бірі – халықаралық CEPF пен WWF фондының ерекше назарына енген «Табиғат» аңшылары қауымдастығы. Аты аңшылық қауымдастық болғанымен, ісі аңшылықтан табиғатты қорғауға көбірек көңіл бөлетін бұл ұйымды бірі білсе бірі біле бермейді.

     «Табиғат» аңшылар қауымдастығы деген кімдер?

    «Табиғат» аңшылар қауымдастығы –  Қазақстандағы аңшылық қауымдастық пен шаруашылықты біріктіре отыра, Республика аймағындағы туризм саласын дамытуда тың идеялар мен технологияларды ұсына отыра, атаулы салаға өз үлестерін қосып жүрген алдыңғы қатарлы ұйымның бірі. Атап айтатын болсақ, осы қауымдастықтың ықпалымен 2016 жылдан бастап жабайы табиғатқа қызығатындар үшін арнайы аңшылық алқаптарында атпен серуендеу спорт түрі ашылып, бүгінгі күнге дейін жұмысын жалғастыруда. Ал 2018 жылдан бастап шаңғышылар мен сноубордшылар үшін арнайы фрирайд турлары ұйымдастырылып келеді.

    «Табиғат» аңшылық  қауымдастығы бізге не бере алады?

    Аңшылық пен туризмді бұлай бір арнаға тоғыстыру тәжірибесі әлемнің барлық жерінде дерлік кеңінен қолданылады. Аңшылық маусымы тек бірнеше айға ғана созылатынына қарамастан, қауымдастық жасап отырған жоба саяхатшылар мен аңшылық өнерге қызығатындар үшін материалдық-техникалық базалармен қатар, қонақ үйлер мен ұйымдастыру қызметтерін жыл бойына пайдалануға мүмкіндік береді.  Сонымен қатар, «Табиғат» аңшылар қауымдастығының негізінде жергілікті халық та құр алақан қалмайды. Олар туристерге қызмет көрсету арқылы қосымша табыс таба алады.

    «Табиғат» қауымдастығы мұнымен тоқтап қоймай, өткен жылы Жоңғар Алатауында туризмді дамыту мақсатында арнайы жоба ұсынып, гранттар байқауына қатысқан болатын. Жоба аумағы бірнеше аңшылық шаруашылықтарды және және жартылай қорғалатын аймақтарды қамтыды. Жобаның басты мақсаты –  аймақта атпен серуендеу спорт түрін дамытып, соның негізінде арнайы маршруттар құрып, жергілікті халықты туризм саласына қызметке тарту балды.  Сонымен қатар жоба аймағындағы биоәртүрлілікті және жойылып кету қаупі бар түрлерді зерттеу және мониторлингілеуді мақсат тұтты. Табиғатты қорғау ұйымдары мен жергілікті тұрғындардың өзара іс-қимылын жақсарту арқылы браконьерлікпен күресуді қолға алмақ.  Сонымен қатар, Қазақстандағы табиғи ресурстарды тұрақты пайдаланудың жаңа тәсілдерін қолданып, әрі оны насихаттау жұмыстарына кіріспек.

    Бұл жобаны CEPF (Негізгі биоалуантүрлілікті сақтау бойынша серіктестік қоры) және WWF (Дүниежүзілік жабайы табиғат қоры) халықаралық экологиялық қорлары мақұлдады. Енді жоба мен халықтың қолдауы негізіне қауымдастық еліміздегі туризм саласының дамуына үлес қосып,  браконьерлікпен күресу жолында тер төкпек.

    Қазіргі уақытта еліміздегі туризм саласы айтарлықтай керемет деп айту қиын, әрине. Халықтың игіліге пайдалануы тиіс тұтастай парктердің жекешеленіп алғандығын  да ел біледі. Табиғатты талан-таражға түсіргендердің мақсаты айналасын гүлдендіру деп те айта алмайсың, керісінше, ақы алып баюды көздейтіндер көп. Себебі, қазір қай демалыс орнына барсаң да тегін отыратын жер таппайтынымыз анық. Көрпесін сүйретіп жүретін сол баяғы халық және әр жерде шашылып жататын, жиналмайтын қоқыс. Мемлекет пен арнайы қауымдастықтардың іс-әрекеттерін жоққа шығару әділдікке жатпас. Дегенмен, барлығын мемлекеттің мойнына артып қойып қарап отырған да дұрыс емес. Бұл- біздің табиғатымыз, біздің еліміз. Егер біз өзімізден бастамасақ, өз қоқысымызды өзіміз тазаламасақ, өз еліміздің аңдары мен құстарын өлтіруден бас тартпасақ мемлекет не істесе де табиғатымызды сақтап қала алмаймыз. «Судың да сұрауы бар» , – деп қазақ бекер айтпаса керек. Айналамызға әдемілік сыйлап, әрі адам денсаулығы үшін қызмет етіп келе жатқан табиғатқа адамның да алғысы болуы керек. Біз байқай бермегенімізбен, табиғаттағы әрбір тіршілік иесінің өз рөлі, өз маңызы бар. Сондықтан, табиғатты қорғау, аялау – әрбір адамзаттың алдындағы парызы.

    қатысты посттар

    Қайғылы оқиға: “86 адам қаза тапты”. АҚШ жұртын дүрліктірген оқиға

    Фариза

    ЖАҢАРТЫЛАТЫН ЭНЕРГИЯ КӨЗДЕРІ: АҢЫЗ БА, АҚИҚАТ ПА?

    Фариза

    Гүлшара Әбдіқалықова Қызылорда қаласындағы бірқатар нысандарды аралады

    Фариза

    Пікір қалдыру

    thirteen − 1 =

    * Используя эту форму, вы соглашаетесь с хранением и обработкой ваших данных на этом веб-сайте.