11 C
Алматы
Жұма, 29 Наурыз 2024
  • Қазақ тілі
  • Русский
  • English
  • Билік және саясат

    Мемлекеттің байлығы белгілі бір адамдарға емес, барша халыққа тиесілі – Президент

    Қасым-Жомарт Тоқаев Экономикалық ресурстардың заңсыз шоғырлануына қарсы іс-қимыл мәселелері жөніндегі ведомствоаралық комиссияның отырысын өткізді. Бұл туралы Qazweek.kz ақпарат агнеттігі  Ақорданың баспасөз қызметіне сілтеме жасап хабарлайды.

    Президент жиынға қатысушылар алдында сөйлеген сөзінде халықтың Конституцияға енгізілетін түзетулерді референдумда қабылдағанын және оның заңды түрде күшіне енгенін атап өтті. Осылайша, азаматтарымыз Жаңа, Әділетті Қазақстан құруды қолдады.

    – Референдум ауқымды жаңғыртуларды жалғастыруға жол ашты. Біз елдің үмітін және сенімін  ақтауға тиіспіз. Барлық салада  бәріне бірдей мүмкіндік берілетін қоғам құруымыз қажет. Тұрғындар экономикалық өсімнің игілігін шын мәнінде көруі керек. Мемлекеттің байлығы белгілі бір адамдарға емес, барша халыққа тиесілі. Сондықтан, бүкіл халықтың әл-ауқатын арттыру – алдымызда тұрған аса маңызды міндет, – деді Президент.

    Мемлекет басшысы экономика саласын тәртіпке келтіріп, түсінікті әрі әділ ойын ережесін бекіту қажет деп санайды. Оның айтуынша, бұл бағытта қордаланған проблемалар мен олқылықтар бар.

    Қасым-Жомарт Тоқаев Жаңа Қазақстанда экономикалық дамудың басты қағидаты табыстың әділ бөлінуі және азаматтардың тұрмыс сапасын арттыру болуға тиіс екенін атап өтті.

    – Жуырда менің Жарлығыммен экономикалық ресурстардың заңсыз шоғырлануына қарсы комиссия құрылды. Бұл комиссия заңсыз жылыстатылған қаражатты елге қайтарумен айналысады. Оның жұмысы ұдайы қоғам назарында болады. Халық бізден бос уәде емес, нақты нәтиже күтеді, – деді Президент.

    Президенттің пікірінше, ынтымақты, заңдылықты және жауапкершілікті мінсіз сақтау маңызды.

    – Барлық іс-әрекет құқықтық нормаларға толық сай болуға және заңға қатаң әрі мүлтіксіз негізделуге тиіс. Прокуратура қадағалаушы орган ретінде қабылданатын барлық рәсімдердің заңға толықтай сәйкес келуін қамтамасыз етуге міндетті. Бұл мәселеде қателесуге және біліксіздік танытуға болмайды, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

    Сонымен қатар Мемлекет басшысы ведомствоаралық комиссияны белсенді әрі нәтижелі жұмыс істеуге шақырды.

    – Комиссия жұмысының нәтижесі нақты әрі сапалы болуы керек, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

    Мемлекет басшысының айтуынша, елімізден заңсыз шығарылған капиталды барлық заңды рәсімдерді сақтай отырып қайтару үшін белгілі бір уақыт керек екенін түсіну қажет.

    Қасым-Жомарт Тоқаевтың пікірінше, басты мақсат сотқа берілген қылмыстық істердің саны емес, экономиканы нақты сауықтыру.

    Президент комиссияның қызметі жөнінде жұртшылыққа жүйелі түрде хабар таратып отыруды тапсырды.

    – Біздің мақсатымыз – айқын. Халықтан ұрланған активтерді елге қайтарып, әділдік орнатуымыз керек. Қазір, ең бастысы, жұмысты тиімді ұйымдастыру қажет. Комиссия мүшелері осы міндетті абыроймен атқарады деп сенемін. Президент Әкімшілігі барлық жұмысты бақылауда ұстайды, – деді Мемлекет басшысы.

    Сонымен қатар жиында Премьер-министр Әлихан Смайылов және Бас прокурор Берік Асылов баяндама жасады.

    қатысты посттар

    Халық билікке сөзін өткізе алмайтын болса, Қосановты қолдаудың бүгінгі дүрмегінен не пайда? – Ермұрат Бапи

    Елбасының өкілеттігін одан әрі қысқарту мәселесі күн тәртібінде жоқ – Мусин

    Фариза

    Аса маңызды сәт туды – Бақытжан Сағынтаев Алматы тұрғындарына үндеу жасады

    Фариза

    Пікір қалдыру

    11 + two =

    * Используя эту форму, вы соглашаетесь с хранением и обработкой ваших данных на этом веб-сайте.