12 C
Алматы
Жұма, 29 Наурыз 2024
  • Қазақ тілі
  • Русский
  • English
  • Қоғам

    Орал тұрғыны марқұм белсенді Дулат Ағаділді еске алып, пикет өткізді

    Орал тұрғыны Бекболат Өтебаев белсенді Дулат Ағаділдің қазасына бір жыл толған күні қаланың орталық алаңында бір адамдық пикет өткізді. 25 ақпанда ол Абай ескерткішінің жанында Нұр-Сұлтан түрмесінде жұмбақ жағдайда көз жұмған белсенді Дулат Ағаділ мен былтыр қарашада кісі қолынан мерт болған Ағаділдің ұлы Жанболаттың суретін ұстап шықты, деп хабарлайды Qazweek.kz ақпарат агенттігі Азаттық радиосына сілтеме жасап.

    Өтебаев пикетке шығу себебін айта бастағанда оған үш адам келіп, екеуі оны ұялы телефонмен видеоға түсіре бастады. Енді бірі өзін әкімдіктің ішкі саясат бөлімінің қызметкерімін деп таныстырып, Өтебаевтан акцияны тоқтатуды сұрады. Белсенді пикетті тоқтатпайтынын айтқан соң ол кетіп қалды.

    — Дулат Ағаділді бір минуттық үнсіздікпен еске алғым келеді. Қолымды жүрегімнің тұсына қойып айтайын, Дулат пен оның ұлы Жанболат және басқа да туыстары біздің жүрегімізде тірі, — деді Өтебаев.

    Бір минуттық үнсіздіктен соң белсенді Дулат пен оның ұлы Жанболат “елдің экс-президенті Нұрсұлтан Назарбаев ұрлаған адам құқығы үшін күрескенін” айтты.

    — Олар біздің азаматтық құқығымызды қорғады, жемқорлықпен күресті, оларды сол үшін өлтірді, — деді белсенді.

    Пикет жарты сағатқа созылды. Осы уақытта алаңда полиция қызметкерлері мен штаттық киімдегі бірнеше адам аңдып жүрді.

    Дулат Ағаділ Қазақстанда билік рұқсат бере қоймайтын наразылық акцияларына қатысып, үкіметке талап қойған белсенді әрі қоғамда резонанс туғызған істер бойынша өткен соттардан тікелей хабар таратқан блогер ретінде танылған. Ол былтыр 25 ақпанда астанадағы тергеу изоляторында көз жұмды. Полицейлер 24 ақпан кешкісін Ағаділді үйінен алып кеткен. Билік белсенді жүрек талмасынан қаза болды дейді. Ал туыстары мен жақтастары биліктің айтқанымен келіспейді. Құқық қорғаушылар Дулат Ағаділді “саяси өлімнің құрбаны” деп атаған.

    Полицияның Дулат Ағаділді үйінен әкеткенін соңғы көргендердің бірі – оның 17 жастағы ұлы Жанболат Ағаділ еді. Ол былтыр 11 қарашада кісі қолынан қаза тапты. Тергеу Жанболат Ағаділ төбелес кезінде пышақталып қайтыс болды деп мәлімдеді. Қазір Жанболат Ағаділдің өлімі бойынша Нұр-Сұлтанда алты күдіктінің үстінен сот өтіп жатыр.

    Биыл 11 ақпанда Еуропарламент Қазақстандағы адам құқығы жағдайына қатысты қарарда Дулат және Жанболат Ағаділдер “құқық қорғау органдары мен арнайы қызметтің саяси репрессиясы мен заңсыз әрекетінен қаза болды” деген.

    қатысты посттар

    “Халықтың көпшілігі тақыр кедей, жоқшылықтан көз ашпайды” – депутаттар дабыл қағуда

    Дүниеге үшем әкелген ана Шыменттегі жарылыс салдарынан екі баласынан айрылды

    Фариза

    “Ондай адамды ана деп айта аламыз ба?” Қызын зорлаған өгей әкені қорғаған әйел жаға ұстатты (видео)

    Пікір қалдыру

    14 − fourteen =

    * Используя эту форму, вы соглашаетесь с хранением и обработкой ваших данных на этом веб-сайте.