22 C
Алматы
Сенбі, 20 Сәуір 2024
  • Қазақ тілі
  • Русский
  • English
  • Оқиға

    +997 телефон коды, экс-министрдің өкпесі және Мусин басқаратын министрліктің жауабы

    Жуырда ғана Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Бағдат Мусин БҰҰ жанындағы Халықаралық электр байланыс одағы Қазақстанға дербес +997 телефон кодын белгілегенін мәлімдеді, деп хабарлайды Qazweek.kz ақпарат агенттігі, Azattyq ryhy порталына сілтеме жасап.

    «Енді біздің елден басқа мемлекетке қоңырау шалғанда, шетелдіктердің телефонында Қазақстан деген жазу шығады. Сондай-ақ халықаралық деңгейдегі цифрлы сервистерді қолданғанда да, барлық жерде Қазақстан деген сигнал шығады» деді Мусин.  

    Министр сүйіншілеген жаңалықты қазақстандықтардың басым бөлігі қуана қабылдаған жоқ. Себебі, телефонда бұған дейін сақталған байланыс нөмірлерін қайта қолмен жазып шығуға тура келеді. Жаңа кодты пайдалану 2023 жылғы қаңтар айынан басталады және 2025 жылғы қаңтарға дейін екі код: +7 және +997 коды бірге қолданылады.

    ҮШ ТАҢБАЛЫ КОД АБОНЕНТТІК БАЗАНЫ АЗАЙТАДЫ

    Айта кететіні, КСРО тарағанда, +7 халықаралық телефон коды Ресей Федерациясы мен Қазақстанға бірдей бекітілген. 2000 жылдардың бас кезінде Көлік және коммуникация министрі болған Серік Бүркітбаев Арманжан Байтасовқа берген сұхбатында +7 кодын алып қалу үшін біраз күш жұмсалғанын айтып, жас министр Бағдат Мусинге деген өкпесін білдірді.

    «Телефон нөмірлері санын көбейтуге болмайтын бағалы ресурс. Мәселен, Қытайда қазір телефон базасын ауыстыру мәселесі өзекті болып тұр. Әлем бойынша әрбір телефон абонентінің жеке сәйкестендіру коды бар және бұл ресурс жаңартылмайды. Радиожиілік пен спутниктік байланыс бірдей шектеуге ие. Кез-келген елдің телефон нөмірінің ұзақтығы максимум 15 сан және кодтағы бірінші цифр мемлекеттің атын емес, абоненттің географиялық орнын білдіреді. Мысалы, Солтүстік Америкаға +1 нөмірі берілді, Канада мен АҚШ тұрғындары осылай қолданып жүр. Еуропаға +3 және +4 коды тиесілі. Әлемнің көптеген елдері Еуропада орналасқандықтан, екі цифр берілген. Халықаралық телефон операторлары болсын, спутник операторлары болсын екі цифрға жету мүмкіндігін іздеп жатыр. Ал, біздің өзімізді мұндай мүмкіндіктен айыруымыздың артында не тұрғанын түсінбедім. Үш таңбалы DEF кодын алу арқылы республика абонент базасын өздігінен қысқартып отыр. 1999 жылы мен бұл мәселемен жеке айналыстым және біз Қазақстанды +7 аймағында ұстау үшін күресіп, бізге +77 екі таңбалы телефон кодын белгіледік. Түркілер үшін киелі 7 санында сақтап қалуға мен өзім көп күш салдым. Көрші мемлекетпен келіссөз жүргізіп, ресейлік серіктестер бізге жеңілдіктер жасауға келісті, ал біз Ресеймен бірге +7 санын сақтап қалдық», – деді ол.

    Экс-министрдің айтуынша, Қазақстаннан шетелге қоңырау шалғанда «Ресей» деген белгі пайда болса, бұл аталған мәселені келіссөз арқылы шеше алмаған биліктің кінәсі.

    «Ел кодын ауыстыру туралы шешімді қабылдамас бұрын, кәсіби талқыға салып, бір кездері +7 кодын ұстап қалған менен кеңес сұраса болар еді. Естеріңізде болса, бізде бастапқыда екіншісі 3 саны болды, яғни, +73 коды. Бұл аймаққа Қазақстанмен бірге Орталық Азия, сонымен қатар Сібірдің бір бөлігі кірді. Азия республикалары өз бетінше кетті. Біз ресейліктерге қаржылық тұрғыда шығын келтірсе де, 3 санын 7-ге ауыстыруға дайын екенімізді айттық. Бірақ жұмыс біз ойлағаннан қиын болды. Себебі қазіргі заманғы цифрлық мүмкіндіктер әлдеқайда аз және белді ұйымдармен елшіліктерге хат жолдап, бұдан былай Қазақстанның телефон коды +77 ден басталатынын бәріне хабарладық. +77 коды әдейі таңдалды, себебі, түркілер мен Қазақтар үшін «7» саны үлкен мәнге ие. Наным-сенімнен бөлек, 7 санына қатысты үлкен жоспарларымыз болды. Мәселен мен Астана үшін үш жетіден тұратын телефон кодын жасауды жүзеге асырғым келді. Осылайша, еліміздің астанасына қоңырау шалу үшін +77 777, содан кейін абоненттің нақты телефон нөмірін теру қажет болатын еді. Қызметімді ауыстырғаннан кейін ол жоспарды жеке операторлар бизнес мақсатында пайдаланып кетті», – деді экс-министр.

    ТЕЛЕФОН КОДЫН АУЫСТЫРУҒА БЮДЖЕТТЕН АҚША ЖҰМСАЛМАЙДЫ

    Министрліктің берген мәлімдемесі бойынша, жаңа кодқа бюджеттен ешқандай қаражат жұмсалмайды. Қаржылай шығынның бәрін операторлар өздері көтереді.

    «Қазақстан Халықаралық электр байланыс одағында қазіргі кодқа байланысты қажетті құжаттардың барлығын рәсімдеп, реттеген. Егер қандай да бір өзге елге қоңырау соққанда, Қазақстан деген жазу шықпаса, мәселе сол сыртқы елдің өзінде болып тұр, яғни, олар ішкі жүйесінде мемлекет атауларын өзгертпеген. 

    Қазіргі кодты Қазақстан және Ресей 2006 жылдың 17 маусымында жасалған «Әлемдік нөмірлеудің 7-аймағының нөмірлеуін пайдалану туралы» келісім негізінде қолданып келеді. Осы Келісімге сәйкес +7 аймағында Қазақстанға 600-699, 700-799 кодтары бөлінген. Сондай-ақ халықаралық кодқа байланысты кез-келген мәселемізді әуелі Ресеймен талқылап, ортақ шешімге келгенде ғана жүзеге асыра аламыз. Айта кету керек, бүгінгі таңда +7 аймағында Қазақстан Республикасы және Ресей Федерациясымен қатар, Оңтүстік Осетия және Абхазия да бар. Кезінде КСРО тарағанда, +7 аймағы одақтың мұрагері ретінде Ресей Федерациясына бекіді, бірақ Қазақстан осы аймақта қалғандықтан, ортақ кодты тең дәрежеде қолдану мүмкіндігіне ие болды. Бірақ қазіргі технологиялық дамыған заманда жаңа дербес кодқа көшу үрдісі бірталай жеңілдегендіктен, жеке кодқа өту мәселесі қозғалып, +997 коды резервке қойылды. Жаңа кодқа көшу үшін мемлекеттік бюджеттен қаражат бөлінбейді. Толықтай дербес телефон кодына өту арқылы Қазақстан бұл бағыттағы мәселелерді өз бетінше шешіп қана қоймай, цифрландыру саласындағы өзгерістерге орай нөмірлеудің ұлттық ресурсын өзі үлестіріп, сондай-ақ абоненттер мен қызметтер бойынша ұлттық жүйені кеңейту мүмкіндігіне ие болады», – деген жауап алдық.

    Фото: ашық дереккөзден

    қатысты посттар

    Өртке оранған ұшақта қаза тапқан жігіттің өлер алдындағы хабарламасы

    Ішкі істер министрі дәрігерлерді тергеудің не себепті Экономикалық тергеу қызметі жүргізгенін түсіндірді

    Фариза

    Тоқаев дүнген баланың үндеуіне жауап берді

    Фариза

    Пікір қалдыру

    3 + twelve =

    * Используя эту форму, вы соглашаетесь с хранением и обработкой ваших данных на этом веб-сайте.