10 C
Алматы
Жұма, 29 Наурыз 2024
  • Қазақ тілі
  • Русский
  • English
  • Қоғам

    Тасқын судан баспанасыз қалған тұрғындар биліктің “үй алатындар” тізіміне ілінбегенін айтып шағынады

    Түркістан облысы Мақтаарал ауданында тасқын судан бүлінген кей үйлердің құжаты болмаған, кейбірі тіркелмеген. Баспанасыз қалған тұрғындар биліктің “үй алатындар” тізіміне ілінбегенін айтып шағынады. Шенеуніктер “ешкім далада қалмайды” деп сендіреді, деп хабарлайды Qazweek.kz ақпарат агенттігі Азаттық радиосына сілтеме жасап.

    “МҮГЕДЕК ҰЛЫМДЫ СҮЙРЕП, АУЫЛДАН ӘРЕҢ ШЫҚТЫҚ”

    Түркістан облысы Мақтаарал ауданы Жеңіс ауылының тұрғыны, алты баланың анасы Гүлчехра Мұсаеваның үйін мамырдың басында тұтқиылдан келген топан су құлатып, үйіндіге айналдырды. Гүлчехра бес қыздан кейін тапқан мүгедек ұлын, ауылға су жеткен кезде, үйден әзер алып шығып үлгергенін айтады.

    – Ауылды су алады деп кім ойлаған? Әкім “дүрлікпеңдер” деген соң қамсыз отыра бердік қой. Суды көргенде адамдар аман қалуды ойлап, ауылдан үдере қашты. Мүгедек баламды сүйрелеп үйден әрең шықтым. Өзімізбен бірге құжаттарды ғана алып үлгердік, – дейді әйел көзіне жас алып.​

    Гүлчехра Мұсаева кезінде сатып алған үйін өз атына аударып, тіркетіп қоймағанына қазір өкінеді. Көп балалы әйел топан су кесірінен үйсіз қалғандарға баспана беріледі дегенді естіп, тізімнен іздегенімен өз атын таппағанын айтады.

    Жеңіс ауылының тұрғыны Гүлчехра Мұсаева. Түркістан облысы, Мақтаарал ауданы. 11 мамыр 2020 жыл.
    Жеңіс ауылының тұрғыны Гүлчехра Мұсаева. Түркістан облысы, Мақтаарал ауданы. 11 мамыр 2020 жыл.

    – Үйді бізге сатқан адам Ақтауда тұрады. Келіп, үйді атымызға аударып беруін сұрадық. Денсаулығына байланысты қазір келе алмаймын деді. Не істейміз деп аудан әкімдігіне де, заңгерлерге де бардым. Бәрі “білмейміз” деумен шығарып жатыр. Олар білмесе кім біледі? – дейді Гүлчехра ашуланып.

    Мамырдың 1-іне Өзбекстандағы Сардоба су қоймасы жарылып, салдарынан Қазақстанның Түркістан облысы Мақтарал ауданындағы Жеңіс, Жаңатұрмыс, Фердауси, Өргебас және Достық ауылдары қатты зардап шекті: барлығы 849 үй бүлініп, отыз бір мыңнан астам адам үй-жайын тастай қашты. 7 мың гектардан аса егістік жерді су алып, үш жүзге жуық мал өлді.

    Фотогалерея. Мақтаралдағы су алған ауылдар, 3 мамыр 2020 ж.

    Жолындағыны жайпай аққан топан су Мақтарал ауданына жеткен соң әуелі Жеңіс ауылын алды. Іле-шала Жаңатұрмыс ауылын да су басты. Түн ортасында тұтқиылдан келген тілсіз жаудан үріккен ел үдере көшті. Көпшілігі тек құжатан ғана алуға шамасы келіп, дүние-мүлкін тастап, бассауғалай қашуға мәжбүр болды. Олардың бір бөлігі туған-туыстарын жағалады, бір тобы жергілікті билік ұйымдастырған эвакуациялық орындарды паналады.

    Су ағысы тоқтап, деңгейі түсе бастаған кезде тұрғындар құлаған я құлауға шақ тұрған үйлерінен іске татиды-ау деген заттарын тасуға кірісті. Үй-жайы түгел су астында қалғандар тек құжаттарын ұстап қалды. Солардың бірі – көп балалы ана Гүлчехра Мұсаева.

    Тасқын су алған Жеңіс ауылы, 5 мамыр 2020 ж.

    "Су келгенде қаштық". Тасқын басқан ауыл халқы баспана сұрайды

    Жеңіс ауылында тұратын тағы бір көп балалы ана, екінші топ мүгедегі Кәмила Нарбаеваның да үйі су астында қалған. Ол да осыдан 14 жыл бұрын сатып алған үш бөлмелі үйін өз атына аударып, тіркемеген.

    Кәмила Жеңіс, Жаңатұрмыс және Достық ауылдарында топан су құлатқан үйлердің тұрғындарына аудан орталығы Мырзакенттің іргесінен жаңадан баспана салынатынын естіген. Бірақ әкімдік тізімінен өзінің де, үйді сатқан адамның да атын таппай қапаланды.

    Тасқын су алған Жеңіс ауылының тұрғыны Кәмила Нарбаева эвакуациялық пунктке айналған мектепте отыр. Түркістан облысы, Мақтаарал ауданы, 11 мамыр 2020 жыл.
    Тасқын су алған Жеңіс ауылының тұрғыны Кәмила Нарбаева эвакуациялық пунктке айналған мектепте отыр. Түркістан облысы, Мақтаарал ауданы, 11 мамыр 2020 жыл.

    – Үйіміз үш бөлмелі еді. Ауламыз кең, қорамыз бар болатын. Егін егіп, тіршілігімізді кешіп жүрген едік. Ішпей-жемей тырнақтап жинаған мал-мүлкіміз ғой. Сол үйде 14 жылдан бері отбасыммен тұрып келгенімді бүкіл ауыл біледі. Жарық пен суды төлеп отырдық. Жалғыз баспанамыз, енді барар жер, басар тауымыз қалмағанын қалай дәлелдейміз? Не істерімізді білмей дал болып отырмыз. Жылай-жылай көзімізден жас та шықпай қалды, – дейді ол налып.

    Бес баланың анасы Анаркүл Оразбаева да “бала-шағаммен далада қалдым” деп шағынады. Ол топан су астында қалған үйді былтыр күзде сатып алыпты. Анаркүл үйді бұрынғы иесі қазір қайтадан тартып алғанын айтып жылайды.

    “Қайда барамыз?” Баспанасыз қалған тұрғындардың уайымы

    "Қайда барамыз?" Мақтааралдың кейбір тұрғыны баспанасыз қаламыз ба деп алаңдайды

    – Өзбекстаннан көшіп келген соң 10 жыл ауыл шетіндегі қараусыз қалған моншаның есік-терезесін салып, сәкі төсеп, сонда өмір сүрдік. Келін түсіріп, немере сүйдік. Биыл ақпанда ауылдан 4,4 миллион теңгеге үй сатып алдық. Алдымен 500 мың теңгесін беріп, қалғанын қазанның 30-ына дейін төлейтін болып келіскенбіз. Бұрынғы иесі үйді бізге сатқаны туралы қолхат берген. Ұлым мен келінім төрт баласымен сол моншада қалды. Ал өзіміз төрт баламен сатып алған үйге көшіп, өмір сүре бастаған едік. Үйі бүлінгендерге жаңа баспана беріледі деген сөз шыққан соң үй иесі уәдесінен айнып, сатқан үйін даулап келіп, бізден тартып алды, – дейді ол.

    Тұрмысы төмен отбасы қазір уақытша паналап жатқан мектептен шығарса көрген күніміз не болады деп уайымдайды.

    “ЕШКІМДІ ДАЛАҒА ТАСТАМАЙМЫЗ”

    Жаңа үй салып, бірақ оны тіркемеген, үй сатып алып, өз атына аудармаған, ауыл шетіндегі қараусыз қалған моншаны жамап-жасқап, баспана етіп тұрып келген тұрғындардың жайымен Мақтаарал ауданы әкімдігі хабардар. Аудан әкімінің орынбасары Бейсенбай Төребековтың Азаттыққа айтуынша, Сардоба су қоймасындағы апат салдарынан бес ауылда жүздеген үй, бірнеше мектеп, балабақша, медицина мекемелері мен басқа да нысандар бүлінген.

    Тасқын салдарынан баспанасыз қалған тұрғындарға жаңадан салынып жатқан үй. Түркістан облысы, Мақтарал ауданы, 11 мамыр 2020 жыл.
    Тасқын салдарынан баспанасыз қалған тұрғындарға жаңадан салынып жатқан үй. Түркістан облысы, Мақтарал ауданы, 11 мамыр 2020 жыл.

    Билік өкілдері Жеңіс, Жаңатұрмыс, Достық ауылында баспанасын су құлатқан тұрғындарға Мырзакент кентінің іргесінен жаңа үй салынады, ал Фердауси мен Өргебаста жарамсыз болып қалған үйлер бұзылып, орнына жаңадан үй тұрғызылады деп сендіреді. Ал осы ауылдардағы судан бүлінбеген үйлер қайта жөндеуден өткізілмек. Қазір комиссия қай үй тұруға жарамайтынын, қайсысы жөндеуге келетінін анықтауға кіріскен.

    – Ауылдардағы су әлі толық кеткен жоқ. Шығын көлемі де әзірге толық анықталмады. Қазіргі есеп бойынша, бес ауылда бұзылған 849 үй мен бірнеше әлеуметтік нысан бар, – дейді әкімнің орынбасары.

    Мақтарал ауданы әкімінің орынбасары Бейсенбай Төребеков. 11 мамыр 2020 жыл.
    Мақтарал ауданы әкімінің орынбасары Бейсенбай Төребеков. 11 мамыр 2020 жыл.

    Бейсенбай Төребеков су алған ауылдардағы кей тұрғындардың өздері салған немесе сатып алған үйлердің құжатын рәсімдемей, созып келгенін айтады. Бірінің үй салуға рұқсаты болғанымен, ол үйді әділет департаментіне тіркетпеген, енді бірінде мүлде құжат жоқ. Ондай тұрғындардың нақты есебін алып, құжаттандыру жұмысы енді қолға алынады дейді билік өкілі.

    – Ешкім далада қалмайды. Су басқан бес ауылда тұратындардың бәрінің арыз-өтініші жеке-жеке қаралады, – деп сендірді шенеунік.

    Мақтаарал ауданы әкімдігі өкілдері Жеңіс, Жаңатұрмыс, Фердауси, Өргебас және Достық ауылдарында судан зардап шеккен мектептің үшеуі жөнделеді, біреуі қайта салынады деп хабарлады.

    Жеңіс тұрғындары мал өлексесі сасыған ауылға барудан бас тартқан. Тұрғындар түгелге дерлік Мырзакенттің іргесінде жаңадан салынатын, әрқайсысы 100 шаршы метрлік үйге көшуге келісім берген. “Үй беретін болса, бала-шағамызбен кіріп аламыз” дейді олар.

    Тасқын судан зардап шеккен Жеңіс ауылының тұрғындары әкімдік жасаған баспанаға мұқтаж отбасылардың тізімін смартфоннан қарап отыр. Түркістан облысы, Мақтарал ауданы, 11 мамыр 2020 жыл.
    Тасқын судан зардап шеккен Жеңіс ауылының тұрғындары әкімдік жасаған баспанаға мұқтаж отбасылардың тізімін смартфоннан қарап отыр. Түркістан облысы, Мақтарал ауданы, 11 мамыр 2020 жыл.

    Сардоба су қоймасындағы апат салдарынан Мақтаарал ауданындағы бес ауылдың үйсіз-күйсіз қалған тұрғын халқы биліктен баспана мен күнкөру үшін егістік жер сұрады. Әкімдік мәселе жергілікті деңгейде шешілмейтінін мойындап, үкіметке қолқа салды.

    Мамырдың 11-іне Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев су тасқынынан зардап шеккен ешбір адам көмексіз қалмайды деп мәлімдеді.

    “Қираған үйлердің орнына күзге дейін жаңасы салынады. Зардап шеккен әр адамға 100 мың теңге көлемінде өтемақы төленеді. Мал шығыны, тасқынның ауылшаруашылығы алқаптарына тигізген зияны өтеледі”, – деді Тоқаев.

    Өзбекстан президенті Шавкат Мирзияев Сардоба су қоймасының жарылғанын “техногенді апат” деп сипаттады.

    Мақтаарал ауданында 140 мыңға жуық адам тұрады. Жергілікті халық негізінен егін егіп, мал бағып өмір сүреді.

    қатысты посттар

    Ермахан Ибраимов тойда жүрген видеосына қатысты пікір білдірді

    Фариза

    Досын көлікпен сүйреген түркістандық жастар өз әрекетін түсіндірді

    Фариза

    Қоқыс маңынан табылған бала: 19 жасар ана қызын қалай өлтіргенін айтып берді

    Фариза

    Пікір қалдыру

    1 + eight =

    * Используя эту форму, вы соглашаетесь с хранением и обработкой ваших данных на этом веб-сайте.