16 C
Алматы
Сенбі, 20 Сәуір 2024
  • Қазақ тілі
  • Русский
  • English
  • Аймақтар

    Шуақ пен қуат

    … 2006 жылдың қыркүйек айы болатын. Үш ай жазғы демалыстан кейінгі жаңа оқу жылында мектепке келсек, біраз өзгерістер орын алыпты. Мектеп директорлығына Роза Тынымбаева атты ұстаз келіпті. Сөйтіп, біз жаңа оқу жылын жаңа директормен қарсы алдық.

    Жаңа директордың келуімен мектеп өмірі жанданып сала берді. Бұл оның алдындағы директордың ісін жоққа шығарғаным емес. Бірақ, Роза Омарқызы мектеп өміріне жаңаша әр берді. Жаңа леп әкелді. Мектебімізде көптеген өзгерістер орын алды. Оқу ордасы базасын нығайту жолында көп жұмыстар атқарылды. Дарынды балаларға жан-жақты қолдау көрсетті. Әсересе, оқушылардың ғылыммен шұғылдануына көп көңіл бөлінді.

    Роза Омарқызының басшылыққа келуімен біздің мектептің ең алдымен қол жеткізген жетістігі – еліміздің мектептері арасында өткізілген «Үздік білім ұясы» ІІ республикалық байқауында топ жаруы болды. Бұрын-соңды ауданда кездеспеген оқиға еді бұл! Қармақшылық мектеп «Еліміздің ең үздік білім ұясы» атанды! Қуанышымыз да шек болмады. Абыройлы мектептің оқушысы екендігімізге қуандық. Көп ұзамай Роза Омарқызы Астанаға шақыртылып, сол кездегі Білім және ғылым министрі Бірғаным Әйтімованың қабылдауында болып, мектебіміздің «Алтын медалін» алып келді.

    Бірақ, «Бұған Тынымбаеваның еңбегі еш сіңген жоқ, дайын нәрсеге «қожалық» етті», дескендер де табылды. Десек те, жұрт айтқандай сол «дайын нәрсені» республика деңгейіне көрсету де қыруар еңбекті, маңдай терді қажет ететін еді. Бір сөзбен айтқанда, кішкентай ғана мектепті еліміздің мыңдаған мектептері арасынан анау-мынау емес республикалық басты байқауда жеңімпаз атандыру – ерлікке тең іс болатын.

    Осылайша, мектеп өмірі қыз-қыз қайнап жатты. Оқушыларымыз да, ұстаздарымыз да түрлі деңгейдегі байқаудан жүлдесіз келмейтін болды. Директорымыз Роза Омарқызының да кабинетінде күнұзақ отырғанын көрмейсің. Қашан көрсеңіз де маңызды іспен айналысып жүгіріп жүргені. Оқушылар да директордың кабинетіне еркін кіреді. Роза апайымызбен, кез келген мәселені ашық талқылаймыз. Ол кісі бізбен үлкен адамдарша, құрдасындай сөйлеседі.

    Мектеп оқушысы облыстық немесе республикалық байқауға, түрлі жарыстар немесе олимпиадаға қатысатын болса, оның дайындығы міндетті түрде директордың кабинетінде пән жетекшісі, мектеп директорының орынбасарлары және ата-анасының қатысуымен пысықталуы дәстүрге айналды. Кейде қажет болса, мектеп намысын қорғауға бара жатқан шәкіртке қаржылай да көмек көрсетіледі. Мұндай ашық талқылауда жетекші-ата-ана-мектеп басшылығынан тұратын үштаған шәкірттерге бағыт-бағдар жөн сілтеп, ақыл-кеңесін аямайтын. Осылайша, біз директордың кабинетінен зор сеніммен, жігерімізді жанып шығатынбыз.

    Бірде, Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен Алматы қаласында тұңғыш ұйымдастырылған «Қазақстанның жас таланттары» жеңімпаздар шеруіне қатысып келсем, Роза Омарқызы бастама көтеріп, ауылға өзімнен бұрын жеткен «Ұлан» газетіне шыққан суретім мен сұхбатымды мектеп қабырғасына үлкейтіп іліп қойыпты. Мұны көрген менің төбем көкке жеткендей болды. Мектеп директоры оңтүстік шаһардан келген мені жылы қарсы алып, әлгі газетке шыққан суретім ілінген мектеп дәлізіне қолымнан жетектеп әкеліп:

    – Кез келген мектеп өзінің мерейін тасытқан шәкіртімен мақтана білуі керек, – деп бір ғана ауыз сөз айтты. Кеудемді мақтаныш сезімі кернеді. Бір ауыз сөз болғанымен, жүректен шыққан бұл сөз мені әлі күнге дейін биіктерге жетелеп келеді.

    Осы оқиғадан кейін Роза Омарқызы екеуміз жақын болып кеттік. Бір қызығы, Роза апайға ұстаз, мектеп директоры ғана емес, ақылшы, сырлас ретінде де арқа сүйеуге болатын еді. Талай арқа сүйедік те. Көңілімізге кірбің салып, мазалаған жеке мәселелерімізде тығырықтан жол тауып шығуымызға себепші болып, жөн сілтеп отыратын.

    Жылдар жасымызды ұрлап, байқатпай жылжып өтіп жатса да, директорымыз сол баяғы қалпынан танған жоқ. Қашан көрсеңіз де, мектеп үшін, мектептің басты байлығы – шәкірттері үшін жанталасып жүргені.

    Иә, Тынымбаева апайымыз тынымсыз болатын. Тынымсыз ғана емес, мазасыздығы да бар еді. Мектептің әрбір оқушысын жүрегінің бір бөлшегіндей қарайтын директорымыз әрқашан олардың жағдайына алаңдап мазасыз жүретін. Ойға алған ісін аяғына жеткізбейінше тыным таппайтын. Мектептегі үйіліп тұрған қат-қабат жұмысынан бөлек, мектепте білім алып жатқан әлеуметтік жағдайы төмен оқушылардың үйін аралайтын. Олардың ата-анасымен кеңесіп, мәселелері болып жатса, оң шешімін табуға ықпал ететін. Әлеуметтік жағынан аз қамтылған, жартылай жетім, ата-аналарының қамқорлығынсыз қалып, тағдыр тауқыметін тартқан талай қаракөздердің отбасыларында тұрақты түрде болып, тұрмыс-тіршілігімен таныса жүріп, қолынан келген көмегін аямайтын. Патронаттық қамқорлыққа алынған оқушыларды, олардың жағдайын да бір сәтке есінен шығармайтын. – Оқушыға тек білім аздық етеді. Оған білімнен бұрын тәрбие берілуі керек. «Адамзатқа тәрбиесіз берілген білім апат әкеледі» деп Аристотельдің өзі айтқан емес пе еді. Ал, тәрбие тек ұстаздан берілмейді. Бала мектепке келгенше, үйде тәрбиеленеді. Сондықтан да, тәрбие ісінде ата-ананың, бала өсіп келе жатқан ортаның ықпалы зор. Бұған бей-жай қарауға болмайды, – дейтін үнемі Роза апайымыз. Міне, біздің директорымыз осыны ойлап алаңдайтын, тыным таппайтын әрі мазасызданушы еді.

    Ұлағатты ұстаз, білікті басшы Роза Омарқызының қамқорлығы, әсіресе, ҰБТ-ға дайындық кезінде көрінді. «ҰБТ»десе, бәрінің – оқушының да, ұстаздың да, ата-ананың да, қалды ағайын-туыстың жүйкелері сыр беріп, жұқаратын шақ емес пе? Роза Омарқызы бізді алдымен ҰБТ-ға әуелі психологиялық жағынан дайындауға күш салды. Барынша ұстамды, сабырлы және өз-өзімізге сенімді болуға үйретті. «Өзіңе сен, өзіңді алып шығар, Ақылың мен еңбегің екі жақтап» деп адамзат данышпаны Абайдың бекерге айтпағанын ұқтырды.

    Басты кезекте – білім мәселесі екендігі баршаға белгілі. «Білекті бірді, білімді мыңды жығатыны» секілді, білімді алмайтын асу, бағындырмайтын биік жоқ. Біз түске дейін мектеп бағдарламасы бойынша сабақтарымызды оқып, түстен кейіннен кеш батқанша ҰБТ-ға кіретін пәндер бойынша дайындалатынбыз. Сосын үйге барып, тездетіп жүрек жалғап, бір сағаттай демалып, тыныққан боламыз да, мектепке қайтып келеміз. Иә, иә, біз мектепке түнде де дайындыққа келетінбіз. Бітіруші түлектердің барлығы емес, әрине. Әркім өз қалауы бойынша. Сөйтіп, сағат тоғыздарда мектепке келген біз жеке-жеке класстарға кіріп аламыз да, ақсап жүрген пәндерімізден өз-өзімізді қамшылаймыз. Кейде топтасып отырып бір-бірімізге көмектесеміз. Содан не керек, кешкі тоғыздарға мектепке келген бітіруші түлектер түнгі сағат бір-екілерде бір-ақ шығатынбыз. Сондай сәттерде директорымыз Роза Омарқызы мектеп дәлізінде немесе ауласында бізді күтіп жүретін. Сосын түнделетіп мектепке келген бәріміздің үй-үйімізге аман-есен жетуімізді қадағалайтын. Кейде өзі көлікке отырғызып жеткізіп тастайтын да сәттері болатын. Және мектепке қай уақытқа келсек, сол уақытта есігін аштырып беруші еді.

    Біз үшін жексенбі күндері де мектеп есігі ашық болатын. Роза Омарқызы бастап бітіруші түлектерді дайындауға ұстаздарымыз да келетін. Сондай демалыс күндері оқуға, дайындалуға еш зауқымыз жоқ, ұйқымыз қанбаған, шаршаңқы түрімізді көріп, бәрімізді мектеп ауласына алып шығатын директорымыз. Сосын бізбен бірге доп қуа жөнелетін. Бір сәт «ҰБТ» деген уайымды ұмытып, балалық шағымыз есімізге түсіп, кәдімгідей сергіп қалатынбыз. Бойымыздан ауыр жүк түскендей болатын.

    – Өмір – жүйткіген жүйрік пойыз секілді, – дейтін Роза Омарқызы. – Ол белгілі бір бекетке көп аялдамайды. Сол себепті, тоқтаған бекеттеріңнен өздеріңе тиесілі нәрсені алып үлгерулерің керек. Мәңгілік – ештеңе жоқ. Мектепте өмір бойы оқымайсыңдар. Оның уақыты біткенде алдарыңнан басқа белес шығады. Сосын тағы да асу, тағы да белес. Өмір көшінен қалсаңдар, болды, оны ешкім кері қайтара алмайды. Сондықтан, әрбір уақыттарың санаулы. Мектеп қабырғасындағы бұл уақыттарыңды босқа өткізбеңдер. Ертең «Қолымды мезгілінен кеш сермедім» деп өкінгенмен пайда жоқ.

    Уақыт – жүйрік қой. Бір күні біз де мектеп бітіріп, үлкен өмірге араласып кете барғанда есіме Роза апайымыздың аузынан тастамай, үнемі айтып жүретін «жүйрік пойызы» түсті. Қолымызды мезгілінен кеш сермеп отырғанымызды түсіндік.

    Басқаларын қайдам, «журналист болсам» деген арман жетелеген менің алғашқы қадамым сәтсіз болды. Бап шапқанмен, бақ шаппай қалды. Сол жылдары журналистика саласына 100-ден 100 балл алғандар мемлекеттік гранттың аз бөлінуі себебінен оқуға түсе алмай қалдық. Бұл мәселе туралы келесі жылы оқуға түскенімізде біздің деканымыз болған, «Қазақ журналистикасының Корифейі» атанған Намазалы Омашұлы «100-ден 100 балл алғандар оқуға түспеді!» деген тақырыппен республикалық басылымдарда мақала жариялап, дабыл қақты.

    Мен қатты қиналдым. Мені үнемі алға жетелеген, демеу болған Роза Омарқызының үмітін аяқ асты еткендей күй кештім. Ойлана келе, ата-анам қарсы болса да, оқуға келесі жылы қайта тапсырмаққа бел будым. Бағыма орай, сыртынан қана танитын қарымды қаламгер Махмұтбай Әміреұлына жағдайымды айтып барғанымда, өзі басшылық ететін облыстық «Сыр мектебі» газетіне қызметке алды. Сөйтіп, мен еңбек майданына араласып кете бардым.

    Несін жасырайын, көпке дейін өз-өзіме келе алмай жүрдім. Тек жұмысым ғана біраз жайды ұмыттырып, еңсемді тіктеткендей болды. Он бір жыл бойы кітап бетін ашпай өткен қатарластарың мемлекеттік грантпен оқуға түскенде ішің удай ашиды екен. Шынымен әділетсіздік болатын. «Мемлекет бітіруші түлек алдына қойған міндетті орындап, жүзден жүз балл жинадым. Грант жетпейді дейді. Бұл не сөз?» деймін ішімнен. Кейін білдік, сол жылы жүзден жүз балл алып, оқуға түспей қалғандар министрлікті сотқа беріпті. «Мемлекет алдымызға қойған міндетті орындап, 100 балл жинадық. Әділеттілік қайда?» деп шағымданыпты. Сот бәрін солардың пайдасына шешіпті. Сотта жеңіп шыққан олардың бәріне министрлік тарапынан қосымша грант бөлініпті. Біз ауыл баласымыз ғой, «түспедің» деген соң, кері қайтыппыз…

    Біразға дейін мектебімізді, әсіресе, директорымыз Роза Омарқызын сағынып, көңіліміз алабұрттқан күй кешті. Үнемі ақыл-кеңесі жетпей тұрғандай болатын. Демалыста ауылға барғанда ол кісінің алдында өзімізді «қылмыскердей» сезініп, көпке дейін жүзіне қарай алмай жүрдім. Себебі, оқушы кезімдегі барлық жетістігіме Роза апайдың кезінде қол жеткіздім. Сол кісінің қолдауының арқасында ие болған едім.

    Бірде Роза Омарқызының туған күні қарсаңында, алты шумақ өлеңімді жазып, бас редакторыма кірдім. Махмұтбай Әміреұлы бәріне түсіністікпен қарайтын жан еді. Келісімін берді.

    – Мектептiң толқын-толқын түлектерi,

    Биiк ұшып, келедi түлеп тегi.

    Соғылып соңғы қоңырау,

    Сiздi қимай,

    Лүпiлдеп соққан едi жүректерi, – деп басталатын, «Шәкірт жанының бағбаны» деп аталатын құттықтау-өлеңім «Сыр мектебі» газетінің сол 2010 жылғы №4 нөмірінде жарияланды.

    Осы оқиғадан кейін Роза Омарқызымен кездейсоқ жолығысып қалдық. Өлеңді оқығанын, риза болғанын айтты.

    – Аудандық білім бөлімінің басшысы Дастан Нәзікбаев ағаң айрықша риза болып жатыр. «Кеше ғана мектеп бітірген, өмірді көрмей жатып қызметке тұрған және өзі еңбек ететін басылымда ұстазын құттықтау, басылым басшысына өтініш айту – екінің бірінің қолынан келмейді. Оқушың – азамат екен!» деді, – дейді Роза апайым ағынан жарылып.

    Келесі жылы мен арман қуып, Астанаға кеттім. Оқу жылының басталғанына жиырма шақты күн өткенде Роза Омарқызы қоңырау шалды. 22 қыркүйек – Тіл мерекесін тойлап жатқан кезіміз болатын. Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия Ұлттық университетін де ұйымдастырылған шараға қатысып жатқанымды апайым «Хабар» арнасындағы жаңалықтардан көріпті.

    – Кеше бәріміз теледидардан көрдік, – дейді Роза Омарқызы қуанышын жасыра алмай, – Саған «мектеп өзінің мерейін тасытқан шәкіртімен мақтана білуі керек» деуші едім ғой. Мен сенімен мақтанамын!

    Роза апайымның бұл сөзі мені марқайтып тастады. Көңілдегі бұрынғы күдігім сейілгендей болды.

    Уақыт жүрісінен таңбады. Біз де есейдік. Астананың «тұрақты тұрғынына» айналдық. Бірде демалысқа ауылға келсек, Роза апайымыз туралы суыт хабар естідік. Жүрегіміз ытқақтап сала берді. Кейін білдік, апайымызға жазықсыз жала жабылыпты. Сол оқиғадан кейін тым сезімтал апайымыздың жүрегі мен жүйкесі қатты сыр берді. Денсаулығына да нұқсан келіпті.

    Арада тағы екі-үш жыл өткенде Роза Омарқызын іздеп, қарапайым мұғалім болып еңбек етіп жатқан мектепке бардым. Апай жүдеп кетіпті. Қайғы мен уайым жегені көрініп тұр. Бұрынғыдай ағытылып көп әңгіме айтпайды.

    Апай Алматыға жүргелі жатыр екен. «Жүрегіне тез арада ота жасату керек» депті. Қандай ауыртпашылық, қандай қайғы болмасын ең бірінші жүрекке түседі емес пе? Роза апайымыздың да жүрегі әділетсіздікке шыдамаған-ау…

    – Сендер аман болсаңдар, болды, – деді апай қоштасарда, – Біздің неміз қалды дейсіңдер. Ендігі бар үмітіміз – сендерде. Сендердің үлкен азамат болғандарыңды көрсек, жаман аттарыңды естімей, жеткен жетістіктеріңе сырттан қуанып жүрсек – осының өзі бізге үлкен мәртебе. Сонда біздің жылдар бойы еткен еңбегіміз бен төккен теріміздің ақталғаны деп білеміз. Сендер амаң болыңдар!..

    Біздің Роза апайымыздың үнемі шәкірттеріне төгіп жүретін шапағатқа толы ерекше шуағы болатын. Бала тәрбиесіне, оны оқытуға келгенде ешқашан шаршауды, шалдығуды білмейтін, шәкірттері үшін тыным таппайтын ерекше қуаты болатын. Осы екеуі қосылғанда Роза Омарқызы алмайтын асу, ол кісі басқарған ұжым бағындырмайтын биік, апай тәлім берген оқушы жетпейтін жетістік болмайтын.

    … Міне, жаңа оқу жылы да жақындап келеді. Алдында толған мақсат, толған таңдау тұрған оқушылар мектепке асығулы. Сол оқушыларға дұрыс жол көрсетіп, келешегіне айқын бағыт-бағдар сілтейтін Роза Омарқызы секілді өз ісіне берілген ұстаздар керек екені айтпаса да түсінікті. Олай болса, сіздің шәкірттерге төгер шуағыңыз бен оларға білім нәрін себетін қуатыңызға сенеміз, қымбатты Роза Омарқызы!

    Нұрсұлтан МЫҚТЫБАЙ,

    журналист,

    Қармақшы ауданы.

    қатысты посттар

    Сыр өңірінде коронавирустық инфекциясының екінші толқынына дайындық жұмыстары жүргізілуде

    Фариза

    Шымкентте науқастарды қашықтықтан қарайтын жаңа онлайн қызмет іске қосылды

    Фариза

    ШЫМКЕНТ: ҚЫЛМЫС ДЕҢГЕЙІ 39 ПАЙЫЗҒА ТӨМЕНДЕГЕН

    Фариза

    Пікір қалдыру

    eleven − 1 =

    * Используя эту форму, вы соглашаетесь с хранением и обработкой ваших данных на этом веб-сайте.