12 C
Алматы
Бейсенбі, 25 Сәуір 2024
  • Қазақ тілі
  • Русский
  • English
  • Қоғам

    Маңғыстауда қайтыс болған сарбаздың туыстары оның суицид жасағанына сенбейді

    Маңғыстау облысының Бейнеу ауданындағы шекара қызметінде әскери борышын өтеп жүрген Еділ Тешебаевтың туыстары бұл суицид оқиғасы емес деп отыр. Әскери бөлімдегілер сарбаздың туыстарына қаралы хабарды жеткізгенде алғашында пышақтап кетті, кейін бәтеңкесінің бауына асылып өлді депті. Ал анасына белдік бауына асылып қайтыс болғанын айтқан.

    Марқұмның денесін мәйітханада көрген анасы ұлы кісі қолынан көз жұмғанына сенімді, деп хабарлайды Qazweek.kz ақпарат агенттігі Экспресс К порталына сілтеме жасап.

    19 жастағы Еділ Тешебаев былтыр күзде әскер қатарына қабылданған. Өз қалауымен Отан алдындағы борышын өтеуге аттанған ол әскери қызметші болуды армандаған. Алайда борышын өтеп бітуге үш ай қалғанда 4 маусым күні бақилық болып отыр.

    Марқұмның туыстары Еділ Тешебаев өз-өзіне қол салатын бала емес екенін алға тартты. Соңғы кезде туыстарынан жиі ақша сұрап келген. Қайтыс болардың алдында да туысынан бес мың теңге сұрапты.

    “Үлкен ұлым үйленген. Екінші ұлым әскерден келген соң той жасаймын деп отыр едім. Үйімнен өлік шығарып отырмын. Бір менен емес, ағасынан, туыс әпкелерінен, бажамның ұлынан да ақша сұрап келіпті. Қинамасын деп беріп келдік. Мұндай жағдайдан соң кім баласын әскерге жібергісі келеді?”,-деді сарбаздың әкесі Бақыт Алтынбеков.

    Марқұм сарбаздың әкесі Бақыт Алтынбеков
    Марқұм сарбаздың әкесі Бақыт Алтынбеков

    Марқұмның анасы мәйітті көргенде денесінде ұрып-соғу белгілері байқалмағанын айтты. Тек қуық асты көгеріп, мойны былқ-сылқ етіп жатқан. Ал тілі қап-қара боп қан талап тұрған.

    “Өзім хирургия бөлімшесінде талай жыл еңбек еттім. Адам өлгенде бүкіл денесі қатып қалады. Ал ұлымның мойны ана жаққа, мына жаққа айналып тұр. Бұлар басын қайырып әдейі өлтіріп, сосын дарға асылып өлді деп отыр. Маңғыстауға барғанымда әскери бөлімдегілер біз білмейміз деді. Олар білмесе, сонда кім біледі? Өзі ауру болған депті. Дені сау баламды ауру етіп отыр. Егер ауру болса, не үшін әскерге алады?”,-деді Еділ Тешебаевтың анасы Нағима Нұрбайқызы.

    Марқұм сарбаздың анасы Нағима Нұрбайқызы
    Марқұм сарбаздың анасы Нағима Нұрбайқызы

    Сарбаздың туыс әпкесі болса, жас жігіт әскери бөлімдегі құпия ақпараттың куәсі болып, сол үшін қолдан өлтірілген болуы мүмкін дегенді алға тартты. Себебі әскери бөлімдегілер туыстарына қалай қайтыс болғанын айтқанда өздері әбден шатасыпты.

    “Бірінші болып бұл хабарды менің сіңліме айтқан. Әкесі телефонын көтермеді, ал анасына аузымыз бармады деген. “Блокнотында сіздің нөмеріңіз жазулы, кім боласыз?” деп сұраған. Кейін “Еділден айрылып қалдық, пышақтап кетті” деген. Сол кезде сіңлім есінен танып, телефонды ұлы алған. Ал оған бәтеңкесінің бауына асылып өлді деген. Кейінірек Еділдің анасына ұлы белдігіне асылып қайтыс болды деп айтқан. Үш адамға үш түрлі нәрсені айтып отыр. Өзінен бұрын барған сарбаздардан қысым көрді детіндей әскерге кеше барған бала емес. Тоғыз ай сонда болды. Мен ойлаймын, бұл әскери бөлімдегі үлкендердің тірлігі. Мүмкін бір құпия біліп қойғандықтан немесе көргендіктен әдейі өлтірілді ме деп ойлаймын”,-деді Еділ Тешебаевтың туысы Гүлжамила Алтынбекова.

    Еділ Тешебаевтың туысы Гүлжамила Алтынбекова
    Еділ Тешебаевтың туысы Гүлжамила Алтынбекова

    Ұлттық қауіпсіздік комитетіндегілер алдын ала болжам бойынша сарбаздың өліміне отбасылық-тұрмыстық мәселелер себеп болғанын мәлімдеген болатын. Ол өлерінің алдында соңғы хатын қалдырыпты. Алайда Еділ Тешебаевтың сыныптастары хат басқа біреудің қолымен жазылғанына сенімді. Себебі сарбаздың жазуы мүлдем басқа.

    Жауынгердің табытын Маңғыстау облысынан туған жеріне әкелген әскери бөлімдегілер марқұмның туыстарынан кешірім сұрап, материалдық көмек ретінде 1 миллион теңге ақша алып келген. Бөлім командирінің міндетін атқарушы сарбаздың суицидке баруына отбасылық жағдай себеп болды дегенді тергеушілер естіпті.

    Сарбаз соңғы айда есінен танып қала берді деп отыр. Тіпті екі аптадай Ақтаудағы госпитальда ем қабылдаған. Алайда сарбаздың сырқаты туралы туыстарына айтуға міндетті емеспіз дегенді алға тартты.

    “Ол ата-анасымен жиі хабарласып отырған. Біз сарбаздарымыз орнынан тұра алмайтындай болып қатты сырқаттанса ғана туыстарына хабар береміз. Ал бұл жағдайда ата-анасына хабар берілмеді. Суицидке баруына отбасылық мәселелер себеп болды дегенді тергеушілерден естідік. Істі Ақтаудағы әскери тергеу басқармасы жүргізіп жатыр. Қай баппен іс қозғалғанын білмеймін”,-деді шекара қызметі басқарма бастығының міндетін атқарушы Асқар Аяғанов.

    Шекара қызметі басқарма бастығының міндетін атқарушы Асқар Аяғанов
    Шекара қызметі басқарма бастығының міндетін атқарушы Асқар Аяғанов

    Айдың-күннің аманында ұлдарынан айырылып отырған марқұмның туыстары нақты өлім себебі анықталып, істің әділ жүргізілуін талап етіп отыр.

    қатысты посттар

    Өскеменде Наурыз мейрамы жаңа форматта өтеді

    “Халық бізге сенім артып, өз таңдауын жасады…” – Тоқаевтың сайлаудан кейінгі мәлімдемесі

    Үш бірдей полицей түрмеге қамалды: сотталушының анасы Жоғарғы сотқа жүгінді

    Фариза

    Пікір қалдыру

    one + seven =

    * Используя эту форму, вы соглашаетесь с хранением и обработкой ваших данных на этом веб-сайте.