15 C
Алматы
Жұма, 19 Сәуір 2024
  • Қазақ тілі
  • Русский
  • English
  • Отбасы

    БАЛА ТӘРБИЕСІ – МЕМЛЕКЕТТІҢ МАҢЫЗДЫ МІНДЕТІ

    Балалар – кемел келешектің бүгінгі кепілі екені анық. Ежелгі грек философы Платон айтқандай, «Бала тәрбиесі – мемлекеттің маңызды міндеті». Ел ертеңінің тұтқасын ұстар бүгінгі бөбектеріміздің балалық шағы бақытты, денсаулықтарының мықты болуын және сапалы да саналы білім алуын қамтамасыз ету – басты міндет. Осы орайда, биылғы жылы сол болашақ биік азаматтарымызға ерекше көңіл бөлініп, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 2022 жылды – «Балалар жылы» деп жариялады.

    Балбөбек балғындарға ерекше көңіл бөліп, біраз жаңалық жариялау бұрыннан уақыт күттірмейтін мәселе еді. Сағат сырғып алға жылжып, уақыт өткен сайын қоғам да өзгеріске ұшырауда. Осы тұста балаларды өмірдің сергелдең жолында дұрыс жолға бағыттау да маңызды рөл атқарады. Сондықтан, балалардың сапалы білім алуына, тәрбиесіне, денсаулығы мен психологиясына көп көңіл бөліну керектігі айтпаса да түсінікті.

    БІЛІМ БЕРУДЕГІ ЖАҢА ЖҮЙЕ БАЛАЛАРДЫ БІЛІМДІ ЕТЕ АЛА МА?

    Қазақстандағы білім беру саласы соңғы жылдары едәуір өзгеріске ұшырады. Жүйе жаңарып, оқушылардың білім нәрімен сусындауына жаңаша жағдай жасала бастады. Кеңестік кезеңнен қалған 5 баллдық бағалау жүйесі жаңа заман балаларына тиімсіз екені дәлелденіп, мектептегі білім жаңа форматқа ауысты.

    Мұндай жаңашылдықты таңдау себебін ҚР Білім және ғылым бірінші вице-министрі Шолпан Каринова: «Бұрын фактологиялық білімге басымдық берілді. Ондайда оқушыларға өңделген және дайын материалдар ұсынылатын. Яғни, ақпараттық білім беру басым болатын. Ал критериалды бағалау жүйесі баланың ойлау дағдылары мен алған білімін қаншалықты қолдануға қабілетті екенін анықтауға мүмкіндік береді. Бұрынғы және жаңа жүйенің жүктемесі бірдей, бірақ, критериалды бағалаудың артықшылығы көп. Оқушылар «4» пен «5» алу үшін оқымайды, ұпай жинау арқылы оқу бағдарламасын меңгеруге тырысады. Осының арқасында білімнің сапасы да артады. Ескі жүйе кезінде бастауыш сынып мұғалімдері күн сайын дәптер тексеретін. Қазақ, орыс тілдері, математика, физика, химия мен биология пәні мұғалімдері үшін де солай болды. Себебі, орта және жоғары сыныптарда жазбаша, зертханалық және практикалық жұмыстар көп. Бүгін осы мұғалімдер жиынтық тексерулер кезінде қиындық көріп жатқан жоқ. Бұл тұста бұрын жазбаша жұмыстары болмаған және оқушылардың ауызша жауаптарын ғана бағалауға үйренген пән мұғалімдері қиналып жатыр», – деп түсіндіреді.

    Бұдан бөлек, министрлік те он баллдық жүйенің оңтайлы тұстарын саралаған көрінеді. Ведомостваның хабарлауынша, критериалды бағалау жүйесін олар алты жыл бойы дайындап, бірқатар мектептерде қанатқақты жоба ретінде сынап көрген. «Ал бүгін балаларға үлкен өмірге қадам басуды үйрететін осы «бағалаудың» пайдасын қарапайым мысалмен түсіндіргіміз келеді. Сауалнамалар нәтижесі бойынша, жас маманды қызметке қабылдар кезде жұмыс берушілер оның алған бағаларына мән бермейді. Онда бағаның не керегі бар? Мұғалімдердің пікірінше, баға – баланың оқу барысындағы бағытын айқындау үшін қажет. Алайда, дәстүрлі бес балдық бағалау жүйесі бұл талаптың үдесінен шыға алмайды. Сондықтан да мектепте білім беру жүйесіне критерий бойынша бағалау әдісі енгізілуде. Мысалы, 2014 жылы «Астана» командасының мүшесі «Тур де Франс» жарысында жеңімпаз болды. Мектеп қабырғасындағы білім де осы велотурнирге ұқсас. Бұл әдісте де екі кезеңді алға тартуға болады. Оқу барысын веложарыс кезеңі десек, жетістіктерді санамалау – барлық кезеңнің жалпы уақытын есептеу. Әр баланың қабілеті әртүрлі, қызығушылықтары да әр алуан. Осыған қарамастан оқушының барлығы жаңа дүниені білуге ұмтылады. Соңында оған қол жеткізеді де. Ал жетістікке қандай жолмен жеткені маңызды ма?», – дейді министрліктегілер.

    Тағы бір мысал. Винченцо Нибали аталған турнирдің екінші кезеңінде қарқынын бәсеңдетті. Бірақ, жалпы есепте жеңімпаз болуына бұл кедергі келтірген жоқ. Оқыту барысында баға қойып отыру – жеңімпазды жарты жолда анықтау секілді қисынсыз әрекет екен. Осы себепті қазіргі оқу бағдарламасы бойынша әдеттегі баға қоюдың орнына қалыптастырушы бағалау енгізілген. Мұғалім баланың орындаған тапсырмаларына пікір жазу арқылы негізгі ұстанған білім бағытына қарай жол сілтейді. Осылайша, оқушыны баға үшін емес, білім үшін оқуға итермелейтін көрінеді.

    Берілген оқу материалының соңында оқушының алған білімі анықталады. Көп жылдардан бері баланың білімін журналға қойылған баға көрсетіп келген еді. Мұғалімдердің бағалауға деген ортақ талаптары болмауына орай әрі оның бағамын «бестіктің» пайдасына жығып берудің арқасында соңғы жылдары бағаның да құны түсе бастағаны жасырын емес. Яғни, оқу күрделене бастаған сайын үздік оқушылар саны арта түсті. Оқушылардың жетістіктерін нақты талаптар бойынша бағалап әрі біржақты пікір тумауы үшін мектептерде жиынтық бағалау енгізіліпті. Балалар біркелкі стандартты сынақ тапсырып, оның қорытындысы автоматты түрде негізгі бағаға айналады. Бұл жариялы, ашық түрде жасалады. Әдетте, велошабандоздың да әр кезеңдегі уақыты қосылып, уақытына қарай жеңімпаз анықталады.

    «Мектептің міндеті – балаларды үлкен өмірге дайындап, оларға қоғамда қажет болатын білім мен дағдыға баулу. Орта білім беру саласында критерий бойынша бағалау әдеттегі бес балдық жүйеге қарағанда балаларды баға үшін емес, білім үшін оқуға итермелейді. Себебі, ер жеткенде журналға қойылған бестіктер емес, мектепте алған білімі көмектесетіні дәлелдеуді қажет етпейді», – дейді осы тұста Білім және ғылым министрлігі.

    Бүгінгі таңда жаңа жүйеге ұстаздар қауымының да еті үйреніп, жаңа форматтағы білім беруде алдыңғы қатардан көрініп жүр. Алғашында қоғамда үлкен резонанс тудырған бұл бастама бүгінде жемісін беруде. Байқасақ, соңғы жылдары Қазақстан шәкірттері білім саласында біраз биікті бағындырып, шетелдерді мойындатып жүр. Мұның барлығы жаңашыл формат пен жаңаша білім беру жүйесінің нәтижесі екені анық.

    Жаңа жүйенің жағымды тұстары көп екенін мұғалімдер де жоққа шығармайды. Қызылорда қаласындағы №222 мектептің мұғалімі Кәмшат Бисембина түбегейлі өзгеріске ұшыраған білім беру форматының тиімді екенін айтады. «Білім берудегі өзгерістің қажеттігін қаншама жыл осы саланың «майын ішкен», білім беруді зерттеп жүрген ғалым-ұстаздардың пайымы, педагогикалық әлемдік зерттеулер нәтижесі дәлелдеп отыр. 30 оқушыға ақпаратты бірдей жеткізетін, оның қай бала қандай деңгейде игергені бағаланбайтын, «менікі ғана дұрыс» деген диктаторлық оқыту системасы қазіргі заманғы компьютер арқылы интернеттегі жан-жақты ақпаратпен қаруланған тұлғаны оқытуда тиімсіз екені байқалды. Ал қазіргі оқытудағы топтық жұмыс оқушының ортамен жұмыс жасау дағдысын қалыптастырса, өзін-өзі бағалау дағдылары әр тұлғаға өз ісінің нақты бағасын жалпылама түрде емес жан-жақты қырынан бағалауды үйретеді. Яғни, жаңартылған бағдарлама дағдылары тұлғаның толыққанды өмірге бейімделуін реттейді. Сондай-ақ, критериалды бағалау форматы оқушыға қажетті ақпаратты елеп, қолдана білуге үйретіп отыр. Жаңа формат мұғалімнен әр оқушының сабақ үстіндегі психологиялық көңіл-күйі мен тақырыпты қабылдау мүмкіндіктеріндегі ерекшеліктермен жұмыс жасауды қажет етеді. Одан бөлек, дәстүрлі білім берудегі «барлығына бірдей білім» емес, «мүмкіндігіне қарай білім» беру әдістемесін жүзеге асыруды талап етеді. Қазіргі кезде заманның сұранысы, талабы, әлемдік стандартқа сай білім беру әдістемесін үйрену қажеттігі туып отыр. Жалпы, жаңартылған бағдарлама білім беру саласындағы ендірілген қателік емес, жаңару, әлемдік дамуға бейімделу деп қарағанымыз дұрыс деп ойлаймын», − дейді тарихшы К.Бисембина.

    Білім және ғылым министрлігінің мәліметінше, Қазақстан бойынша барлығы 7550 мектеп бар. Ол мектептерде 3,6 млн оқушы білім алып, 366,6 мың педагог қызмет етеді. «Осы үш жарым миллион оқушының сапалы білім алуы үшін, оларды саналы шәкірт етіп тәрбиелеу үшін 366 мың қазақстандық мұғалімге барлық жағдай жасалған», дейді ведомоства өкілдері. Демек, ұстаздар қауымының басты ұстанымы – білікті шәкірт тәрбиелеу болуы қажет екендігі сөзсіз.

    ҚЫЛМЫСКЕР БАЛА ҚАЙДАН ШЫҒАДЫ?

    Соңғы кездері құқықбұзушылық пен қылмыс балалар арасында да жиілеп кеткенін жоққа шығара алмаймыз. Әлімжеттік жасау, бопсалау, баланы кемсіту кейде өлімге әкеліп жататыны жасырын емес. Бар болашағы әлі алда балғынның жер жастанып, бақилық болғаны ешкімге оңай тимесі анық. «Ұрлықтың түбі – қорлық» екенін білмей, бала көңілмен өзгенің затына қол сұғатын жеткіншектер де бар. Ақпараттық технология қарыштап дамыған кезеңде әлеуметтік желілерде «кибербуллингке» ұшырап, ақырында өз-өзіне қол жұмсаған қанша жеткіншектің ата-анасын зар жылатып кете барғаны – өз алдына бөлек әңгіме.

    Келешегінен зор үміт күтіп отырған, бақытты балалық шағы болуы үшін бар жанын салған қай ата-ана баласының опық жегенін не өмірден өткенін қалайды дейсіз?! Әрине, ешкім!

    Әйтсе де, қоғамда абайсыз от басып абақтыға жабылған, біреудің кесірінен ақ мата жамылған балалар бар. Ал олардың мұндай іске баруына не себеп және оның тоқтамы қандай? Міне, осы сұрақтардың жауабы мен шешімі көптің көкейінде жүргендігі анық.

    2021 жылғы мәлімет бойынша, бүгінде елімізде құқық бұзушылық жасауға бейім 5000-нан астам жасөспірім есепте тұр. Ал Ішкі істер министрлігінің дерегінше, соңғы жеті жылда елімізде жасөспірімдер арасындағы қылмыс, аз да болса, төмендеп келеді екен. 2013 жылмен салыстырғанда бұл көрсеткіш 64 процентке азайған. Ал 2020 жылы кәмелетке толмағандардың жасаған ұрлық саны 39 процентке, тонау 54 процентке, қарақшылық 79 процентке және бұзақылық 25 процентке төмендеген. 2020 жылы 65 мыңнан астам ата-ана балаларының түнгі уақытта көшеде және ойын-сауық орындарында жүргені үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылған.

    Қаптаған сандардың қазақтың қаракөз балаларына қатысты екені қынжылтады. Кінә – кімнен? Ең алдымен, әрине, қазақылыққа салып, ата-анадан көреміз. Себебі, баланың тәрбиесіне, көрген-білгеніне ата-ана жауапты. Осы орайда, бұл «бәленің» көбісі телефонға телміргеннен келетінін ашық айту қажет. Расында, заман талабы, бала қалауы деп бүгінде балғын балаларымызды сымтетікке сымсыз байлап қойдық. Сабақты да сол жерден оқып, бар қызықты да сол бір қалтафонның ішінен табады. Анда-санда еске түскенде: «Телефонды таста!» деп ұрысып аламыз. Алайда, өзіміз телефон ұстап отырып балаға олай жекіргеніміз қаншалықты тиімді? Тіпті, қазіргі қоғамда отбасында кешкілік балаларының тәрбиесі жайлы сөйлесетін, отбасы болып жиналып пікір алмасатындар саны өте аз. Ал бала қашанда тәрбиені, мейірімділік пен ашықтықты отбасынан күтетіні тайға таңба басқандай анық нәрсе. Желіден жетесіздік пен жиіркенішті дүниелерді көп көрген бала қылмысқа бейім болмағанда қайтсін?! Одан қалды, әлеуметтік желілерде жаға жыртысып, буллингке ұшырайтыны тағы бар.

    Жалпы, психология бойынша балалардың қылмысқа баруына итермелейтін бірнеше себеп бар. Оның бірі – санасында өзін идеал көретін бейненің дұрыс болмауы. Яғни, кинодан көрген гангстер мен неше түрлі жағымсыз кейіпкерге еліктеуі. Бұдан бөлек, отбасылық қарым-қатынастың әлсіздігі, ата-ананың жұмысбастылығы, балаға оң мен солды үйретпеуі де балаға опық жегізуі мүмкін. «Өз-өзіне сенімділіктің жоғарылап, өз-өзін толық бақылай алмау, заң күшіне сенімсіздік білдіру және ата-ананың баласына қажетті зияткерлік немесе адамгершілік тәрбиені бере алмауы – балаға кері әсерін тигізеді», дейді сала мамандары.

    Балбөбек балғындарымыздың бақытты ғұмыр кешуі мен болашағының жарқын болуы үшін бүгінгі күні, дәл қазіргі сәтте оларға көңіл бөліп, қазақи тәлім-тәрбие алуына жағдай жасалуы керек. Ата-бабадан аманат болып келе жатқан рухани байлығымыз, өзгенің ала жібін аттамау, өзгені даттамау секілді тыйым сөздерді күн сайын естіп өскен ұрпақтың есті болары сөзсіз.

    БАЛА АУРУШАҢДЫҒЫНЫҢ БІР СЕБЕБІ – ОТБАСЫЛЫҚ ТӘРБИЕДЕ ЖАТЫР

    Қазақта: «Ауырып ем іздегенше, ауырмайтын жол ізде» деген тәмсіл бар. Міне, дәл осы дағдыны балалар арасында қалыптастыру керектігі күн сайын дәлелденіп келеді. Бүгінде туа бітті ауруға шалдығатын бала саны көбейді. Оларды отандастарымыз күн-түн демей қаражат жинап, шетел асып, миллиондаған көк қағазға емдетуге мәжбүр. Көптің көкейінде: «Неге балаларды елде тегін емдеуге болмайды?» деген сұрақ бар. Бірақ, одан бұрын: «Неге елімізде жыл сайын түрлі дертке шалдыққан ауру балалардың саны көбейіп кетті?» деген сауалды бірінші қойған жөн болар…

    Әуелі, «Баланың денсаулығы мықты болып өсуі үшін не істеу керек?» деген сұрақтың жауабын іздеп көрейік. Дәрігерлердің айтуынша, бұл үшін, ең алдымен, балалардың гигиенаны сақтауы, күн тәртібін дұрыс жоспарлау, спортпен шұғылданып, зиянды тамақтардан бас тартуы секілді нәрселер алдыңғы орында болуы қажет көрінеді. Иә, бұл осы уақытқа дейін сан мәрте айтылып та, жазылып та келе жатқан жаттанды әрекеттер екені белгілі. Бірақ, дәл осы қарапайым ғана «жаттанды» дағдыларды орындап жүргеніміз де шамалы.

    Жас ұрпақтың денсаулығын сақтау – мемлекеттің маңызды стратегиялық міндеті. Елдің ересек халқының денсаулығының іргетасы бала жаста қаланатыны белгілі. «Соңғы уақытта жиілеген балалар мен жасөспірімдердің денсаулығындағы жағымсыз көріністер мемлекетке үлкен әлеуметтік және экономикалық шығын әкелетінін жасыруға болмайды», дейді мамандар.

    Осы тұста, балалар мен жасөспірімдердің есірткі, алкоголь мен психотроптық заттарға деген қызығушылығының соңы үлкен өкініштерге әкеліп соқтырып отырғанын айтпай кетпесе болмас. Жаңа қоғам мен субмәдениеттің қалыптасуы, батысқа еліктеу нәтижесінде ойын-сауық орындарының саны артып, дене шынықтыру саласында қызмет ететін нысандардың сапасыздығы да балаларға кері әсерін тигізуде. Статистика бойынша, психикалық және псикологиялық ауытқуы бар адамдардың әрбір төртіншісі – бала. Соның ішінде, соңғы 5 жылда елімізде есірткі мен алкоголь сияқты психоактивті затты қолданғаннан пайда болатын балалар арасындағы психо-тәртіптік бұзылулары бар аурулардың жылдам қарқынмен дамып келе жатқандығын сала мамандары жарыса айтып, дабыл қағуда.

    Психолог, педагогика ғылымының магистрі Арайлым Самал қазіргі балалардың психологиясы аса сезімталдық пен шексіз комплекспен ерекшеленетінін айтады. «Ақпарат пен технология ғасырында енді дамып келе жатқан балалар мен жасөспірімдердің организмі мен психикасына аса назар аударып, дұрыс қолдау көрсету тек мамандарға емес, ата-аналарға да қатар жүктелген міндет. Бүгінде жасөспірімдер арасында тұлғаралық конфликт, өз-өзіне зиян келтіру жағдайларының жиілеуінің бірден-бір себебі – бала отбасында өзін толығымен жайлы сезіне алмауында жатыр. Жасөспірімдермен жұмыс жасайтындықтан, қызмет барысында «Оларды не мазалайды?» деген сауалдың жауабын табуға тырыстым. Бұл сұрақты қойған кезде балалардың 60 проценті ата-аналарының арасындағы қарым-қатынасты алға тартады. Яғни, олардың ажырасуы, баланың көзінше ұрыс-керістің болуы балаға зиянын тигізеді. Ал 20 процент балалар өздеріне жеткіліксіз көңіл бөлінетінін айтады. Мысалы, ата-анасымен ортақ тақырыптың жоқтығы, бос уақыттарының сәйкес келмеуі, сүйікті істің болмауы деген сияқты. Көпке топырақ шашпаймыз, әрине, бірақ, кей ата-аналар уақыттың тапшылығынан, энергияның аздығынан бала түгіл өзіне де көңіл аудара алмайтын кездері болады. Алайда, көп ауру жүйке жүйесінен пайда болатынын ескерсек, баланың денсаулығы, өмірлік ұстанымы дұрыс болуы үшін тәлім-тәрбиеге көп зер салуы қажет», − дейді психолог Арайлым Берікқызы.

    Яғни, барлық мәселе бала тәрбиесіне, отбасындағы қарым-қатынасқа келіп тіреледі. Сондықтан, күйбең тіршіліктен бір сәтке арылып, балаға көңіл аударып, көбірек бірге уақыт өткізген жөн.

    P.S. «Өмірдің бір қызығы – бала деген». Ал осы балаларымыздың бүгіні бақытты, болашағы баянды болуы үшін бар жан-тәнімізбен аялап, қорғап-қолдап, жылулық бөлегеніміз абзал. Ел ертеңінің ержүрек азаматы, халқының ибалы аруы бүгінгі балалар екендігін бір сәтке де есімізден шығармауымыз керек. Қазақтың қара домалақ балалары сапалы біліммен, саналы тәрбиемен қаруланып, денсаулықтары мықты болып өссе, еліміздің келешегі де жарқын болмақ.

    Нұрсұлтан МЫҚТЫБАЙ,

    журналист.

    қатысты посттар

    “Баламның мінезі өзгеріп кетті”. Жасөспірімдердің ата-анасына арналған 10 кеңес

    Фариза

    12 жасқа дейінгі баланы жалғыз қалдырған ата-аналар жауапқа тартылады

    Фариза

    Өз қызын зорламақ болған педофил құрбан болып, анасы баласын қорғағаны үшін түрмеге жабылуы мүмкін

    Пікір қалдыру

    eighteen − eighteen =

    * Используя эту форму, вы соглашаетесь с хранением и обработкой ваших данных на этом веб-сайте.