11 C
Алматы
Жұма, 29 Наурыз 2024
  • Қазақ тілі
  • Русский
  • English
  • Қоғам

    “Құжатта бар, қоймада жоқ қымбат ас”. Аягөздегі төрт бала көз жұмған орталық

    Сәуір айында Аягөздегі балаларға арнайы әлеуметтік қызмет көрсету орталығында төрт бала қаза тапқаннан кейін, Қазақстан билігі елдегі барлық мемлекеттік медициналық-санитарлық мекемелерде тексеру жұмыстарын жүргізетінін мәлімдеді. Қайтыс болған балалардың денесі қатты жүдегені белгілі болды, деп хабаралайды Qazweek.kz ақпарат агенттігі Азаттық радиосына сілтеме жасап.

    Азаттық интернат туралы ақпарат жинап, Қазақстандағы басқа арнайы мекемелердің жағдайымен танысты.

    Аягөздегі психоневрологиялық ауытқушылығы бар балаларға арналған орталықта көз жұмған балалардың кенжесі – сегізде, үлкені – 14 жаста. Басында үш бала мен бір қыз қызылшадан қайтыс болған деген байлам жасалған. Балалар өлімі тіркелген сәуір айында интернаттағы басқа 10 бала қызылша диагнозымен ауруханаға түскен. Кейінірек сотқа дейінгі тергеу басталғанда “ағза ауыр сырқатқа стресс-реакция білдірген” деген жаңа нұсқа пайда болды.

    Денсаулық сақтау вице-министрі Людмила Бұйрабекова қайтыс болған балалардың қатты жүдегенін, ауыр бактериалды пневмониямен және әртүрлі туабітті патологиялармен ауырғанын айтты.

    Интернаттың тағы бір тәрбиеленушісі дәл сол айда “ауыр ішек инфекциясы” диагнозымен ауруханаға түскен.

    Көрнекі сурет
    Көрнекі сурет

    БИЛІКТІҢ ӘРЕКЕТІ

    Балалар орталығындағы мәселе мекеме қызметкерлері ақпарат құралдарына хабарласқаннан кейін көтерілді. Бұл тақырыптағы алғашқы материал мамырдың 14-і күні жарық көрді. Интернат қызметкерлері “істі жабуға” тырысып жатқандар барын, облыс билігі болып жатқан жағдайды біле тұра, шара қолданбай отырғанын айтқан.

    Ішкі істер министрлігі бірінші ресми хабарламасын мамырдың 18-і күні жасады. Хабарламада “медицина қызметкерлерінің кәсіби міндетін дұрыс атқармауынан болған екі не одан көп адамның өлімі” (қылмыстық кодекстегі 317-баптың 4-тармағы) бойынша сотқа дейінгі тергеу басталғаны жазылған.

    Мамырдың 20-сы күні Шығыс Қазақстан облысы әкімінің орынбасары Әлішер Мархабат мәлімдеме жасады. Ол балалар “туабітті ауруларының асқынуынан” көз жұмғанын айтты. Шенеунік қайтыс болған балалардың қатты жүдеуін де олардың сырқатымен байланыстырды.

    Мамырдың 22-сі күні денсаулық сақтау вице-министрі Людмила Бұйрабекова тексеру жұмыстары кезінде мекемеде санитарлық норма мен қызметкерлердің кәсіби біліктілігіне байланысты көп кемшілік анықталғанын хабарлады. Интернат орналасқан ғимарат та талапқа сай болмай шыққан: орталықта қоларбамен жүретін тәрбиеленушілердің көп болғанына қарамастан, не лифт, не пандус болмаған.

    Балалардың өліміне қатысты пікір берген министр комиссия интернат тәрбиеленушілеріне медициналық тексеру жүргізілгенін растайтын құжаттарды таппағанын, осыдан олардың жағдайын толық бағалауға мүмкіндік болмағанын айтты.

    – Осы себепті балалар ауруханаға кеш түскен, – деді министр.

    Көрнекі сурет.
    Көрнекі сурет.

    Дәл сол мамырдың 22-сі күні жемқорлыққа қарсы қызмет те мәлімдеме жасады. Олар Аягөздегі арнаулы орталық мемлекеттік сатып алулар сайты арқылы ақсерке еті мен бекіре уылдырығы сияқты қымбат азық-түлік алғанын анықтаған. Мемлекеттік сатып алулар сайтындағы дерекке сәйкес, мекеме бір ғана сәуірдің өзінде алты миллион теңгеге жылқы мен сиыр етіне тапсырыс берген.

    Балалар құқығы бойынша уәкілдің өкілі Жібек Әмірбекова орталықтандау шыққаннан кейін мекемені тексеруге барған комиссияның құрамында болған. Ол интернат қоймасынан не ақсерке етін, не бекіре уылдырығын таппаған.

    – Орталық қызметіне бөлінген қаржының көп бөлігі азық-түлік алуға жұмсалады. Мемлекеттік сатып алулар сайтындағы деректер осыны көрсетеді. Бірақ біз қоймадан қырыққабат, картоп, қызылша, сәбіз, пияз, бірнеше қорап алмұрт сияқты өте қарапайым көкөністер мен жемістерді көрдік. Төсекте жататын балаларға арналған қосымша тағам мен езілген ботқаларды көрсетуді сұрадық. Бірақ ондай ештеңе көрген жоқпыз. Құжат бойынша, балаларға қызыл уылдырық, ақсерке, зәйтүн майын береді. Бірақ қоймада бұлардың бірі де жоқ, – дейді Жібек Әмірбекова.

    Ол мекемедегі сүт өнімдерін сақтауға арналған тоңазытқыштың күйіне жеке тоқталды. Әмірбекова тоңазытқыштың “өте лас” болғанын айтады.

    – Бірнеше баланың ішек инфекциясын жұқтырып, ауруханаға түскені тегін емес, – дейді ол.

    2019 ЖЫЛҒЫ ДАУ

    Бұрын интернатта дефектолог болып жұмыс істеген Сайра Мұрсамбаева да орталықтан ешқашан жылқы еті мен уылдырық көрмегенін айтады.

    – Интернаттың жағдайы, балаларды дұрыс тамақтандырмайтыны туралы 2019 жылы жазғам. Төсекте жатқан балаларға балық беретін. Ал балықтың қылтанағы бар. Кабинетіміздің жөндеу жұмыстарына өз қалтамыздан ақша шығардық. Өз кабинетімді 17 мың теңгеге жөндеттім. Тәрбиешілер мен күтушілер ақша жинап, өздері жөндейді, – дейді Мұрсамбаева.

    Орталықтың бұрынғы қызметкері балаларға қандай ас берілетінін толық білмейтінін мойындайды. Ол басқа мәселеге алаңдайды.

    Бұл интернатта болған алғашқы дау емес. 2019 жылы ақпарат құралдарында орталықтағы балалар бірнеше рет сексуалды зорлық көргенін айтқан видео тарады. Балалар орталық директоры бұл туралы білетінін айтқан. Осыдан кейін бірнеше баланың ата-анасы ашық хат жариялаған.

    Хатта “Дене жарақатын салу мен өзге де жаза түрлері: арнаулы әлеуметтік қызмет көрсету орталығының қызметкерлері балаларды кілем қағатын құралмен ұрады, су толтырылған ваннаға басын тығып, тұншықтырады, кез келген қателігі үшін балаларға түскі не кешкі ас бермей қояды, горшок жууға мәжбүрлейді (кейде кәмпит беріп, алдайды, кейде қорқытып көндіреді). Осының бәрін балаларымыздан естідік. Орталық басшысына осы фактілер бойынша бірнеше рет бардық. Бірақ басшылық “тәрбиешілер мен күтушілер кінәлі емес, балалардың өзі осы жағдайға жеткізген шығар” дегенді айтып, құр уәде берумен ғана шектеледі”, – делінген.

    Осыдан кейін қылмыстық іс қозғалған. Полиция дерегінше, 2019 жылы тамыз айында сотқа дейінгі тергеу кезінде жүргізілген сот-медициналық сараптама нәтижесінде балалардан ешқандай дене жарақаты табылмаған. Орталықтағы балаларды сот-психиатриялық куәландырудан өткізген. Нәтижесінде дәлелдің аздығына байланысты іс жабылған.

    Балаларды жазалап, ұрып, тамақ бермей қоятын. Менің түсініктемемді детекторда тексерді. Шын айтып тұрғаным расталды.

    Сайра Мұрсамбаева тергеу барысында түсініктеме берген. Ол балаларға дұрыс қарамағанына өзі куә болғанын айтады.

    – Балаларды жазалап, ұрып, тамақ бермей қоятын. Менің түсініктемемді детекторда тексерді. Шын айтып тұрғаным расталды. Ойлау қабілетінің ауытқушылығына байланысты балалардың түсініктемесін негізге алған жоқ. Басқа қызметкерлер түсініктеме беруден қорқады. Аягөз – кішкентай қала, жұмыс жоқ, – дейді Сайра.

    Осы даудан кейін көп ұзамай басшылық Мұрсамбаеваны бір күн келмегені үшін жұмыстан шығарып жіберген. Орталықта басшылық ауысқан. Сайраның бұрынғы директоры Қайрат Темірханов қазір Аягөз аудандық әкімдігінің әлеуметтік қызмет көрсету орталығында жұмыс істейді. Қазіргі басшы Нұрлан Қантаев бұрын Аягөз әкімінің орынбасары болып, кейін әкім міндетін уақытша атқарған.

    Интернат басшылығымен сөйлесу мүмкін болмады. Қоңырауға бір рет жауап берген қызметкер өзін таныстырмай, не үшін хабарласқанымызды сұрамай, “Қазір ештеңе айта алмаймын” деп, тұтқаны қойды. Осыдан кейінгі қоңырауларға ешкім жауап берген жоқ.

    “БӘРІ ТЕКСЕРУ ЖҮРГІЗІП, ЖҰМЫСТАН ШЫҒАРУМЕН ҒАНА ШЕКТЕЛЕДІ”

    Ерекше күтімді қажет ететін балалар құқығын қорғаумен айналысатын құқық қорғаушы Айгүл Шәкібаева Аягөзде болған жағдай соңғы екі жылда тіркелген жалғыз оқиға емесін айтады.

    – Талғарда бала өлімі тіркелді. Рудныйда балаларға күш қолданған. Үнемі бәрі тексеру жүргізіп, жекелеген қызметкерлерді жауапқа тартумен ғана шектеледі, – дейді Шәкібаева.

    Құқық қорғаушының пікірінше, мұның бір себебі – ашықтықтың болмауы. Қазіргі ережеге сәйкес, баласын орталыққа өткізген ата-анаға өз құқығынан бас тартуға тура келеді. Осыдан кейін баланың қамқоршысы интернат директоры болады.

    – Яғни, ата-ананың мекеме табалдырығынан аттауға да құқығы жоқ. Халықаралық ұйымдар әкімшілік мекеме директоры қамқоршы болмауы керегін айтады. Бұл мүдделер қақтығысына ұқсайды. Интернат директоры өзі қызмет көрсетіп, оның сапасын өзі тексереді, – дейді Айгүл Шәкібаева.

    Құқық қорғаушы орталық қызметкерлері жұмыс істеуге қажетті жағдай мен психологиялық көмектің болмауынан эмоционалды тұрғыдан күйзеліске түсуі мүмкін екенін мойындайды. Ол мұндай орталықтарда тексеру жүргізуге ниет білдіретіндер де аз екенін айтады.

    – Біз келеміз, кетеміз. Ал олар [қызметкерлер] балалармен күнде қалады. Орталыққа келіп, қашып кетпейтін қоғам өкілдері болса, жақсы. Өйткені прокуратура қызметкерлеріне балаларға барып қайтуды ұсынсақ, олар да басқалар сияқты қорқады, бөлмеге кіргісі келмейді. Бізде мұндай балаларды қабылдамау, олардан бойымызға аулақ ұстауға тырысу жойылмайынша, қазіргі жағдай өзгермейді, – дейді Шәкібаева.

    Құқық қорғаушы балаларға қолданылатын емдеу әдістерін, оның ішінде психотропты препараттарды шектен тыс беруді ескі және қауіпті амал деп санайды.

    – Балалар неге жүдеп кеткен? Өйткені олардың ағзасында осындай препарат көп. Дәрі өте көп мөлшерде беріледі. Дәріні шектен тыс қолдану осындай өлімге әкеп соғады. Балалар қызылшадан емес, “қосымша аурудан” көз жұмған деп айтты. Әрине, өлім қаупі барлық кезде болатынын ешкім жоққа шығармайды, бірақ балалар дәл бұлай жаппай өлмеуі керек, – дейді сарапшы.

    Құқық қорғаушы 30-40 жыл бұрын мұндай интернаттар мәселенің негізгі шешімі болып көрінгенімен, қазір оларды жабу керегін айтады.

    – ЮНИСЕФ-тің, балалар құқығы жөніндегі комитеттің көп зерттеуі мемлекетке бұл тәжірибеден бас тарту керегін айтып келеді. 10 жыл бұрын елімізде мұндай мекемелерде он мыңға жуық бала болған, қазір олардың саны – екі мың. Өйткені 10 жыл бұрын мүгедектік бойынша қосымша жәрдемақы – баланың күтіміне байланысты берілетін төлем тағайындалды. Яғни, отбасына екі түрлі жәрдемақы берілетін болды. Бұл жүз мыңға (теңге – ред.) дейінжетеді. Балалар құқығын қорғау комитетінің баяндамаларында қазір отбасылар ақша тапшылығын бұрынғыдан аз сезіне бастағаны, көбіне балалардан бас тартпайтыны жазылған, – дейді Айгүл Шәкібаева.

    Human Rights Watch (HRW) халықаралық құқық қорғау ұйымы да Шәкібаеваның пікіріне қосылады. Ұйым былтыр шілде айында “Қазақстан: Оқшаулау мен мемлекеттік интернаттардағы бала құқығының бұзылуы” тақырыбында зерттеу жариялап, онда билікті арнайы орталықтарды жабуға шақырған.

    Ұйым өкілі “Мүгедектігі бар балаларға физикалық зорлық көрсету, седативті препараттармен күштеп емдеу, қамқорлық танытпау қаупі төнеді”, – деген.

    Көрнекі сурет.
    Көрнекі сурет.

    Баяндамада осындай орталықтарда отызға жуық баламен және олардың туыстарымен жүргізілген сұхбат негізінде балаларға жиі қолданылатын психиатриялық ауруханаға жатқызу, механикалық күш қолдану (қол-аяғын байлау, арнаулы жейде кигізу), физикалық зорлық көрсету, оқшаулау мен менсінбеу сияқты әдістер анықталғаны жазылған.

    HRW ұйымының Еуропа мен Орталық Азия бойынша аға зерттеушісі Мира Ритман: “Үкімет мұндай қатаң тәжірибеге тыйым салып, мүгедектігі бар балаларға отбасында тәрбиеленуге мүмкіндік беру үшін көмек көрсету жолдарын қарастыруы керек”, – деген.

    Аягөздегі кезекті даудан кейін ұйым тағы да Қазақстан билігін балаларды отбасына немесе отбасы типіндегі жағдайға қайтару үшін күш салуға шақырды.

    Жыл басында Аягөздегі интернатта 105 бала тұрған. Карантин кезінде балаларға 41 қызметкер қарап жатыр. Олардың жартысы – әкімшілік қызметкерлер. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің дерегінше, елде осындай 20 орталықта 1,8 мың бала тәрбиеленіп жатыр. Ведомствоның мамырдың 22-сі күні берген уәдесі бойынша, елдегі 113 мемелекеттік медициналық-әлеуметтік мекемелерге жүргізілетін “жоспардан тыс тексеру” нәтижесі жариялана ма, жоқ па, ол жағы белгісіз.

    қатысты посттар

    Шымкенттік әке 15 жастағы жаңа босанған оқушы қызын үйден қуып жіберді

    Фариза

    “Дүңгендер қазақ тілін оқымаймыз, бізге өз тіліміз керек”, – дейді (видео)

    Фариза

    2 жылға жуық кінәсіз қамауда отырған полиция қызметкерінің антикорға қарсы жазған арызын сот қабылдамай қойды

    Фариза

    Пікір қалдыру

    fifteen + one =

    * Используя эту форму, вы соглашаетесь с хранением и обработкой ваших данных на этом веб-сайте.