15 C
Алматы
Жұма, 19 Сәуір 2024
  • Қазақ тілі
  • Русский
  • English
  • Билік және саясат

    “Әр адам жақындарының денсалығына мұқият болу керек” Тоқаев үндеу жасады

    Індетті жеңу әрбір азаматтың өз қолында. Бұл туралы президент Қасым-Жомарт Тоқаев “Біз біргеміз” телемарафоны кезінде айтты, деп хабарлайды Qazweek.kz ақпарат агенттігі Tengrinews.kz порталына сілтеме жасап.

    Мемлекет басшысы коронавирус індетінің салдарын атап, аурудан қайтыс болған адамдардың жақындарына көңіл айтты.

    “Құрметті, отандастар. Бүгінде әлемдегі барлық ел, соның ішінде Қазақстанда коронавирус індетіне қарсы күрес жүргізіліп жатыр. Бұл әрине, өте ауқымды әрі күрделі жұмыс. Осыған орай мемлекет тарапынан теңдессіз шаралар қабылданды. Коронавируспен күресу үшін бюджеттен қомақты қаражат бөлінді. Тұрмысы төмен отбасыларға азық-түлік таратылды. Шағын және орта бизнес өкілдеріне бірқатар жеңілдік жасалды. Елбасының бастамасымен құрылған “Біз біргеміз” қорынан да көлемді қаржы бөлініп, мұқтаж жандарға нақты көмек беріліп жатыр. Бұл жұмысты “Нұр Отан” партиясы белсенді түрде жүзеге асырып жатыр. Осының бәрі бірлігіміздің бекемдігін көрсетеді. Дегенмен бұл аса жұқпалы дерт азаматтарымыздың денсаулығы мен өміріне қауіп төндіріп, халықтың әл-ауқатына нұқсан келтіріп жатыр. Ең алдымен, осы кеселден қайтыс болған адамдардың туыстары мен жақындарына көңіл айтамын. Сондай-ақ, вирус жұқтырғандардың тезірек сауығып кетуіне тілектестік білдіремін”, – деді президент “Хабар24” арнасының тікелей эфирінде.

    Мемлекет басшысы азаматтардың жеке жауапкершілікті түсініп жатқанын атап өтті. Сондай-ақ сақтық шараларын орындауға шақырды.

    “Осындай күрделі кезеңде барша жұрт жауапкершілік танытудың қаншалықты маңызды екенін түсінді деп ойлаймын. Әр адам өзінің туыстары мен жақын адамдарының денсаулығына мұқият болуы керек. Бұл – қазіргі заманның талабы. Індетті жеңу әрбір азаматтың өз қолында. Бұл ең алдымен қарапайым қағиданы ұстанудан басталады. Бетперде тағып жүру, тазалық сақтау және әлеуметтік қашықтықты ұстану – өте маңызды. Өйткені бұл сіздің және өзге адамдардың денсаулығы үшін аса қажет. Тағы қайталап айтамын, “Сақ жүрсең, сау жүресің”, “Сақтықта қорлық жоқ”. Сондықтан азаматтарды қорғау үшін біз барлық қажетті шараны жедел түрде қолға алдық және әрі қарай жалғастыра береміз”, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев “Біз біргеміз” телемарафонында.

    Мемлекет басшысы пандемиямен күресте аянбай еңбек етіп жатқан барлық дәрігерге алғыс айтты.

    Сондай-ақ құқыққорғау органдарының еңбегін де ерекше атап өтті.

    “Елдегі тәртіп сақшыларына аса маңызды міндет жүктеліп отыр. Қоғамдағы тұрақтылық пен тыныштық полицияның мінсіз қызметіне байланысты. Сіздер күрделі төтенше жағдай кезеңінен абыроймен өттіңіздер. Бүгінде карантин шараларының сақталуын қадағалап, бекеттерде қызмет етіп келесіздер. Бұл оңай жұмыс емес. Тіпті қоғам өкілдері тарапынан сынға ұшыраған кездеріңіз де болды. Әрине, кәсіби тұрғыдан біліксіздік танытқан полиция қызметкерлері де жоқ емес. Осындай жекелеген жағдайлар бүкіл құқыққорғау органдарының беделіне зиян келтіреді.

    Дегенмен, тәртіп сақшыларының басым бөлігі – адал қызмет етіп жатқан азаматтар. Мұны ешкім жоққа шығара алмайды. Осы ретте ішкі істер органдарының барлық қызметкерін кәсіби мерекелерімен – Полиция күнімен құттықтаймын”, – деді ол.

    Президент мемлекеттік қызметшілер және ақ халатты абзал жандардың төл мерекесімен құттықтап, Отан алдындағы сертке берік болғаны үшін алғыс айтты.

    “Сондай-ақ әскери қызметкерлер, еріктілер, мемлекеттік қызметшілер, қайырымдылық ұйымдарының өкілдері, журналистер және басқа да белсенді азаматтарымыз зор құрметке лайық. Сіздердің арқаларыңызда коронавируспен күрестің күрделі кезеңдерін еңсеріп келеміз. Баршаңызды бейбіт күннің батырлары деуге болады. Біз өздеріңізді мақтан тұтамыз. Қажырлы еңбектеріңіз үшін ризашылығымды білдіремін”, – деді Тоқаев.

    Мемлекет басшысы пандемиямен күреске белсенді атсалысқан қазақстандықтарға “Халық алғысы” атты арнайы медаль тапсырды және індетпен күрес аяқталғаннан кейін Нұр-Сұлтанда арнайы ескерткіш қойылатынын айтты.

    “Бүгінгі форумда коронавируспен күрестің алдынғы шебінде жүрген азаматтарға шынайы ризашылығымды білдіргім келеді. Осыған орай “Халық алғысы” атты арнайы медаль тапсыруды ұйғардым. Бұл осындай қиын-қыстау уақытта аянбай еңбек еткен азаматтарға арналған. Жаңа мемлекеттік марапат. Медаль нағыз отаншыл жандарға табысталады деп сенемін. Бүгін “Біз біргеміз” жалпыұлттық онлайн форумы аясында осы медальмен бір топ азаматты марапаттаймыз.

    Жалпы пандемияға қарсы науқанға белсенді атсалысқан ел тұрғындары мемлекеттік наградалармен марапатталады. Осы індеттен құтылған соң елордамызда азаматтарымыздың ерлігіне арналған ескерткіш қоюымыз керек. Қазақстан азаматтарына амандық, игілік тілеймін. Біз міндетті түрде жеңеміз, себебі біз біргеміз”, – деп түйіндеді сөзін Қасым-Жомарт Тоқаев.

    қатысты посттар

    Енді 42 500 теңгеге ЭЦП-сыз да, компьютерсіз де өтініш жіберуге болады

    Фариза

    Ердоғанға Ресей мен Қытай жері қосылған “Түркі әлемі” картасы табысталды

    Фариза

    “Мұсылманның қанын мұсылман жүктемеуі керек”, – депутат Смағұлов Қордайдағы жанжалдың қалай басталғанын айтты

    Пікір қалдыру

    twenty + seventeen =

    * Используя эту форму, вы соглашаетесь с хранением и обработкой ваших данных на этом веб-сайте.