22 C
Алматы
Сенбі, 20 Сәуір 2024
  • Қазақ тілі
  • Русский
  • English
  • Дін

    Түкірік пен қақырықты жұту оразаны бұза ма?

    2022 жылы мұсылман қауым асыға күтетін Рамазан айы 2 сәуір күні басталады.
    Сұрақ: Рамазан оразасының үкімі қандай?
    Жауап: Рамазан айында ораза ұстау әрбір балиғат жасына толған, ақыл-есі дұрыс мұсылманға парыз болып есептеледі. Алла тағала қасиетті Құранда

    «Уа, иман келтіргендер! Сендерге бұрынғыларға парыз қылынғандай ораза парыз қылынды. Бәлкім тақуалыққа жетерсіңдер».

    Сұрақ: Рамазан айындағы оразаға ниет қылудың үкімі қандай және қай кезде ниет қылады?
    Жауап: Ораза ғибадат, ал ғибадат дұрыс болу үшін ниет шартты етіледі. Яғни оразаға ниет ету міндет. Оған қатысты Алла тағала қасиетті Құранда: «Олар ғибадатты, нағыз Аллаға шынайы ықыласпен бір беткей түрде орындаулары, намаз оқулары және зекет берулері үшін әмір етілген»,-деген. Рамазан оразасына ниет ету шам намазынан басталып, ораза ұстайтын күннің сәске уақытына дейін рұқсат.
    Сұрақ: Намаз оқымайтын болсам да ораза ұстай берсем бола ма?
    Azan.kz: Әрине, болады. Ораза Исламның бес парызының бірі. Алла қаласа, сіздің оразаңызды қабыл етеді.
    Сұрақ: Ораза кезінде немен айналысқан жақсы?
    Azan.kz: Ораза кезінде көп құлшылық жасап, садақа беру, адамдарға жақсылық жасау, Құран оқумен айналысқан абзал. Егер ораза кезінде демалыс алуға мүмкіндік болса, уақыттың басым бөлігін мешітте Алла Тағалаға құлшылық қылумен өткізген абзал.
    Сұрақ: Сәресіге ұйықтап қалған адам не істейді?
    Жауап: Сәресіге ұйықтап қалған адам ұйқысынан тұрғанда оразаға ниет қылып оразасын жалғастырады. Негізі мүмкіндігінше сәресіге тұруға әрекет қылу қажет. Себебі сәресінің сауабы мол. Оған қатысты Әбу Сағид Әл-Худриден жеткен хадисте Пайғамбарымыз (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын): «Сәресіде береке бар, оны тастамаңдар! Тіпті бір жұтым су болсада ішіңдер. Себебі Алла тағала мен періштелер сәресі ішкен адамға салауат айтады»,-деген. (Хадисті Ибн Хиббан жеткізген)
    Сұрақ: Ораза ұстаған адам оразасын ұмытып тамақ жеп, не болмаса сусын ішіп қойса, оразасы бұылады ма?
    Жауап: Жоқ, бұзылмайды. Себебі ұмытып ішіп-жеу оразаны бұзатын амалдардан емес. Ондай адам оразасын жалғастырады. Әбу Хурайрадан жеткен хадисте Пайғамбарымыз (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын): «Кімде-кім ораза ұстай жүре ұмытып, ішіп-жесе оразасын жалғастырсын! Расында Алла тағала оны тамақтандырды да, сусындандырды», -деген. (Муттафақун ғалайһи)
    Сұрақ: Ораза ұстаған адамның ұмытып тамақ жеп тұрғанын көрген адам не істейді?
    Жауап: Егер, ораза ұстаған адамның бойында оразасын жалғастыратын әл-қуаты болса ескерту міндет болады. Ал әл-қуаты болмаса үндемеген абзал.
    Сұрақ: Ауызды немен ашқан дұрыс?
    Azan.kz: Алланың Елшісі (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) былай деген: «Кімде құрма болса сонымен ауыз ашсын, ал кімде жоқ болса, сумен ашсын, расында су- тазартушы». (Ахмад № 15798, Әт- Тирмизи № 695, Әбу Дауд № 2355)
    Сұрақ: Қандай ауру түрлері Ораза ұстамауға негіз бола алады?
    Жауап: Адам баласы әдетте шыдай алмайтындай деңгейде ауырса, не болмаса ауру адам ораза ұстап, оразасы өлімге алып келетіндей деңгейде болса ауруы ораза ұстамауға негіз болады. Ауруынан айыққан соң әр күнге бір күн қазасын өтейді.
    Сұрақ: Екі күн қатарынан тоқтамай, ауыз ашпастан ораза тұтуға бола ма?
    Azan.kz: Жоқ, болмайды.
    Әбу Сағид (ол кісіге Алла разы болсын) Пайғамбарымыздың (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) былай дегенін естіген: «Ауыз ашпастан ораза ұстамаңдар, кімде кім осылай істегісі келсе, таң алдында тамақ жесін». (Бұхари, 1963)
    Сұрақ: Қант диабеті, онкология сынды айықпайтын аурулармен ауыратын адамдарға Рамазанда ораза ұстау міндетті ма?
    Жауап: Бұл адамдар егер өмір бойы мүлдем ораза ұстауға шамалалары жетпесе әр күні үшін фидия өтемін өтейді. Оған қатысты Алла тағала қасиетті Құранда: «Ораза ұстауға шамасы келмейтіндер болса бір міскіннің (бір күн) ішетін тамағын (күнде) беріп тұрсын»,-деген. Фидияның мөлшері пітір садақаның мөлшеріне саяды. Яғни оразаның әр күні үшін бір міскінге мына төмендегі төрт түрлі азықтың кез-келген біреуін немесе соның құнын береді:
    1. Бидай ұнының міндет болған мөлшері: 1 кг. 459 гр. немесе осы мөлшердегі құны.
    2. Арпа немесе арпа ұнының уәжіп болған мөлшері: 2 кг. 918 гр. немесе осы мөлшердегі құны.
    3. Мейіздің уәжіп болған мөлшері: 2 кг. 918 гр. немесе осы мөлшердегі құны.
    4. Құрманың уәжіп болған мөлшері: 2 кг. 918 гр. немесе осы мөлшердегі құны.
    Бұған да шамасы жетпейтін кісілер фидия беруге міндеттелмейді. Ал кей күндері ораза ұстауға шамасы жеткен адам сол күндері ораза ұстап, қалған ұстамаған күндерінің қазасын шамасы келген күндері өтейді. Бұларға фидия өтемі рұқсат емес. Ал енді бұл адамдардың кейбірі жаз мезгілінде күннің ыстық болуына байланысты ораза ұстауға шамасы келмесе, қыс мезгілінде жазғы оразаның қазасын өтейді.
    Сұрақ: Ораза кезінде тамырға немесе денеге ине (укол) егу оразаны бұзады ма?
    Жауап: Егер ине егу арқылы адамның бойына жіберілетін дәрі-дәрмектің құрамында дәрумендер болып немесе ол дәрі-дәрмек азық орнына пайдаланып, адам ағзасына қуат беретін болса болмайды. Мұндай дәрі-дәрмекті ауызды ашқаннан кейін пайдалану керек. Ал енді ем үшін салынатын дәрі-дәрмектің құрамында дәрумен болмаса және ол адам ағзасына қуат бермесе, ол асқазанға табиғи жолмен түспегені үшін оразаны бұзбайды. Бірақ, мүмкін болса ауыз ашар уақытына дейін кешіктірген абзал.
    Сұрақ: Көзге дәрі тамызу оразаны бұзады ма?
    Жауап: Көзге дәрі тамызу оразаны бұзбайды. Себебі көз бен ішкі қуыстың (тамақ) арасында байланыс жоқ.
    Сұрақ: Құлақ пен мұрынға дәрі тамызу оразаны бұзады ма?
    Жауап: Құлақ пен мұрынға дәрі тамызу оразаны бұзады. Өйткені екеуінің ішкі қуыспен (тамақпен) байланысы бар. Яғни дәрінің тамаққа өтіп кету қаупі бар.
    Сұрақ: Асқазанды тексеру үшін медициналық құралды пайдалану (зонд жұту), оразаны бұзады ма?
    Жауап: Егер ішке кіретін тарапы құрғақ болса ораза бұзылмайды, ал егер ішке кіретін жағына мазь не болмаса сол секілді заттар жағылса, ораза бұзылады.
    Сұрақ: Вагиналды ультра дыбысты зерттеу (УЗИ) оразаны бұзады ма?
    Жауап: Вагиналды УДЗ құрғақтай қолданса ораза бұзылмайды. Ал егер оған мазь не болмаса сол секілді сұйықтық жақса, ораза бұзылады.
    Сұрақ: Жыныстық қатынас оразаны бұзады ма?
    Жауап: Ия, бұзады. Себебі Имам Муслимның жинағында Әбу Хурайрадан жеткен хадисте ораза кезінде әйелімен жыныстық қатынас құрған кісі Пайғамбарға (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) осы жайында хабар бергенде, Пайғамбарымыз (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) ол кісіге сол күннің каффаратын өтеуге бұйырған.
    Сұрақ: Беттен сүю оразаны бұзады ма?
    Жауап: Беттен сүю негізі оразаны бұзбайды. Бірақ, беттен шахуаттанып сүюдің салдарынан  жыныстық мүшеден мәни бөлініп кетсе ораза бұзылады.
    Сұрақ: Жүніп (ғұсылсыз) адамға ораза ұстауға бола ма?
    Жауап: Ораза дұрыс болу үшін ғұсыл шарт емес. Сол үшін адам ұйқысынан жүніп болып оянып, таң намазына дейін ғұсыл құйынып үлгере алмаса, оразаға ниет етеді де, алдымен аузын бекітеді. Кейіннен, таң намазын оқу үшін ғұсыл құйынуы керек.
    Сұрақ: Ораза ұстаған адам күндіз ұйықтап ихтилам болса (ұйықтағанда түс көріп, сұйықтық бөліну) оразасы бұзылады ма?
    Жауап: Ұйықтап қалып ихтилам болған адамның оразасы бұзылмайды.
    Сұрақ: Ораза ұстаған әйелдің хайыз (етеккірі) келсе не істейді?
    Жауап: Сол сәтте оразасы бұзылады да, хайызынан тазарған соң оразасын жалғастыра береді. Ораза айы біткен соң, хайыз кезінде қаза болған күндерін өтейді.
    Сұрақ: Рамазан кезінде әйел кісі хайызынан таң намазына дейін тазарса не істейді?
    Жауап: Егер әйел кісі Рамазан айында хайызынан таң намазының уақыты кіргенге дейін тазарса, ораза ұстау міндет болып, оразаға ниет қылып оразасын ұстап, сосын ғұсылын құйынады.
    Сұрақ: Рамазан кезінде әйел кісі хайызынан таң намазы кіргеннен кейін тазарса не істейді?
    Жауап: Рамазан айында әйел кісі хайызынан таң намазы кіргеннен кейін тазарса, ораза ұстамайды, алайда, Рамазанның құрметі үшін әрі айналасындағы ауыз бекіткен адамдарға құрмет ретінде ас ішпегені абзал. Ас ішкеннің өзінде де, бірақ рамазаннан кейін сол күннің қазасын өтейді.
    Сұрақ: Хайызды кешіктіру үшін әдейі дәрі ішкен әйел оразасының үкімі қандай?
    Жауап: Егер әйел кісі хайызын кешіктіру үшін дәрі ішіп хайызы келмей ораза ұстаса оразасы дұрыс болып есептеледі. Алайда, бұл әрекеті ағзасына зиян келтірмейтіндігіне сенімді болуы керек. Егерде денсаулығына зиян келтіруі мүмкін деген күмән болса, бұлай жасамағаны абзал.
    Сұрақ: Салқындау үшін өзен көлдерге жүзу немесе моншаға шомылу оразаны бұзады ма?
    Жауап: Егер аузы мен мұрнына су кіруден сақтанса бұзылмайды. Бірақ оразаның ләззатын сезіну үшін шомылмаған абзал.
    Сұрақ: Ораза кезінде мисуак пен тіс пастасын пайдалану оразаны бұза ма?
    Жауап: Тіс пастасы мен мисуакты пайдалану оразаны бұзбайды. Тіс пастасын пайдаланғанда тамаққа пастаның кетіп қалуынан сақ болуы керек. Бірақ екеуін де зәуал уақытынан (күннің тас төбеге келуі) кейін пайдалану мәкруһ.
    Сұрақ: Түкірік пен қақырықты жұту оразаны бұза ма?
    Жауап: Түкірік пен қақырық оразаны бұзбайды.
    Сұрақ: Астың дәмін көру оразаны бұза ма?
    Жауап: Егер тамаққа ас кетіп жұтынбаса бұзбайды.

    қатысты посттар

    Бүгін мың айдан да қайырлы Қадір түні болуы мүмкін

    Фариза

    “Аяқ-қолымды темір орындыққа байлап, ағзамызға түсініксіз затты енгізді…” – Қытайда “қайта тәрбиелеуден” өткен әйел

    “Қой жүнінің әрбір тал қылшығына да сауап жазылады” Құрбан шалу туралы не білуіміз керек?

    Фариза

    Пікір қалдыру

    1 × three =

    * Используя эту форму, вы соглашаетесь с хранением и обработкой ваших данных на этом веб-сайте.