Рамазан айы аяқталған соң 24 мамырда Ораза айт басталады. Шариғат бойынша әрбір мұсылман мешітте Ораза айт намазын оқуға тиіс. Алайда карантинге байланысты мүфтият қазақстандықтарды бұл мерекені үйде отбасымен бірге қарсы алуға шақырды.

Informburo.kz Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының (ҚМДБ) ресми сайты жариялаған материалдарды пайдалана отырып, Ораза айт ерекшеліктері, шариғат бойынша не істеу қажет екенін айтады.

ҚМДБ мәлімдемесі

Ислам дінінде кез келген мереке ғибадатпен бастау алады. Шариғат бойынша айт намазын жамағатпен оқу – уәжіп. Алайда биыл Ораза айт намазы карантин жағдайына байланысты мешіттерде жамағатпен өткізілмейді. Ханафи мәзһабы бойынша айт намазын үйде жеке оқу дұрыс емес.

Бірақ айт күні күн найза бойы көтерілгеннен кейін әркім өз үйінде екі немесе төрт ракағат нәпіл (дұха) намазын жеке оқи алады. Оны төрт ракағат етіп оқу – абзал. Абдулла ибн Масғуд (Алла одан разы болсын): “Айт намазын оқи алмаған адам төрт ракағат намаз оқиды. Бірінші ракағатта “Фатиха” сүресінен кейін “Сәббихисмә раббикәл-ағлаа”, екінші ракағатта “Уәш-шәмси уә духааһәә”, үшінші ракағатта “Уәл-ләйли изаа яғшаа”, төртінші ракағатта “Уад-духаа” сүрелерін оқиды”, – деген. Ал аталмыш сүрелерді жатқа білмейтін кісілер басқа да сүрелерді оқыса болады.

“Айт күні сәресін ішпейді, күндіз аузы ашық болады. Ораза айт – мереке. Сондықтан мейрам күні ата-анамызға, отбасымызға, балаларға, тума-туыстарға сыйлық үлестіру сауапты әрі игі іске жатады. Ораза айт – кешірім жасайтын күн. Ораза айт – мұқтаждарға көмектесетін күн. Жаратқан Алла әрбіріміздің ораза айт күні жасаған ізгі істерімізді, дұға-тілектерімізді қабыл етіп, жылдан жылға, айдан айға аман-есен жетуді нәсіп еткей”, – делінген ҚМДБ мәлімдемесінде.

Ораза айт қандай мейрам?

Ораза айт – отыз күн оразадан кейін ауыз бекітпейтін ең алғашқы күн. Тарихи құжаттарға үңілсек, Қазақстанда 1926 жылға дейін Ораза айт 3 күн, Құрбан айт 3 күн, Наурыз 1 күн ресми мереке ретінде тойланып келген. Оған негіз 1921 жылғы 5 наурызда Орынбор қаласында өткен Қазақстан Автономиялы Республикасы Орталық атқару комитеті Төралқасының “Мұсылмандар мерекесі” туралы қабылдаған шешімі. Оған Cейітқали Меңдешев төрағалық жасаса, Алаш арыстары Ахмет Байтұрсынұлы мен Әлихан Бөкейхан Төралқа мәжілісіне қатысқан.

Қажығұмар Шабданұлының “Пана” атты романында Зуқа батырдың елінде айт намазы кезінде еркек кіндіктінің бірі қалмай, сапқа тұрғаны суреттеледі. Кеңес өкіметі 1926 жылдан бастап мұсылмандар мерекесін тойлауға тыйым салды. Тәуелсіздік алғаннан кейін қайта ресми мәртебе берілді.

Айт – “қуаныш пен шаттыққа толы күн”, “мерекелеу”, “хал сұрасу”, “бір-бірін қуанту”, “қуанышқа топталу” деген мағыналарды білдіреді. Сондай-ақ “жыл сайын қайталанып келуші мейрам” деген мағынаға да ие. Мұхаммед пайғамбар Мәдинаға келгенде жергілікті тұрғындардың тойлайтын екі күні болған. Сонда Алла Елшісі: “Алла Тағала сол екі күннің орнын сендерге олардан әлдеқайда жақсысымен алмастырды. Біреуі – Құрбан айт, екіншісі – Рамазан айт”, – деген екен.

Ораза айт “Фитр мерекесі” деп те атайды. Өйткені мұсылман қауымы Рамазан айының соңына дейін пітір садақасын береді. Ханафи мәзһабында пітір садақасын тарату – уәжіп. Аса жауапты саналған осы амалдың құрметіне бұл мереке – “Фитр” деп аталған.

Ораза айтта қандай амалдар жасау керек?

Пітір садақасыРамазан айы басталғаннан бастап айт намазына дейінгі аралықта пітір садақасын беру қажет. Егер бермегендер болса бірінші кезекте Айт намазына дейін пітір садақасын беруге тиіс. Айт намазынан кейін берілген пітір садақа жәй садақа болып қалады. Пітір садақасы мұсылмандарға һижра жыл санауы бойынша екінші жылы шағбан айында парыз болды.

Пітір садақасының мөлшері жыл сайын шариғат бекіткен азық-түліктердің бағасына байланысты өзгеріп тұрады. Биыл – 370 теңге.

Ғұсыл алу, әтір себіну

Зазан (р.а) былай деді: “Бірде Әли ибн Әбу Тәліптен ғұсыл туралы сұрады. Әли: “Қаласаң, күнде шомыл”, – деп жауап берді. Әлгі кісі: “Жоқ, мен шынайы ғұсыл туралы сұрап тұрмын!” – деді. Сонда Әли: “Жұма, арафа, құрбан айт күні және ораза айт күні!” – деген. Нәфи’ғ (р.а.): “Ибн Омар әркез ораза айт күні ғұсыл алып, хош иістенетін”, деді.

Хафиз Ибн Ражаб былай жазған: “Имам Мәлік: “Мен ғалымдардың айт күндерінде жасанудың және хош иістер жағудың абзал екендігі туралы айтатынын естігенмін”, – дейтін.

Мерекемен құттықтауБұл күні мұсылмандар қол алысып, төс қағысып “Ораза қабыл болсын”, “Айт құтты болсын” деп бірін-бірі құттықтап, мәре-сәре болып жатады. Жәбир бин Нафирден жеткен хадисте былай делінгген: “Алла Елшісінің сахабалары Ораза айтта кездескен кезде бір- біріне: “Алла сізден де, бізден де қабыл алсын”,- деп айтқан.

Тәкбір айтуАйт күндері тәкбір (Алланы ұлықтау) айту дінде заңдастырылған амалдардан. Алла тағала Құран Кәрімде: “Сендерді тура жолға салған Аллаға шүкірлік етулерің үшін санын толтырыңдар. Әрі Алланы ұлықтаңдар”, деген.

Имам әз-Зухри былай деп баяндаған: “Адамдар тәкбірлерді айт күні үйінен шығар кезде намаз орындалатын жерге барғанға дейін және имам көрінгенге дейін айтатын. Ал имам көрінген кезде, олар имам тәкбір айта бастағанға дейін тынышталатын, ал содан соң олар тағы да тәкбір айтатын”.

Пайғамбар өсиетiнде: “Айт күнi бiрiншi орындайтынымыз – намаз оқу”, – делiнген. Айт намазы уәжіп амал болғандықтан Пайғамбар өмiрiнде оны бiр рет те қалдырмай оқыған.

Сыйлық тарту ету

Айт мейрамына орай құттықтаулар таратылып, арнайы дастархандар жайылады. “Бір-бірлеріңе сыйлық беріңдер, сүйіспеншіліктерің артады” деген хадисті негізге алған қазақ даласында қонақ кәдесі, сүйінші, байғазы, тағы басқа адамдарды жақындыққа апаратын амалдар көп. Солардың бірі – айттық сұрау. Айт мерекесімен құттықтап, айттық сұраған жанды қазақ бетін қайтармай қолда бар сыйлықтарын аямаған. Алайда карантинге байланысты қонаққа баруға, қонақ шақыруға тыйым салынды.

Әсіресе, осы мереке күні ата-анаға деген мейірімділік оларға сый-сияпат жасау игі амалдардан.

Жетімдерге көмектесу

Құран Кәрімде: “Әке-шешеге, жақындарға, жетімдерге, міскіндерге, жақын көршіге, бөгде көршіге, жан жолдасқа, жолда қалғандарға және қол астындағыларға жақсылық қылыңдар”, – деп жазылған. Ораза күні жақсы амалдар күні болғандықтан жетім-жесірлер, кедей-кепшіктерге, міскіндерге көмектесіп, жақсылық жасаған абзал.

Кешірім сұрау

Айт – басқаларға кешірім жасайтын күн. Абдолла ибн Амрудан келген хадисінде Алла Елшісінен адамдардың ең жақсысы кім деп сұрады. Пайғамбар: “Әрбір жүрегі пәк, тілі шыншыл адам”, – деді. Сахаба: “Тілі шыншыл деген түсінікті, жүрегі пәк дегенді қалай түсінеміз?” – деді. Пайғамбар: “Жүрегі пәк дегеніміз – тақуа, таза, ыза және көре алмаушылықтан ада адам”, – деп жауап берген. Бұл күні ренжісіп қалған ағайын-туыс, жора-жолдас бір-бірінен кешірім сұрап жарасады.

Бұл күні науқастардың көңілін сұрау, өмірден озған адамға дұға ету, екі араздасқан ерлі–зайыптылар мен туысқандарды татуластыру үлкен сауап іс саналады.

Ораза айт мерекесі Рамазан айынан кейін келетін – Шәууәл айында атап өтіледі. Пайғамбар өз үмбеттерін Шәууәл айында да ораза тұтуға үндеп, оның сауабының молдығын айтқан. Хадисте: “Кімде-кім Рамазанды оразамен өткізіп, бұдан кейін шәууәл айында алты күн ораза ұстаса, жыл бойы ораза ұстағанмен бірдей”, – деген. Шәууәл айының оразасын сол айдың ішінде кез келген күні ұстауға болады. Оны қатарынан үзбей немесе күндерін үзіп-үзіп ұстауға болады. Бірақ айт өтісімен кезекпен толықтай ұстау – абзал.