15 C
Алматы
Сенбі, 20 Сәуір 2024
  • Қазақ тілі
  • Русский
  • English
  • Аймақтар

    Шалғайдағы Қызтоған ауылында үш отбасына үй берілді

    Жуалы ауданына қарасты ең шалғайда орналасқан округтердің бірі Қошқарата ауылдық округі екені белгілі. Осыдан біраз жылдар бұрын басталған урбанизация үдерісі округтің тұрғындарының санын біршама кемітіп жібергені белгілі. Аталған ауылдық округке қарасты Қызтоған ауылындағы жағдай да осыған саяды. Мұнда соңғы жылдары халық саны азайып барады. Алайда, ауылда бос тұрған үйлер де баршылық. Аталған ауылдық округтегі 264 аулада қазір 1605 тұрғын бар. Биылдан бастап аудан басшылығы алыс ауылдардағы бос тұрған үйлерге көпбалалы отбасыларды көшіру жұмыстарын қолға алып отыр. Өткен Елорда күні мерекесіне орай Қызтоған ауылында үш отбасына үй берілді. Бұл жұмыстар «Б.Момышұлы атындағы қоғамдық қорына» аударылған демеушілердің қаржысымен жүзеге асырылып отыр. Үйлі болған отбасылардың қатарында Нұрлыгүл Есімбекованың да отбасы бар. Жалғызбасты ана осыған дейін Диқан ауылында тұрып келген. «Үйі жоқтың күйі жоқ» демекші, төрт баласы бар ананың өз үйі болмағандықтан тұрмыс жағдайы да жақсы болмаған сияқты. Ол Қошқарата ауылдық округінен үйлі болғанына қуанышты. – Өзім жалғызбасты ана болғандықтан төрт баланы бағып-қағу да оңай емес. Осыған дейін Диқан ауылында, аудан орталығында пәтер жалдап жүрдік. Көп қиыншылықтарды бастан кешірдік. Алыс ауыл болса да осы ауылдан өз алдымызға жеке үй берген аудан басшылығына алғысымды білдіремін. Балаларым енді осындағы мектепке барады. Өзіме де жұмыс табылып қалатын шығар. Құшақ жайып қарсы алып жатқан ауыл халқына ерекше рақметімді айтқым келеді дейді Нұрлыгүл Есімбекова. Ауыл тұрғындарының қуанышын бөлісуге аудан әкімінің орынбасарлары Асхат Жабағы, Ербол Жаңабаев, аудандық әкімдіктің ішкі саясат және тұрғын-үй коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшылары Марат Нарымбеков, Ерболат Сейітбеков арнайы барды. Алғашқы сөз аудан әкімінің орынбасары Ербол Жаңабаев беріліп, ол бұл игілікті шараның елдегі жүргізіліп жатқан әлеуметтік қамқорлық аясында жүзеге асырылып отырғанын баса айтты. Одан кейін сөз сөйлеген ауылдық ардагерлер кеңесінің төрағасы, ауыл имамы Нұрмахан Таңатаров ауылға отбасылардың көшіп келіп жатқанын жақсылыққа балап, ауылдық округте тұрақтылық пен ынтымақ болуына тілектестік білдірді. Айта кету керек, осында қоныс аударған отбасыларға ауылдық мешіт жамағатының және кәсіпкерлердің қолдауымен бір-бір қойдан, екі кілемнен, сонымен бірге азық-түліктей көмек көрсетілді. Ауылдық округтің әкімі Жәнібек Мырзалиев ауылға алдағы уақытта да көшіп келуге ниет білдірген отбасыларға қолдау шаралары көрсетіле беретінін айтады. Жалпы, бүгінгі таңда Жуалыдағы жақсы үрдіс көпке үлгі болып, Жамбыл облысының Меркі, Талас секілді аудандарында кең көлемде жалғасын табуда. Осыған дейін Шу ауданының Балуан Шолақ ауылында тұратын 6- балалы отбасына жеке кәсіпкер Сағадат Мадалиевтің жеке тұрғын-үйді сиға тартқандығы жүрекке жылу ұялатып отыр.

    қатысты посттар

    Қызылордада Кеңес Одағының Батыры Жәлел Қизатов есімі ұлықталды

    Фариза

    МЕДИАТОРЛАРДЫҢ БІЛІМ-БІЛІКТІЛІГІН АРТТЫРУ – УАҚЫТ ТАЛАБЫ

    Фариза

    Сұрат ауылында жаңа дәрігерлік амбулатория ашылды

    Фариза

    Пікір қалдыру

    11 + nineteen =

    * Используя эту форму, вы соглашаетесь с хранением и обработкой ваших данных на этом веб-сайте.