11 C
Алматы
Жұма, 29 Наурыз 2024
  • Қазақ тілі
  • Русский
  • English
  • Мәдениет және шоу-бизнес

    “Абай атамыз көрген қиындықты, Мұхамеджан Тазабеков ағамыз да көріп жатыр”

    Қазақ айтысы қазір өз биігінде ме? Суырыпсалма ақындардың оған көңілі тола ма? Танымал айтыскер ақын Сырым Әуезхан шоу мен хайп қуған қазақтың төл өнері, айтыстағы феномендер мен “төңкеріс жасағандар” туралы ойымен бөлісті. “Асыл арна” телеарнасындағы қызметін айтыспен қатар алып жүрген ақынның халықтың рухани дамуына да үлес қосып жүрген жайы бар. Stan.kz тілшісіне берген сұхбатта Сырым алдын-ала келісілген айтыстар,  Жүрсін Ерманмен қарым-қатынасы және “Абай мен Шәкәрім сияқты қиындық көріп жүрген” Тазабеков туралы әңгімеледі.

    «Асыл арна» телеарнасында журналист-редактор болып қызмет атқарып жүрген Сырым Әуезхан арнаның жастар арасындағы сұранысын қанағаттардыру үшін тың, жаңашыл бағыттағы  жобалар жасап жүр. Отбасылық рухани танымдық бағдарлама болғандықтан көрермен жасында шектеу болмауы үшін аянбай еңбек етіп жүрген айтыскер ақынға айтыстан кейін неге бірден асыл арнаға келдіңіз деп сұрағанымызда:

    – Мен айтыстан кейін келген жоқпын. Қазір айтыспен бірге алып жүрмін. Қазақ халқына бір салада жүретін адам керек емес деп ойлаймын. Сондықтан нағыз азамат тек танылудың қамытымен емес, өз үлесін, еңбегін бере алатын барлық салада жұмыс істегені дұрыс. Қолымнан келгенінше жан-жақты салада өзімді сынап көргім келеді. Мемлекеттің мемлекет болуы жеке тұлғалардың өз күшін сарып етуінен болатын дүние, – дейді ақын.

    – Айтыстан біраз уақыт көрінбей кеттіңіз. Бұл үзілістің себебі не? 

    – Бірінішден, бізде айтысқа үлкен маңыздылықпен қарамайды. Ақынның және оның шығармашылығының қиындығына ешкім назар аудармайды. Ақын деген сахнаға шығып, суырып салып айтып кете беретін сияқты болып көрінеді. Шындығында қазіргі тенденцияға айналған, қызыға қарайтын UFC-ден кем өнер емес. Сондықтан айтысқа бей-берекет қарауға болмайды. Сондықтан әр айтысқа қатыса бермеудің өзі халыққа деген құрмет деп есептеймін. Әр ақынның бабы мен шығатын уақыты болады.

    Екінші мәселе, мен айтыстан алыстап кеткен жоқпын. Жылына 4-5 рет шығып отырдым. Бірақ эфирге шығу-шықпауы, халыққа жету-жетпеуі бар. Мен қатысқан айтыстардың кейбірі елге жетпеуі мүмкін. Сондықтан менің шығармашылығыма толық жетпеген адамдар мені айтыстан қалыс қалып жатыр деп ойлауы мүмкін.

    Бірақ шақырған жерлерге барып, қолымнан келгенше өзімнің өнерімді көрсетіп, сөзім жеткен жерге дейін елге жақсы сөз айтуға тырысып жүрмін.

    – Жүрсін ағаңыз бір сұхбатында: “Сырым да бөлініп жүр” деген еді. Әлде Жүрсін аға сіздің қабілетіңізді жетік бағаламады ма?

    – Жүрсін ағаммен арамыз жақсы. Айтыскерлер жеке тұлға ретінде шақырған жерге бару-бармауды өзіміз шешеміз. Белгілі бір топтан бөлініп кететіндей үлкен кәсіптің емес, өнердің ортасына жүрміз. Кезінде “Нұр Отан” ұйымдастырған айтыстарға келісіп қатыстық. Соған қатысқан айтыскерлер Жүрсіннен бөлінген сияқты болып қалды. Мен ол айтыскерлердің ішінде болдым. Өйткені шақырған жерден қалған емеспіз. Бірақ айтысты ұйымдастырушы үлкен ағаларымыздың арасындағы түсініспеушілік кезінде біздің де атымыз аталғаны рас. Ал жеке алдынан қарсы шығып Жүрсін ағаның айтысына қатыспаймын деген сөз болмаған.

    – Ағалар арасындағы дау деп қай ағаларды айтып тұрсыз? Жүрсін ағаға қарсы тарапты ма?

    – Жүрсін ағаға қарсы тарап деген болмаған. Жүрсін аға жүргізбеген айтыстар бар. Мемлекеттің, “Нұр Отанның” қолдауымен өтіп жүрген айтыстарға қатыстым.

    – Қазіргі айтысқа көзқарасыңыз?

    – Айтыскер ақын ретінде қазіргі айтысқа көңілім толады деп айта алмаймын. Бәлкім біз әлі айтысқа баға беретін жасқа жетпеген шығармыз. Алайда өзім бала кезден 89-жылдан бергі айтыстарды көріп келе жатқан тыңдарман ретінде, айтысқа әбден сіңген азамат ретінде пікір айтып көрейін. Мен 80-90 жылдардағы айтысты аңсаймын.

    – Неге?

    – Біріншіден, қазіргі кезеңге қарағанда шынайылық бар еді. Ол кезде аса үлкен жүлде тігілген жоқ және сахна үлкен саяси ойындарға араласқан жоқ. Көрермендер деңгейі шынайы әрі жоғары болды.

    Әсия, Әселхан апаларымыз, Есенқұл ағаларымыз сынды айтыскерлер жол салып берді. Бертін келе ол айтыс дамып, Мұхамеджан Тазабек сияқты тұлға шықты. Бұл кісі айтыстың үлкен феномені. Айтысты поэтикалық деңгейге көтерген, әдебиетті айтысқа алып келген ақын десе де болады. Оразалы Досбосыновтың стилі бөлек болды. Айтыстың фольклорлық жағын дамытып, елде кесдеспейтін теңеулерді айтатын. Бекарыс Шойбеков ағамыз “киллер” деген атын алды. Бокстың стилі сияқты айтыстың таза шаппа-шап стилін көрсетті. Аманжол ағамыздың өзінің сал-серілігі, сән салтанаты, көркемділігі сыпайылығы және Мэльс Қосымбайдың төкпелеуі жеке мектеп болды.

    Қазірдің өзінде айтыспен бірге тұлғалық өмірін қарасақ та олар жеке тұлға ретінде өз орындарын қалыптастырған. Мысалы, Арқаны еске алғанда Аманжол ағаның есімі бірден тілге оралады.

    Одан кейінгі өз жаңалықтарымен келген буын өкілдері: Балғынбек Имашев, Ринат Заитов, Айбек Қалиев, Бауыржан Қалиолла, Рүстем Қайыртай. Ал соңғы буындардың ішіндегі ең мықтылары – Мұхтар Ниязов, Еркебұлан Қайназар, Жандарбек Бұлғақов, Қайнар Алагөзов, т.б. ақындар жетерлік.

    Алайда қазіргі айтыс майдаланып кеткен сияқты. Өйткені, қазіргі ақындардан сол заманғы ақындар сияқты мықтыларды сирек кездестіресіз. Айтыста керемет сөз табуы мүмкін, бірақ керемет ой табуы екіталай. Көп жағдайда  қоғамдағы жағдайды журналистер қалай айтса, ақындар да солай айтатындай болып көрінеді. Қазір телевивзия саласындағы әртүрлі шоу көбейгендіктен, көрермендердің де талғамы өзгеріп кетті.

    Тек Қазақстанда ғана емес, елдің жеңіл дүниеге әуестілігі үлкен мәселеге айналып отыр. Жалаңаш, шешінген қыздарға деген, сөзінде еш мағына жоқ әндерге деген құмарлық жастардың арасында белең алды. Ол айтысқа да әсер етпей қоймайды. Сондықтан олардың айтысқа қоятын талабы көркемдіктен гөрі шоу, үлкен бір даналық сөзден көрі әзілді жақсы көріп тұрады.

    Қазіргі ақындардың қиындығы – миы нешетүрлі ақпаратпен уланған көрерменге ол қалап отырған шоудың форматында дұрыс ақпаратты жеткізе білу. Қазір бүкіл нәрсе радикалды болып жатыр. Қазір радикализм дегенді тек қана дінге қатысты қолданатын болдық қой. Негізінде бүкіл нәрсенің радикализмі бар. Мысалы, Еуропаға еліктейтіндердің өзі радикалды түрде еліктейді. Ол оған керек па, керек емес пе, жақсы ма, жаман ба – қызық емес, тек толыққанды Еуропа болғысы келеді. Бірақ өзіндік сұрыптау жоқ.

    Яғни, кез келген бағытта шектен шығушылар көп. Айтыс таза қалпын сақтап, барлық әдеби нормаларға сай болу керек дегенді берік ұстанатын, айтыс шоу болу керек дегенге қатып қалатын, айтыс саяси сахна болу керек дегенді тудай желбіретіп жүрген көрермендер бар. Ендеше, қазіргі ақындар қилы пікірдегі халықтың бәрінің жүрегіне жететін, барлығын ұйыстыратын сөзді замануи форматта айта алуы керек. Біз соған енді келетін шығармыз.

    Халыққа өтетін, елдің жүрегіне сіңетін форматта дұрыс ойды жеткізе алу керек.

    – Алдын-ала келісіп алатын айтыстарға көзқарасыңыз?

    – Ақындар айтыстың сәтті шығуы үшін, халыққа шоу керек болған соң, кейде сондай қадамдарға баратын шығар. Қалай болғанда да қиын өнер. Ол өзгеге жаздыртып алып шығып отырған жоқ. Өз сөзін жазып алып отыр.  Өте шебер суырып салу үшін белгілі бір деңгейде айтысты алдын ала стратегиялық түрде көре білу керек. Мысалы, Сүйінбай Қатағанмен айтысатынын жарты жыл бұрын білген. Яғни, ішінен ой түйіп, барлық жағдайды өлшеп, қарсыластың қандай қадам жасайтынын, аналитикалық түрде болжауға мүмкіндік болған.

    – Сіз жақсы көретін үш ақын мен кемшіліктерін байқап жүрген үш ақын туралы 

    – Мұхамеджан Тазабек, Бекарыс Шойбек, Балғынбек Имашев.Тізімді соза беруге болды, бірақ нақты тоқталатын осы кісілер. Неге екенін айта өтейін.

    Мұхамеджан Тазабекті ғалым Тұрсынбек Кәкіш «50 жылда бір туатын ақын» деп атаған. Айтыс өнеріне үлкен төңкеріс алып келген ақын. Өйткені ол кісіге дейін мұндай стильмен айтысатын ешкім болмаған. Оны Қадір Мырза әлі, Фариза Оңғарсынова сияқты ақындар мен Тұрсынбек Кәкішев сияқты бір туар азаматтар мойындаған.

    Бекарыс ағам бұл деңгейден бір саты да төмен емес. Бұл кісінің төмен дәрежеде өнер көрсеткен айтысы жоқ. Суырыпсалмалығы мен ақындық қуаты жыл санап еселенуде. Бірақ Мұхамеджан ағаның үлкен ауқымдылығы, әкелген жаңалығы, оның тұлғалық деңгейі биігірек сияқты көрінеді. Өйткені, қазіргі кезде ол кісі қазақтың бір үлкен қайраткеріне айналды деп айтсақ болады. Сондықтан екінші орынға Бекарыс ағаны қойып отырмын.

    Екеуінен де жасы кіші болғандықтан үшінші орынға Балғынбек ағаны қойып отырмыз. Бірақ ол кісілерден өнері кем емес. Бұл кісінің ерекшілігі қай дәуірде болса да айтыстың сол кезеңіндегі шарттарына жауап беріп, заманның көшінен қалмай, көркемдігі жоғары деңгейде айтысады.

    Сондай-ақ осы үш ақынның сөзі емес, айтар ойы ерекше. Сөзді бүкіл ақын табады. Бірақ ойды әр ақын таба бермейді.

    – Көңіліңіз толмайтын үш ақын ше?

    – Жауап бермеуге бола ма?

    – Мүмкіндігінше айтып көріңіз

    – Бірінші Сырым Әуезхан. Шындығында мен өзімнің көп кемшілігімді білемін. Екіншісіне де, үшіншісіне де өзімді қоямын (күліп). Негізінде өте қиын сұрақ қойып отырсыз. Айтыс – қиын өнер. Оны мойындамаймын деп айтуға болмайды. Қарсыластың ақындығын мойындамай, менсінбей отыру – ол сенің жеңілісің. Сондықтан, кімнің ішінде қандай талант жатқанын дөп басып айту қиын.

    – Жоғарыда байқап қалдым, Тазабековке деген көзқарасыңыз бөлек. Мұхамеджан Тазабеков сіз үшін кім? 

    – Әуелі айтыскер ақын ретінде үлгі тұтатын ағам. Оның айтыс тарихын зерттейтін болсаңыз, 18-19 жасында қазақ айтысына төңкеріс алып келген. Сол жасында орта аға буынның айтар сөзін айтып кеткен. Жиырма бес жасында, нағыз дүркіреп тұрған кезінде айтысты доғарды. Былай қарасаңыз, атақ қуған, жүлде соңындағы адам болса, 25-інде айтысты қоймайтын еді. Одан да өзін елге пайдалы болсам деп, сол мақсатты орындады.

    Одан кейін “Асыл арнаны” ашты. Жоқтан бар жасап, негізін қалау оңай шаруа емес. Әлбетте ол жолда қателеспеді емес. Қателіктерін өзге айтатын адамдар жетеді. Оған бас ауыртпай-ақ қояын. Бірақ сол жолда қателессе де, сүрінсе де бүкіл қиындықтарға шыдап өтіп, бүкіл елді руханиятпен сусындатып отырған арнаны сүйретіп келе жатыр. Бұл – үлкен қайраткерлік, тұлғалық. Кезінде Алаш зиялылары сондай болған деп ойлаймын. Өйткені сол заманда Қазақ мемлекеті құрылуы екіталай заманда олар газет ашты. Мұхамеджан аға да үйінде тып-тыныш отыра берсе де болатын еді. Бірақ бұл кісі өзінің заманында өзін құрбан етіп, уақытын отбасының аузынан жырып беріп, халықты ізгілендіру жолында жүр.

    – Соңғы болған дауға байланысты желіде жазба қалдырған екенсіз. Постыңызда Тазабековты Абай, Шәкірімдердің деңгейіне теліп жазған болып көріндіңіз…

    – Постымда «Тазабеков Абай деңгейіне жетті, Шәкәрім болып кетті» деген бір ауыз жоқ. Бұған бола Сырым Мұхамеджанды Абайдан артық қойды деуде қандай мағына бар?

    Менің айтқым келгені, Мұхамеджан ағамыздың Абай деңгейіне жете ме, жетпей ме – ол кісі өмірден өткенде ғана белгілі болады. Адамның толық өмір сүріп болғаннан кейін ғана жақсы-жаманы білінеді. Бірақ Абай аталарымыз көрген қиындықты, өзінің замандастары көрсеткен сынақты біздің Тазабеков ағамыз да көріп жатыр деп айтқаным рас. Бұл жерде Абай деңгейіне жетті деген сөз емес. Адамның бір қателігіне бола оның бұған дейінгі жақсылығын, бұдан кейін істеуі мүмкін жақсылығын шетке ысырып қоя саламыз.

    Ағамыз сол кезде эмоцияға беріліп, асырып жіберген шығар. Бірақ бұл жерде түпкі ойы дұрыс болатын болса, қалған қателігін өткізіп жіберу керек деп ойлаймын. Елді бұзуға емес, түзеуге шақырып, қазақты араздыққа емес, бірлікке шақырып жатқан, халыққа жақсы сөз айтып жүрген адамды, басқа қандастары қолдау керек шығар деп ойлаймын.

    қатысты посттар

    Әйгілі отбасылық жұп ажырасуға шешім қабылдады

    “Менің Жанарға ренішім жоқ…” – Нұржан Керменбаев

    Енді тойханаларды казинолар сияқты құрту керек

    Фариза

    Пікір қалдыру

    5 × one =

    * Используя эту форму, вы соглашаетесь с хранением и обработкой ваших данных на этом веб-сайте.