12 C
Алматы
Жұма, 29 Наурыз 2024
  • Қазақ тілі
  • Русский
  • English
  • Жаңалықтар

    2022 жылы Алматыда қоғамдық көлік ақысы көтерілуі мүмкін

    Қала әкімінің орынбасары шешім қабылдамас бұрын, қоғамдық талқылау болатынын айтты.

    Жаңа жылда тариф көтеру мәселесі қаралады. Бірақ бұл жолақысын бір күнде көтере саламыз деген сөз емес, тұрғындармен ақылдасамыз, деп мәлімдеді Алматы қаласы әкімінің орынбасары Серік Құсайынов. Бұл туралы Qazweek.kz ақпарат агенттігі Informburo.kz порталына сілтеме жасап хабарлайды.

    “80 теңге дегеніміз – төмен тариф. Шынайы тарифтің өз бағасы шамамен екі есе көп. Жаңа жылдан кейін тарифті қаншаға көтере алатынымызды есептеп көретін шығармыз. Экономика мәселесі де біраз ойландырып тұр. Жолақысын көтеруге тасымалдаушылар мен кәсіпкерлер кеше дайын болған. Өйткені, бұл олардың басты табыстары, талқыламасақ та болады. Бірақ біз халықтың қаншалықты төлем жасай алатынын да, өзге әлеуметтік мәселелерді де қарауымыз керек. Әзірге қаншаға көтерілетінін айта алмаймын. (…). Бүгін-ертең көтере саламыз деген шешім жоқ. Тарифті сіздермен, қоғаммен талқылай отырып көтереміз. Бұл мәселе бойынша міндетті түрде қоғамдық тыңдалым өтеді. Ауыр әрі өзекті мәселе, бірақ қандай да бір дайын тұрған дата жоқ”, – деді Серік Құсайынов.

    Сондай-ақ, ол қалада автобус жетіспеушілігі мәселесіне тоқталды. Жаңа жыл қарсаңында жаңа 150 автобус сатып алып, оны қолданысқа беретінін айтты.

    “Өкінішке орай, тасымалдаушы, автобус, жүргізушілердің сапасы тиісті деңгейде емес. Біз мұны жасыра алмаймыз, мұнымен жұмыс істеп жатырмыз. Күн сайын әлеуметтік желі арқылы тұрғындардан шағым келіп түседі. Олардың барлығы әділетті, мойындаймыз. Бұл өтірік деп те айта алмаймыз”, – деп қосты Серік Құсайынов.

    Мұнымен қатар, ол көбірек субсидия бөлуге қолда бар бюджеттің жетпейтініне тоқталды.

    “Жыл басында біз төлейтін ақшаның жалпы сомасы 40 млрд теңге болды. Бұл – республикадағы ең жоғары көрсеткіш. Ешбір өңір мұндай мөлшерде датация қолданбайды. Ал керек сома – 60-70 млрд теңге. Оның үстіне бұған дейінгі есептер осыдан ондаған жыл бұрын жасалған. Ол кезде мұның барлығы көзге көрінбеген болуы мүмкін. Қазір әр тиынды санап отырмыз, датацияның көп қаржыны талап ететініне көзіміз жетті”, – деді Серік Құсайынов.

    Қазіргі кезде Алматы қаласында 151 қалалық бағытқа қызмет көрсету бойынша 21 тасымалдаушы жұмыс істейді. Бағыттар бойынша жүретін автобустардың саны 2 441 жылжымалы бірлікті құрайды. Оның ішінде 515 газ автобусы, 196 троллейбус, 15 электр автобусы және дизельдегі 1 715 автобус бар.

    Алматы әкімінің орынбасары 2021 және 2022 жылдары “Алматыэлектротранс” ЖШС коммуналдық автобус паркі 300 газ автобусын сатып алу жоспарланғанын атап өтті. Бұдан өзге, жеке инвестор 2022 жылы қалалық бағыттарға қызмет көрсететін 200-ге дейін газ автобустарын сатып алу, көлік санын 2025 жылға дейін 500 жылжымалы бірлікке дейін ұлғайту, жаңа автобус паркін салу мәселесін қарастырып жатқанына тоқталды. Сондай-ақ, 2022 жылы Алатау ауданындағы индустриалды аймақта автобус паркін салу жоспарлануда.

    қатысты посттар

    Сыр еліне дәрілік заттар көршілес мемлекеттерден де жеткізілмек

    Фариза

    Қызылордада жыл басынан бері 70 мыңға жуық мемлекеттік қызмет көрсетілген

    Фариза

    Қызылорда: Жалағаш ауданында жаңа мектеп ашылды

    Фариза

    Пікір қалдыру

    eight − three =

    * Используя эту форму, вы соглашаетесь с хранением и обработкой ваших данных на этом веб-сайте.