9 C
Алматы
Жұма, 19 Сәуір 2024
  • Қазақ тілі
  • Русский
  • English
  • Билік және саясат

    “Назарбаев өмір бойы басқарады” Президенттің баспасөз хатшысы даулы жарлыққа түсінік берді

    Қазақстан президентінің баспасөз хатшысы Берік Уәли Қасым-Жомарт Тоқаевтың бүгін елдегі кейбір ақпараттық сайттарда жарияланған жарлығына түсінік берді, деп хабарлайды Qazweek.kz ақпарат агенттігі Азаттық радиосына сілтеме жасап.

    21 қазан күні Қазақстандағы қайсыбір сайттарда президенттің “кейбір актілерге өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы”жарлығы жарияланып, соңынан алынып тасталды. Президент Тоқаев биылғы 9 қазанда қол қойған жарлық сол күннен бастап күшіне енген. Жарлыққа сәйкес президенттің елдегі кейбір министрлер мен облыс әкімдерін бұрынғы президент, Қауіпсіздік кеңесінің төрағасы Нұрсұлтан Назарбаевтың қуаттауымен тағайындайтыны айтылған. Президенттіктен кетер алдында Қауіпсіздік кеңесін өмір бойы басқару құзіретіне ие болған Назарбаев келісімімен тағайындалатын лауазымның қатарында бас прокурор, ҰҚК төрағасы, ұлттық банк төрағасы, кейбір министрлер, облыс әкімдері, республикалық маңызы бар қалалар мен астана әкімі, президентке бағынатын және есеп беретін орган басшылары бар.

    Осы жарлық жайлы Facebook желісіндегі парақшасында түсінік берген президенттің баспасөз хатшысы Берік Уәлидің айтуынша, жарлыққа былтыр қабылданған Қауіпсіздік кеңесі туралы жаңа заңның ережелеріне сәйкес қол қойылған. Лауазымды тұлғаларды тағайындаудағы келісім тәртібі президенттің барлық кадрлық мәселелер бойынша өз бетінше шешім қабылдауына кедергі келтірмейді деп түсіндіреді президенттің баспасөз хатшысы.

    Қазақстанды 30 жылдай басқарып, биыл президенттіктен кеткен Нұрсұлтан Назарбаев 2018 жылдың шілде айында қабылданып, өзі қол қойған Қауіпсіздік кеңесі туралы заңның негізінде осы кеңесті өмір бойы басқару құқығына ие болған. Бұл заң сол кезде Конституциялық кеңесте де қаралып, “заңға сәйкес” деп танылған.

    Қасым-Жомарт Тоқаев 2019 жылдың 9 маусымында өткен кезектен тыс президент сайлауында ресми мәлімет бойынша 70 пайыздан астам дауыспен президент болып сайланған. Алайда бұл сайлауды ЕҚЫҰ “негізгі бостандықтар” шектеліп, “сыни пікір айтқандар” қысымға ұшырады деп бағалады. ЕҚЫҰ 4 қазанда жариялаған қорытынды есебінде Қазақстанның орталық сайлау комиссиясының сайтында сайлау кезіндегі хаттамаларды жариялауға шақырды.

    Сайлау қалай өткеніне қарамастан Қазақстан қоғамында “қос билік” туралы айтыла бастаған. Бұрынғы президент Нұрсұлтан Назарбаев таяуда “Хабар” ресми телеарнасына берген сұхбатында осы туралы сұраққа да жауап берген. “Мұндай өсекті Қазақстанда тұрақтылық болғанын қалмайтындар айтады. Біздің қашқындар, отанын сатқандар халықтың тыныштығын бұзғысы келеді. Қос билік бар деуге ешқандай негіз жоқ” деген Назарбаев. Ол осы сұхбатында президент Тоқаевтың өзімен ақылдасатынын, ондайда “өз тәжірибесінен кеңес беретінін” айтқан.

    қатысты посттар

    Қордайдағы оқиғадан қаза болған Дархан Әбдірахым отбасының жалғыз ұлы болған

    Фариза

    Бір қабір – бар әлемнің қасіретіне айналмасын! 3-дүниежүзілік соғыс басталып кетті ме?

    Фариза

    Қасым Жомарт Тоқаевтың үндеуі қаншада көрсетілетіні белгілі болды

    Фариза

    Пікір қалдыру

    5 + sixteen =

    * Используя эту форму, вы соглашаетесь с хранением и обработкой ваших данных на этом веб-сайте.