16 C
Алматы
Бейсенбі, 25 Сәуір 2024
  • Қазақ тілі
  • Русский
  • English
  • Денсаулық

    «2 млн теңге ешкім алған жоқ»: еGov вирус жұқтырған дәрігерлерге төлем жасау жүйесін әлі реттемеген

    Жамбыл облысында коронавирус жұқтырған дәрігерлер өтемақыларын әлі ала алмай жүр. Өңірде барлығы 9 медицина қызметкеріне біржолығы әлеуметтік өтемақы төленуі тіис. Олардың ішінде министр Біртановқа видеоүндау жолдап танымал болған Меркі аудандық ауруханасының дәрігері Толқынай Ордабаева да бар. Ол ТЖ кезінде науқастарды қабылдау барысында вирус жұқтырған. 8 күн инфекция бөлімінде жұмыс істеп,  коронавирустан айығу үшін 17 күн ауруханада жатқан болатын.

    «ҚАСАҚАНА БЕРМЕЙ ОТЫР»

    Елде пандемия алғаш өршіп кеткен кезде Меркі аудандық ауруханасында туындаған бар проблеманы жұртқа жайып салған дәрігер екі айдан бері тиісті өтемақысын ала алмай жүр.

    «Әлі бермей (өтемақы – ред.) жатыр. Мен сұраған сайын облыстық Денсаулық сақтау басқармасындағылар  бізге қайта-қайта  жаза бермеңізші дейді. Қажетті құжаттардың бәрін түгендеп жібергем. Енді ондай төлем жоқ дей ме, әйтеуір, маған олар қасақана жасап жатқан сияқты сол бойы ала алмайтындай. Мен өзім жалынып сұраудан шаршадым», – деді  Меркі аудандық ауруханасының дәрігері Толқынай Ордабаева.

    Бұдан бұрын Толқынайдың мәселесін Жамбыл облысы әкімінің орынбасары бастаған 7 адамдық арнайы комиссия тексеріп, дәрігер індетті жұмыс барысында жұқтырды деген шешім шығарады. Сөйтіп, оны өтемақы алатындардың тізіміне қосқан еді.

    «ӘРІПТЕСТЕРІМ МИЛЛИОНЕР ДЕП ОЙЛАЙДЫ»

    Жас маман COVID-19 инфекциясынан айығып шыққанымен, қауіпті індеттің денсаулығына тигізген кері әсері туралы да айтып берді.

    «Коронавирустан кейін қанымдағы қант құрамы көтеріліп кетті. Денеме үнемі бөртпелер шығатын болды. Ақша берсе, тым болмағанда денсаулығымды түзетейін деп ойлағанмын. Әріптестерім мені 850 мың теңге (қауіптілігі аса жоғары бөлімшелерде жұмыс істеген мамандарға төленетін үстемақы – ред.) мен 2 миллион (коронавирус жұқтырған медқызметкерлерге төленетін өтемақы – ред.) теңге алған миллионер деп ойлайды. Ал мен сол қалпы ештеңе алған жоқпын. Сұрасам, дұрыс жауап бермейді. Ақшаны жарты жолда жеп қойды ма, білмеймін, нақты жауап жоқ. Жұмыс істеген кезіме 60 мың теңге аударыпты. Облыстық басқармаға сенбеймін, өйткені мен Меркіге «Дипломмен ауылға» бағдарламасымен жас маман болып келгенде, түрлі сылтаулар айтып, 500 мың теңгемді ақыры бермей қойған. Сол кезде қолыма 300 мың теңге ғана алған едім. Бұл мәселені сол кезде көтергенім үшін басшыларға  әлі күнге дейін  жеккөрініштімін», – дейді әулиеаталық дәрігер-инфекционист.

     762,4 МИЛЛИОН ТЕҢГЕ ҮСТЕМАҚЫ ТӨЛЕНГЕН 

    Ал Жамбыл облыстық Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының ақпаратынша, қауіпті індетпен күрескен медқызметкерлерге ай сайын үстемақы жұмыс істеген уақытына байланысты төленіп жатыр. Наурыз-мамыр аралығында барлығы 2585 қызметкерге 762,4 миллион теңге үстемақы берілген. Оның ішінде, 1897 қызметкерге 712,1 миллион теңге міндетті сақтандыру қоры арқылы аударылса, тағы 688 медқызметкерге жергілікті бюджеттен 50,3 миллион теңге төленіпті.  Ал облыс бойынша 44 медицина қызметкері коронавирус жұқтырған.

    «COVID-19 вирусын жұқтырған ақ халаттыларға 2 миллион теңге өтемақыны да, індетпен күрес кезінде қауіпті ошақта жұмыс істегендерге 213 мың, 425 және 850 мың теңге көлеміндегі үстемақыны да Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры арқылы төлейді», – делінген ресми жауапта.

    ТӨЛЕМ ЖАСАУДЫҢ МЕХАНИЗМІ ӘЛІ КҮНГЕ ДЕЙІН АНЫҚТАЛМАҒАН

    Өтемақы төленуі тиіс мамандардың құжатын Денсаулық сақтау басқармасы «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы» коммерциялық емес акционерлік қоғамы арқылы жіберу керек. Алайда, ХҚКО бұл сала бойынша құжат қабылдайтын жүйені әлі жасамаған деп жауап берді басқарманың заңгері Ақбота Тоқбергенова.

    «Біз бұл мәселе бойынша министрлігі бар, комитеті, қоры  бар, барлығы төрт мекемеге хат жіберіп, өтемақының төленбей жатқанын айттық. Себебі, Толқынай ақшамды жеп қойды, бермей жатыр деп құзырлы органдарға арызданған. Мен Алматы, Шымкент, Нұр-Сұлтан қалаларының басқармаларына  хабарласып білдім, елдегі ешбір медицина маманына әлі бұл ақша төленбеген екен», – деді Жамбыл облысы Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының заңгері.

    Заңгердің сөзінше, облыста 2 миллион теңге өтемақы төленуі тиіс деген тағы 8 дәрігердің құжаты тұр. Бұл сан алдағы уақытта тағы көбейуі мүмкін. Өңірде коронавирус жұқтырған мамандар саны көп болғанымен, олардың бәріне бірдей біржолғы өтемақы берілмейді. Тек ТЖ жарияланған уақытта ғана COVID-19 вирусын жұмыс барысында жұқтырғандарға ғана бұл қаражат берілуі тиіс.

    «Облыстық комиссияның қортындысын, Тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаментінің қорытындысын «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы» коммерциялық емес акционерлік қоғамына жолдадық. Алайда, олар  (Азаматтарға арналған үкімет-ред) «электронды үкіметтің» шлюзі арқылы мемлекеттік қызмет ретінде өткізілген құжат  корпорацияның іс-макеттерді қалыптастыру бағдарламасына автоматты түрде түсу қажет деген жауап қайтарды. Яғни, eGov-пен құжаттарды жібергенімен, ол құжат электронды түрде тиісті жерге жетпейді. Төлемді жүзеге асырудың механизмі мен алгаритмі  әлі күнге дейін анықталмаған», – деді Ақбота Тоқбергенова.

    Дереккөз: Azattyk-ruhy.kz

    қатысты посттар

    Микробқа қарсы препараттарды тиімді қолдану денсаулық сақтаудағы маңызды мәселе

    Фариза

    “Адам көп жиналатын жерге бармау” – Алматының Бас санитары коронавирустан қорғану жолын айтты

    Есінен танып қалған президент коронавирус жұқтырған болуы мүмкін

    Пікір қалдыру

    one × 4 =

    * Используя эту форму, вы соглашаетесь с хранением и обработкой ваших данных на этом веб-сайте.